Тесттен құласа аға-көке іздейді

11Оңтүстік Қазақстан облысында 628 мемлекеттік қызметкердің орны бос тұр. Оның тең жартысына жуығы жергілікті атқарушы биліктің еншісінде. Бұл туралы облыс орталығында  өткен «Ашық есік күнінде» айтылды. Шараға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма, департамент өкілдері қатысып, мекемелердегі бос орындар тізімін ұсынды.

Жиынға аудан қалалардан қолында дипломы бола тұра, жұмысқа орналаса алмай жүрген екі мыңға жуық адам қатысқан. «Мақсат – халық пен билік арасын жақындата отырып, Ұлт жоспары «100 нақты қадамда» айтылған мемлекеттік кәсіби аппарат құру», — дейді шараны ұйымдастырушылар. Ал жастар тіпті шалғай елді мекендерге барып, жұмыс істеуге де ниетті екендіктерін жеткізді. Алғашқы қызығушылықтары басым болғанымен салаға жұмысқа тұрудың тәртібінен бейхабар олар мол мәлімет алды. Облыс орталығынан басталған шараға қатысушыларға әр аудан-қала өздеріндегі бос лауазым орындарын жариялап, қажетті маманға қойлатын талапты мәлімдеді. Шенеуніктердің өміріне қызығатын азаматтар қолдарына папка ұстап, билік өкілі атанғысы-ақ келеді. Солардың бірі – Абай Батай. 21 жастаға жігіт болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстыруды ойлайды. Өңірдегі «алтын қор» кадр резервінің құрамына да енген. Ол бұл салада құжаттың машақаты көптігін жақсы біледі. Әрі жалақының аздығына да көз жұма қарауға дайын.
Абай Батай секілді мыңдаған азамат қатысқан шараның негізгі мақсаты мемлекеттік қызметтегі бос орындарды жариялап қана қою емес. Оған қалай -қол жеткізуге болатынын тәтпіштеп түсіндіру. Айта өтейік, бұған дейін бос орындар туралы мәлімет аз болған, жұмысқа тұру мүлдем жұмбақ болатын. Енді мемлекеттік қызмет саласына енгізілген жаңа реформаның аясында оның барлығы ашықтылыққа көшіп отыр. Яғни, мемлекеттік қызметке қалай келудің жолдары, конкурстан өтудің амалдары айтылады. Сондай-ақ, конкурстан өткен жастардың еңбек жолын қалай бастау керектігі де үйретіледі. Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін кеңінен түсіндіру ашық есік күні шарасы облыста алғаш ұйымдастырылып отыр.

Оңтүстікте маман тапшы

Жауаптылардың айтуынша, облыста маман тапшылығы бар. Әсіресе, облыс орталығы Шымкент қаласында жергілікті мемлекеттік органдарда 300-ге жуық маманнық орны бос тұр. Оның орнын толтыру үшін ашық конкурс өткізіледі. Конкурсқа қоғамдық кеңес өкілдері мен кез-келген азамат қатысып сарапшы бола алады. Бұл дегеніңіз, әкімдікте жұмыс істеу үшін аға-көкені іздеудің қажеті жоқтығын білдіреді. Білікті жас жұмысқа тұру алдын «шапка» немесе «таныс пен шанс» іздемей, білімін арттырып, біліктілігін жетілдірсе болғаны. Өйткені, болашақ жас маманға қойлатын талап осыған саяды. Елін сүйген жүрек, кез-келген азаматпен ашық сөйлесе алады. Ал, патриот жас, еңбек еткен әкімдікке қарасты қарашаның қамын ойлайды. Бүгінгі талап осы.
Облыстағы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің өкілдері соңғы уақытта мемлекеттік қызметке деген сұраныстың артқанын айтады. Конкурсқа қатысушылардың пайыздық өлшемі де өскен. Мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі қазіргі қабылданған мемлекеттік қызмет заңы бойынша реттеледі. Ол жерде бірнеше сатылы жүйе бар. Конкурстық жүйенің өзі үш сатылы баспалдақтан тұрады. Осы баспалдақ негізінде төменгі лауазымнан бастап, жоғары лауазымға дейін конкурстық жүйеде негізделіп, қызметке тартылады. Алдымен ҚР Заңнамасын білу тестінен, және жеке басын дәрежелейтін тестілеу жүйесін тапсыру үміткерге оңай соқпайды. Өкінішке қарай, көбінесе жоғары оқу орындарын бітірген жастарымыз осы тестілеу жүйесінен өте алмайды. Яғни, теориялық даму жүйесі өз деңгейінде емес. Осы олқылықтың орнын жою үшін департамент және облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Яғни, тестілеуді үйрететін аймақтық оқыту орталығын ашқан. Осы мекеменің базасында үміткерлер қайта оқытылып, тестке жіберіледі. Десе де, жас маман өзі оқыған жоғары оқу орнынан болашақ мамандығының қыр-сырын меңгеріп келуі шарт. Яғни, маман даярлайтын барлық оқу орындары арнайы оқыту жүйесін қолға алуы тиіс. Жан-жақты дайындалып, сапалы білім алған шәкірті мемлекеттік қызметке орналасса, алдымен сол оқу орнының абыройы боламақ.

Кадр тапшылығы – әлеуметтік құбылыс

Биылдан бастап мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа жүйесі енгізілгені белгілі. Тестілеу ережесі де өзгерді. Жыл басынан мемлекеттік қызметке кіру тек конкурс негізінде жүзеге асырылуда. Конкурстың бірінші кезеңінде мемлекеттік органның қызметшілері арасындағы ішкі конкурс өтеді. Сонымен қатар, ішкі конкурстан жеңімпаздар анықталмаған жағдайда барлық мемлекеттік органдар арасында ішкі конкурс ұйымдастырылады. Бұл ретте де лайықты азамат табылмаса, онда барлық мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі заңнамаларды білуге арналған тестілеуді тапсырмай-ақ, «Б» корпусының бос немесе уақытша бос лауазымына конкурсқа қатыса алады.
Иә, үш жыл бұрын мемлекеттік қызметшілер аттестация тапсыратын. Қазір ол мемлекеттік қызметкерлердің еңбегін бағалау жүйесімен алмастырылды. Яғни, мемлекеттік қызметкердің жұмысын сол мекеменің басшысы бағалайды. Егер екі жылда оң баға алып жүрсе, ол аттестацияға қатыспайды. Ал, екі жыл ішінде оның жұмысы теріс бағаланса, аттестация тапсыруға жіберіледі. Демек, бұл жерде мемлекеттік қызметшіге тағы бір мүмкіндік беріледі деген сөз. Ал, аттестациядан өтпеген жағдайда, маман жұмыстан кетуге мәжбүр болады.
— Өңірде кадр тапшылығының орын алуы — әлеуметтік құбылыс дейді жауаптылар. 628 бос лауазым орны 3 миллионға жуық адамы бар Оңтүстік Қазақстан облысы үшін бұл өте төмен көрсеткіш. Осындай түсіндірме, насихат жұмыстарының нәтижесінде ол олқылықтың орнын толтыруға болады. Сондықтан да барлық аудан-қала әкімдіктерінде дәл осындай ашық есік күндері өткізіліп, мемлекеттік қызметтің міндеті түсіндіріледі. Сонда ғана, шенеуніктерге деген қоғамдық көз қарас өзгеріп, мемлекеттік қызметтік абыройы артады.

11 Абай БатайАбай БАТАЙ, «Алтын қор» кадр резервінің мүшесі:

— Мемлекеттік қызметке белсенді жастарды тарту мақсатында осы жәрмеңке ұйымдастырылды. ЖОО түлектері үшін бұл шара өте маңызды. Себебі мемлекет тарапынан мұндай қолдау, жәрдем әр күні бола бермейді. Және де біз үшін «Алтын қор» кадрлар резервінің мүшелеріне де маңызды. Аталған іс-шарада негізінен мемлекеттік қызметтің жай-күйі, тәртібі түсіндірілді. Яғни, халыққа қызмет көрсету оңай шаруа еместігі сөз болды.

 

 

 

 

11 Берік БекжановБерік Бекжанов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің ОҚО бойынша департамент басшысы:

— Ашық есік күні облыс әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің ОҚО бойынша департаментінің бірлескен іс-шарасы. Өңірде бос тұрған 628 мемлекеттік қызмет лауазым иесін табу. Осы лауазымдарға үміткер азаматтарға насихат жұмысын жүргізу, әсіресе, жастарға түсіндіру. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің абыройлы екендігін, Елбасы саясатын жүргізу мақсатындағы қызмет екенін түсіндіру болып табылады. Ал, мемлекеттік қызметке келген жастардың аяқ алысына тоқталатын болсақ, көңіл көншітетін статистика айта алмаймыз. Өйткені, жастар қолданыстағы Заңнан бейхабар. Сол себепті де тесттен сүрініп жатады. Сүрінгені қайта дайындалып келудің орнына аға-көке іздейді. Бірақ, жаңадан қабылданған мемлекеттік қызмет туралы Заң ешқандай аға-көкеге бағынбайды. Себебі қандай да бір мемлекеттік қызметке тұру төменгі лауазымнан бастап, жоғары лауазымға дейін ашық конкурс аясында өткізіледі.

Ардақ Жақсылықова

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *