Тіл үйретіп, салт-дәстүрді насихаттайтын орталық

Тіл мəселесіне келгенде халқымыз ұзақ жылдар бойы тұншығып келгені аян. Еліміз тəуелсіздікке қол жеткізгеннен бері ана тіліміз өзіне лайық орынға ие бола бастады, мемлекеттік мəртебе алды. 1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы қабылданды. Тілдер туралы заңды орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 

4 тендерБіз енді еліміздің ана тілін ардақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды жеткізе білсек, нұр үстіне нұр емес пе?
Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс.
«Ана тілі — жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі»,- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.
Тіл — ұлттың жаны. Ал, ұлттың болашағы — оның ана тілі. Тіл — халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек ғана байлық емес, сонымен қатар, ана тіліміздің болашағы» деген болатын.
Елбасының тілге қатысты саясатын қолдау мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан қалалық тілдерді оқыту орталығы ашылды. Орталық бүгінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның маңызы мен мәртебесін көтеру, үш тілді жетік меңгерген жастарды ынталандыру, мемлекеттік қызметші-лердің, ірі, орта, шағын кәсіпорын-дардың іс жүргізушілері мен кадр мамандарының сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі байқау, семинарлар өткізіп тұрады. Үстіміздегі жылдың өткен айында ғана аталмыш орталық Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бірлесе отырып «Тілдерді оқытудың әдістемесі: жаңа бағыттар мен тың тәсілдер» біліктілікті арттыру семинарын өткізді. Семинарға білім саласының (балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары) мамандары, ғалымдары, жекеменшік тілдерді оқыту орталықтары мен кәсіпорындардың тілге жауапты мамандары шақырылды. Мұнан соң көркемсөздің қас шебері Оралхан Бөкей атындағы Көркемсөз оқу шеберлерінің XVIII байқауын ұйымдастырып өткізді. Міне, осы бір ғана айдың ішінде атқарылған іс-шаралардың барлығы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, халық арасынан талантты жастарды іздеп табу және жастардың көркемсөз оқу өнеріне деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін болары сөзсіз. Бұл іс-шараның барлығы туған тілдің абыройын асқақтату. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт -санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш әрі ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жия бастаған бұл күндері осындай ойға қонбайтын, солақай сорақыларды көзбен көріп, қолмен ұстай отырып, қазақ тілі мәселесі жөнінде толғанбай тұра алмаймыз.

Айтқали Садықов

«Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту, салт-дәстүрді және өнерді насихаттау орталығының» мекенжайы: Шымкент қаласы, Гагарин көшесі, 122-үй, телефоны: 8 (7252) 31-86-77, 31-83-38

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *