Теңгенің сыйақысы өседі

4 кпоилкаМәжілістің кезектен тыс сай­лау­ын өткізу уақы­­ты белгіленген күн­нің ертеңінде Ұлттық банк төр­­­аға­сы Данияр Ақышев бас­пасөз-кон­ференциясын өткізді. Жас төраға халық­тың көкейіндегі сауалдардың шет жағасынан хабардар болса керек, әңгімесінің төркінін алтын-валюта резерві мен Ұлттық қордың қаржысын сақтап қалудан бастады. Төрағаның айтуынша, Ұлттық банк қиналғанда демеу болар осы екі қоржынның «мұрты бұзылса да, мұрны бұзыл­мау­ына» мүдделі. Бұл үшін валю­талық интервенцияны азайтқан.

Өткен жылдың желтоқсан айында Ұлт­тық банк нарыққа 851 млн АҚШ доллар­ын сатты. «Теңгенің құны күрт төмендеп, ауыт­қу шегі ұлғайған кезде ғана бағамды рет­теу­ге қатыстық» деген Данияр Ақышев Ұлт­тық банктің валюта нарығындағы негізгі ойын­шыға айналмағанын айтады. Сәйкесінше, теңге бағамының қай бағытта өзгеретінін анық­тамаған. Ақышевтің айтқанынан бір білгеніміз, ұлттық валютаны еркі­не жіберу жалғаса береді. Бас банктің валюта нарығына қатысу үлесі желтоқсан айында – 18%-ды құрады. Бұл 2015 жылдың тамыз айынан бері есептегенде ең төменгі деңгей. Демек, Ұлттық қордың қаржысын отқа жағу азая береді. Бас банкирдің сөзіне сенсек, таяу уақытта теңгенің долларға шаққандағы бағамы айтар­лықтай өзгермейді. Өйткені, ең нашар деген сценарийлердің бәрі орындалып қойды. 2015 жылдың соңында Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 28,1 млрд АҚШ долларын, ал Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, еліміздің халықаралық резервтері 91,6 млрд АҚШ долларын құрады. Мысал үшін, 2007 жылдың соңында ғаламдық қаржы дағдарысының алдында еліміздің жалпы резервтері 38,6 млрд АҚШ доллары болды.

4 АкишевДанияр Ақышев,
ҚР Ұлттық банк төрағасы:
— Валюта нарығындағы айырбас­тау пункттерінің үлесі 15%-ды құрайды. Сон­дықтан да, валюта бағамына әсер етпейді. Елдегі айырбастау пункттерінің үштен бірі – банкке тиесілі емес. Банкке тиесілі және банкке тиесілі емес айырбастау пункттерінің жұмыс тәртібі заңнамада көрсетілген. Алайда, айырбастау пункттеріндегі қолма-қол теңге айналымына қатысты шешілмеген мәселелер бар. Біздің міндет — «көлеңкелі» операциялардың болуына жол бермеу, айыр­бастау пункттерінің ашықтығын арт­тыру. Ал, банкке тиесілі емес айырбас­тау пункттерін жабуға қатысты сұрақтар қара­лып жатқан жоқ.

Қызметіне келгеніне жарты жыл толмаған төрағаның жария еткен тағы бірнеше жаңа­лы­ғы бар. Негізгісі, осы жылдың 1 ақпаны­нан бастап теңге депозиттерінің сыйақы мөл­­шер­лемелерінің шегі — 14%-ға артады. Ал, шетел валю­тасындағы депо­зиттеріне сый­ақы шегі – 2%-ға төмен­дейді. Бүгінде депо­зит­тердің дол­ларға өту деңгейі 69%-ды құрайды. Сон­дықтан да, теңге депозиттерінің сыйақы мөлшерлемелерін өсіріп, шетел валютасындағы депо­зиттердің өсімін азайту туралы шешім қабылданды. Қазір ұлттық валютада ашылған депозиттердің ең жоғары сыйақы мөлшер­лемелері 10%-бен шектелсе, шетел валютасында 3% болып отыр. Бас банкирдің айтуынша, шетел валютасындағы депо­зи­ттерге шектеу енгізу жос­парланбаған.
Еске салатын тағы бір жайт, 1 ақпан­нан бастап ақша айырбастау пункт­тер­­­індегі валютаны сату және сатып алу айырмасы 2 тең­геден 6 теңгеге дей­­ін ұлғаяды. Данияр Ақышев мұның «тех­никалық шара» екенін айтты. Оның есептеуінше, бұл шара валюта бағамының өзгерісіне әкелмейді.

Өткен жылы қазақтандық медиада жиі айтылған сөздердің бірі — валюталық интервенция ұғымы болды. Жұртшылық «Ұлттық банк жүргізген валюталық интервенцияның мөлшері «n-ші сомаға жетті» деген сипаттағы ақпарларды оқыды, көрді, естіп, білді. Сонымен, мемлекеттің ақша-несие саясатындағы негізгі шаралардың қатарына жататын валюталық интервенция дегеніміз не? Осыған тоқталсақ.
Валюталық интервенция – ұлттық валюта бағамына әсер ету. Яғни, біздің жағдайымызда теңгенің шетел валюталарына шаққандағы айырбас бағамын реттеу. Валюталық интервенцияны Ұлттық банк жүзеге асырады. Валюталық интервенцияны шетелдік валютаны ірі мөлшерде сату немесе сатып алу арқылы жүргізеді. Егер биржада валютаға деген сұраныс артып, құны өсіп бара жатса, онда бас реттеуші шетел валютасын саудаға шығару арқылы теңге бағамын реттейді. Ал, керісінше болса, онда сол шетелдік валютаны жаппай сатып алу арқылы сұранысты молайтады. Өткен жылдың тамыз айында Ұлттық банк теңге бағамын реттеуден бас тартқаннан кейін ұлттық валютаның құны күрт төмендеп шыға келді. Ұлттық банк оған дейін теңге бағамын интервенция жолымен ұстап келген еді. Бірақ, бұдан Ұлттық қордың қабырғасы опырылып бара жатқан соң, валюта нарығына араласуын доғарып, ара-тұра теңге бағамы аса қатты құнсыздана бастағанда кірігіп отырды.

Дайындаған — Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *