Тілім деп тер төккен

 

Қабыл Тұрарұлы

Қабыл Тұрарұлы

Қазақтың тілі ең бай, ең көркем әрі ең жасампаз. Біз үшін барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілі – қазақ тілі руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып табылады. Қазақстан Республикасының негізгі халқының тілі болып табылатын қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың басты парызымыз. Елбасымыздың ана тіліне көрсеткен қолдауы еліміздегі қазақ тіліне деген көзқарастың түбегейлі өзгеруіне, көп жылдар бойы сөгілмей жатқан сеңнің қозғалуына зор септігін тигізді.

Оңтүстік өңірінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген адамдардың бірі де бірегейі — Қабыл Тұрарұлы Дүйсенби десек қателеспеген болар едік.
«Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірімізде де ұлттың тегеуренді тетігі болуға тиіс», — деген Елбасымыздың аталы сөзін жадында ұстанған Қабыл Дүйсенби ширек ғасыр уақыт тіл саласында тер төгіп келеді. Ол қай қызметте жүрсе де, алдымен сол мекемедегі орыс тілдес, яғни, «шала қазақтарға», өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуды, оның қадір-қасиетін айтып, үйретуден бастағаны жайынан хабардар боласың. Оған дәлел биылғы жылдың жемісті жаңалығы ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының тумасы Қабыл Тұрарұлының «Тілім — тірегім» кітабының тұсаукесері бүгінгі күнде өзі жұмыс істеп жүрген Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ғимаратында тұсаукесер рәсімінің өткені.
Кітапқа автордың 1990 жылдан бүгінгі күнге дейінгі мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту, оқытып-үйрету, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу және ономастика, терминология салаларындағы өзекті мәселелер жөнінде жазған еңбектері мен баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларының бірсыпырасы енгізілген.
Жарияланған мақалалар мен еңбектерде «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» және «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» (жер-су, елді мекен, мектеп, көше атауларына қатысты) Заңдарын іске асыру барысында қол жеткізген жетістіктер туралы айтылып қана қоймай, сонымен бірге, орын алған кемшіліктер ашып көрсетіліп және оларды жоюдың тиімді жолдары мен тетіктері де ұсынылып отырған.
Бұл кітапта азаматтарға қазақ тілін тегін оқыту, кәсіпорын, мекемелерде мемлекеттік тілде құжат әзірлеу және елді мекендерге тарихи аттарын қайтарып беру, көшелердегі көрнекі ақпарат жазуларын ретке келтіру жолында өзінің жаңа әрі тиімді әдіс-тәсілдері баяндалған.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, күнделікті қолданатын тілге айналдыру бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болғандықтан, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпазы, облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Тұрарұлының «Тілім — тірегім» кітабы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жолында қызмет етіп жүрген мамандар мен туған тіл тағдыры қызықтыратын көпшілік қауым үшін қажетті дүние, дайын әдістемелік құрал.
Өткен жылы Тілдер мерекесінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің №1-266 Өкімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, облысымыздағы білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің қазақ және орыс тілді басылымдарда насихатталу белсенділігін арттыру аясында байқау жарияланған болатын. Тілмен тамырлас болып кеткен Қабыл Тұрарұлы байқауға қатысып, мемлекеттік тілді бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап, өткір, өзекті мәселелер көтергені үшін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауы аясында ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Менімше, Қабыл Дүйсенби марапат үшін емес, «Тілі өлген халықтың өзі де өледі», — деген қанатты сөздің буымен бұрқасынып, қазақ тілі деңгейі кез-келген мекеме, басқармада, мектеп, балабақшада, тіпті, отбасында дұрыс қолданыста болуы үшін аянбай еңбек етіп жүргені даусыз.

Айтқали Садықов

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *