Теріскейдегі әлеуметтік нысандар қатары толықты

лого

Теріскейдің экономикалық өсуіне едәуір үлес қосып отырған — «Қазатомпром» АҚ  бүгінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайын көтеріп отыр. Әрі өндіріс орындары орналасқан аймақты көркейтіп, әлеуметтік нысандармен толықтырған болатын. Әр ауылда заманауи талаптарға сай аурухана, балабақша, мәдени-спорт кешендері бой көтеріп, халықтың қажетіне жарап тұрған. Енді сол нысандардың барлығы мемлекеттің меншігіне беріліп, қарашаға қолжетімділігін арттырды. Жағымды жаңалықты ести сала, теріскейге жол тарттық. 

vlcsnap-2015-11-24-17h25m44s18Мыңжылқы мен Келіншек таудың етегінде орналасқан Таукентте жеті мыңнан аса тұрғын бар. Олардың 90 пайызы «Қазатомпром» АҚ-на қарасты өндіріс орындарында қызмет етеді. Ауылда жұмыссыздық мәселесі шешілген. Бұл жөнінде кент әкімі Марат Оспанов айтты. Таукентте аурухана, балабақша, екі мектеп пен мәдени-спорттық кешен бар. Нысандардың барлығы «Қазатомпром-Демеу» өндіріс орнына тиесілі болып келген. Жұмысшылары үшін бар жағдайды жасаған уран өндірушілер елдімекенді көштен кейін қалдырмаған. Заманауи үлгіде жабдықталған балабақшадан бастап, қонақүйге дейін мемлекеттің меншігіне беріпті.
Сапар барысында шағын болса да, тиянақты әрі таза кентті жаяу араладық. Бірінші болып, «Тау самалы» қонақүйіне бас сұқтық. Бұған дейін «Қазатомпром-Демеу» өндіріс орнына тиесілі болып келген қонақжай үш қабатты. Әр бөлме заманауи үлгіде жабдықталған. Мемлекеттің меншігіне берілсе де, түнеп шығу құны өзгермепті. Қонақүйде көп емес, 5-6 ғана адам қызмет етеді. Қысы-жазы кентке келуші қонақтарды ұялмай қарсы алуға қауқары да жетеді. Нысанның меңгерушісі меншік өзгергенімен, келушілерге көрсетілетін қызмет сол күйі қалғанын айтады. Әрі келуші қатар үзілмейді. «Тау самалы» қонақ үйіне түнеп шығу ақысы – 7-15 мың теңге аралығында екен. Әр бөлмесін жеке-жеке таныстырудан жалықпаған кент басшысы қызметкерлердің қысқармайтынын жеткізді. Бес жұлдызды қонақ үй болмаса да, кентте қонақжайдың болғанын мақтан тұтты.
Мемлекеттің меншігіне берілген екінші нысан – екі ғимараттан тұратын «Таукент – гүлдер» бақшасы. Бірі 280 балаға арналса, екіншісінде 140 бүлдіршін тәрбиеленеді. Байқағанымыз, мұнда балдырғандарға үш тілде білім беріледі екен. Әсіресе, ана тіліне аса назар аударылған. Әрбір бөлме баланың танымын арттыратын құрылғылармен жабдықталған. Өндіріс орны мультимедиалық жабдықтарды да көптеп қойып берген. Өзге бақшалармен салыстырғанда тәлім-тәжірибесінің тыңғылықты екені бірден байқалады. Жеткен жетістіктеріне байланысты тоқсан сайын сыйақы алатын тәрбиешілер өзгерістен қорықпайтындарын айтады. Қайта мемлекеттік қызметкер атанғандарына қуанышты. 1 қарашадан бастап мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып қайта құрылған бөбекжайға Қарлығаш Жамиева меңгеруші болып тағайындалыпты. Мектепке дейінгі шағын орталықты басқаратын ол меншік өзгергелі қызметкерлерінің саны артқанын айтты. Бұрын мұнда 101 қызметкер еңбек еткен. Енді таукенттік балдырғандарды 126 маман тәрбиелейтін болады.

Қарлығаш Жамиева

Қарлығаш Жамиева, «Таукент-гүлдер» балабақшасының меңгерушісі

– Біз бұрын да білім министрлігінің қаулысымен жұмыс істегенбіз.  Балабақша 2007 жылы ашылған болатын. Ол кезде 160 баланы мектепке дейінгі орталықпен қамтыдық. Одан кейін халықтың сұранысы бойынша екінші ғимаратты ашып берді. Қызметкерлер осы жергілікті жалақымен теңестірілген айлық алатын. Қазір де сол айлықтар қалды. Қысқармады. Оның барлығын білім бөлімінің экономистері есептеп шығарды.

Таукентте  үш қабатты мәдени-спорт кешені бар. Оны жергілікті тұрғындар «КСК» деп атайды. Мұнда кент тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануы үшін барлық жағдай жасалған. Жиырмаға жуық үйірме жұмыс істейді. Кешке дейін жасөспірімдер спортпен шұғылданса, кешкі сағат жетіден кейін ересектер келіп жаттығады. Бұл нысан да «Демеу-Таукент» кәсіпорнының меншігінде болып келген. Барлық қызметкерлер өндіріс орнынан арнайы жалақы алып, жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қызмет еткен. Бұл мемлекетке берілген үшінші әлеуметтік нысан. Мұнда футбол, дзю-до, еркін күрес пен волейболға қатты көңіл бөлінеді. Бір емес, бірнеше жаттықтырушылары да бар. Оған соңғы үлгіде жабдықталған фитнес клубын тағы қосыңыз. Айтпақшы, бокс залдары да бар. Әрбір қатысушыға жеке-жеке жаттықтырушы берілген. Тек ауыл ересектері үшін бір жетекші қарастырылған. Меншігі өзгерсе де, жұмыс істеу кестесі бәз баяғы қалпында сақталған кешенде қызметкерлер қысқарыпты. Қолында дипломы жоқ жаттықтырушылар жұмыстан босатылған. Бюджеттік мекеме болғандықтан, талап жоғары болды, – дейді мұндағылар. Ал орнында қалғандар, біліктілігін арттыру курстарынан өтуге міндеттелген.

vlcsnap-2015-11-24-17h26m54s229Мұндай өзгеріс, мәдени бөлімінде де орын алған. Қызметкерлер іріктеліп, біліктілері ғана орнында қалған. Домбыра, би, сурет, қолөнері, драма, вокал үйірмелеріне келетін жеткіншектерге жетекшілік ету екінің біріне бұйырмапты. Домбыра үйірмесінің жетекшісі Гүлзира Алтынбекованың айтуынша, бұрын жағдай жақсы болған. Тоқсан сайын сыйақы алып, жалақылары уақытылы беріліп тұрған. Енді мемлекеттің меншігіне өткелі үрей пайда болғанын жасырмайды. Бірінші «жұмысынан айрылып қалам ба?» деп қорқыпты. Орнында қалған соң, жалақысы үшін алаңдаған. Бірақ, басшылар бірде-бір тиынның қысқармайтынын айтып қуантыпты. Есесіне, тоқсандық сыйақы келмеске кеткенін жасырмайды. Десе де, мемлекеттік қызметкер атанғанына дән риза.

Марат Оспанов

Марат Оспанов, Таукент кентінің әкімі:

– Бюджетке өту мәселесі өте орынды, дер кезінде қолға алынған игі шара деп ойлаймын. Бұрын «Қазатомпром» АҚ-на қараған есебінен халыққа үлкен айырмашылықпен қызмет көрсеткен. Әсіресе, аурухана мәселесі күрделі еді. Адамдардың ол жерге көріну мәселесі қиындау еді. Енді ол бюджетке өткеннен кейін оң шешімін табады. Ал одан бөлек, бюджетке өткен мекемелерге халықтың қолжетімділігі артты. Кент тұрғындарына ешқандай проблема жоқ. Бізде балабақша кезегі деген атымен жоқ. Бірақ, бақшада артық орындар көп. Бұл дегеніңіз ауылда туу көрсеткіші төмен. Айта кетерлігі, жастар да жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық өз шешімін тапқан.

Әлеуметтік нысандар өзіне қараған кент әкімінің қуанышында шек жоқ. Халықтың қолжетімділігі артты деп отыр. Яғни, кез-келген жан емін-еркін кіріп шығатын болды деп шынын айтты. Ендігі міндеті нысандардың төлқұжатын ауыстырып, ресми іс-шаралар өткізу. Оларды күтіп ұстау үшін, бюджеттен қаржы бөлгізу. Бұл мәселеге келгенде, бізде бір сауал туды. Мемлекетке берілген нысандарды кім, қалай тексеріп алды? – «Өндіріс орны басшылары облыс әкімдерімен келісті. Аудан басшылығымен келісімшартқа қол қойысты. Шешім шыққан соң, әрбір нысан жіті тексеріліп, тарту еш комиссиясыз қабылданды. Себебі, олардың барлығы жұмыс істеп тұр. Тоқырап тұрған нысан емес, сондықтан да тартуды жылдам қабылдап алдық» – дейді Таукенттің әкімі Марат Оспанов. Алдағы бес жылда күрделі жөндеуді қажет етпейді, өздеріңіз көріп тұрғандай су жаңа ғимараттар деп қосты. Тек күтіп ұстасақ болғаны, – дейді.
Ал, осыдан екі жыл бұрын бой көтерген аурухана ғана жергілікті әкімдікке өтіп үлгермепті. Құжаттарын рәсімдеу созбалыққа салып кеткен. Себебін әкімнің өзі де айта алмады. Тек жоғары жаққа сілтеумен құтылды. Бірақ, «дәл осы емхана бірінші болып, өтуі керек еді» деген тілегін айтып қалды. Сөзіне қарағанда, түсінбеушілік осы салада көптеп туындауда екен. Ашып айтпаса да, халықты алалап қабылдайтынын сездік. Ем іздеп келген ауылдықтарға бірден көмек көрсетіле де қоймайтын көрінеді. Ал ресми емес мәліметтерге сүйенсек, емхананы жеке кәсіпкер сатып алғысы келіп отырған көрінеді. Оның қаншалықты рас екенін уақыт көрсетеді.
«Қазатомпром» АҚ-ы бұдан өзге ақылы автотұрақтары мен тазалық мекемесін мемлекеттің меншігіне беріп отыр. Қыземшек пен Таукент елдімекеніндегі жылу мекемесі де бюджеттен қаржыландыратын болып келісіліпті. Кенттегі аурухана мен мәдениет үйлері де жергілікті әкімдікке берілген. Осылайша, әлеуметтік нысандар толық жабдығымен аудан әкімдігіне өтіпті.

Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *