Тоқтардың ісі «тоқтады»

1701_8Шымкенттік сыра королі Тоқтар Төлешовке қатысты іске нүкте қойылды. Осы уақытқа дейін елдің назарында болған жәйттің қым-қиғаш тұстары жетерлік. Көптің көкейінде көп сауал туындатқан шулы оқиғаға қатысты қылмыстық іс 300 томды құраған. Дәл осыған дейін жалпақ жұртқа «жұмбақ бейне» болып келген Т. Төлешовтың көп сыры мәлім болды. Тек елімізде ғана емес, өзге елдерде де «өзіндік қолтаңбасын» қалдырған атышулы кәсіпкердің қандай іске мұрын тыққаны ұсталғаннан кейін ғана айтыла бастады.

 

Қылмыс…
Бір басына қаншама айып тағылған Тоқтар Төлешов 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімен бас айыпталушының мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң режимді колонияда өтейтін болды. Атағы алысқа кеткен кәсіпкерге Қылмыстық кодекстің 15 бабы бойынша айып тағылды. Тағылған айып атан түйеге жүк боларлықтай. Кәсіпкер биылғы жылдың басында дәлірегі 30 қаңтарда Ішкі істер министрлігінің Астанадан жіберген полицейлері мен арнайы жасақ арқылы операция барысында ұсталған еді. Сол шақта бас күдiктi мен оның сыбайластарынан қару, есірткі және белгілі бір әдебиеттер тәркіленген-тін. Тергеу барысы ұзаққа созылды. Оған тергеу жүргізілген уақыттан бергі 5 айдан соң, яғни маусым айында ҰҚК Төлешов пен оның сыбайластары елдегі билікті күшпен басып алуға дайындық жасағаны туралы хабарлаған болатын. Тек бұл ғана емес атышулы кәсіпкер өз кәсібіне қатысты емес басқа істермен де айналысқаны белгілі болды. Ең бастысы «Братский круг» трансұлттық қылмыстық қауымдастығымен әрдайым байланыста болып, оның серкелеріне қаржылай қолдау көрсетіп отырған. Төлешов ұсталғаннан кейін де оның шетелдік «әріптестерінің» ұлардай шулағаны да осындай себептен. Бостандықта жүргенінде-ақ ол туралы «аңызға» бергісіз әңгімелер айтылатын. Оққағарсыз бір адым аттап бас-пайтын Төлешов жанына жан жолатпайтыны, «жабық адам» болғаны, оның байлығы туралы алып қашпа әңгімелердің дені от болмаса түтіннің де болмайтынын растап бергендей. Тергеу нәтижесі соның басым бөлігінің шындық екенін дәлелдеп берді. Соның бірі кәсіпкердің 90 — нан астам арнайы дайындықтан өткен жауынгері болғаны. Оның қол астындағы қылмыстық тобы адамдарды ұрлап, азаптағаны, кейіннен бақилық қылғаны белгілі болып отыр. Бұдан бөлек, Атырауда «жер митингісіне» қатысты өтіп жатқан сотта Төлешов аталған шеруді өзі қаржыландырғанын толық мойындады. Том-томға жүк болған қылмыстық іске қатысты сот отырысы Астана қаласында 14 қыркүйекте басталған-тын. Сот процесіне 16 қорғаушы, 25 күдікті, 104 куәгер, 17 жәбірленуші қатысты.

 

… және ЖАЗА

«Өзінің қартайған шағында патша тектес өмір сүруді қалаған ол ҚР екінші дәрежелі банктерінің және «Братский круг» басшыларының алдында көп мөлшерде қарызға батқан. Сол жиналған қарыздың мөлшері 200 миллион долларға жеткен. Осы кезде Төлешовтің ойына елдегі билікті күшпен тартып алу жоспары пайда болған. Ол үшін елдегі жағдайды тұрақсыз еткісі келген. Осы мақсатта ол Қырғызстанда 2005-2010 жылдар аралығында болған оқиғаларды зерттеген, қажетті материалдар мен куәліктерді жинастырған, тіпті Қырғызстанға да барған… Төлешов батыс өңірінде наразы топтар бар деп есептеген, ойынша, бұл топтарды өз мүддесіне пайдалану қолайлы болған, ал наразылыққа себеп ретінде әлеуметтік-экономикалық және басқа да мәселелерді қарастырған. Айдап салу акциялары мен жаппай тәртіпсіздіктермен қатар ол қазіргі билікке ультиматум қойып, өзін вице-президент етіп сайлауды талап еткісі келген, ал кейін ел басқарғысы келген. Ал дайындық барысы өткен жылы басталған. Төлешовтің айналасындағылардың ішінде куәгерлер бар, олар осылай айтып отыр… Тек сыра зауыты ғана емес, одан басқа құрамына шыны зауыты, Оңтүстік Қазақстан аграрлық одағы, «Шымкент Пикчерс» киностудиясы және тағы да бірқатар компания кіретін «Дархан» ірі холдингінің қожайыны әрі жетекшісі болған. Бұл холдингтің филиалдары мен кәсіпорындары Ресейде, Қырғызстанда және Тәжікстанда бар», — деді ҰҚК өкілі Руслан Қарасаев

… Сот үкімін оқыған судья Ербол Ахметжанов: «Құрмет» ордені мен шенінен айыру, заңсыз қылмыстық жолмен тапқан мүлкін тәркілеу, өмір бойы қоғамдық немесе коммерциялық ұйымдарды басқару қызметін атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын» деді. Тоқтар Төлешовтің ұлы Төлеген Төлешов те сотта жауапқа тартылып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды… Осы іс бойынша лауазымды бірнеше адамға, оның ішінде бас прокурордың бұрынғы орынбасары Ілияс Бақтыбаевқа үкім шықты. Сотталушының «қылмыстық жоспарларын қолдады» деп айыпталған ол 7 жыл мерзімге кесілді. Полковник Бекзат Жұмин пара алды деген күдікпен кінәлі деп танылып 4 жылға, ОҚО ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Хибратулла Досқалиев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Барлығы да жазаларын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады…

 

«Кәмпеске» тізімі…

Атақты кәсіпкер сондай-ақ коллекционер де болып шықты. Қымбат бағалы картиналар мен «ғарыштық бағадағы» көліктер жинаумен әуестенген. Енді дүние-мүлкі «кәмпеске» деген таңба ұрылып, тәркіленетін болды. Атап айтқанда бір түйе, екі аруана мен 30 бас жылқы тәркіленді. Жылқылардың басым бөлігі асылтұқымды. Сондай-ақ, бір-екі ғана көлік емес атшаптырым алаңға автокөліктер паркін құрған. Өзіне тиесілі қымбат бағалы Mitsubishi, Toyota Land Cruiser, Bentley, Chevrolet, BMW, Mercedes, Porsche Cayenne, Toyota Camry, Volkswagen Passat, Infiniti, Rolls-Royce және Lexus маркалы автолөліктері тәркілеу тізіміне енді. Одан бөлек 2 тұрғын үй мен 10-ға жуық жеке үй, жер телімдері, 180-нен астам алтын әшекейлер мемлекет пайдасына өндірілді.

Бақытнұр Айымбет

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *