Тауық жылына болжам

Жылнамадағы Тауықтың өзге жылдардан ерекшеліктері баршылық. Шығыс жылнамасында бұл жылды «отты Қораз» деп те атайды. Күйгелек, ашушаң, сотқар, бәлеқорлық қасиеті бар Қораздың  жақсы қырлары да жетерлік. Айталық, ұқыптылығы, жомарттығы және алғырлығы да басым. Қазақша жыл санау есебіндегі Тауық жылының жеке өмір, мансап, қаржылық тұрғыдағы жағдайларына әсер ету болжамдарына назар салып көрелік.

ТЫШҚАН
Түрлі сынақтар мен толқуларды бастан кешетін жыл. Үзіліссіз жұмыс істегенде ғана, жеке өмірде, қызмет бабында жағымды өзгерістер күтіп тұр. Дегенмен, тышқан жылы туғандар қандай қиын жағдай болмасын тығырықтан шығар жолды табады. Отбасының бірлік-берекесінің алға жылжуда маңызды екенін біле жүріңіз. Арман-мақсатқа жетуде күш-қуаттың керегі анық. Кейбір әрекеттерін ақылға салмаса, қомақты қаржы көзден ұшады, уақыт та текке кетеді.

 

СИЫР
Еңбекқор және сабырлы болғандықтан Тауық жылы сәттілік алып келеді. Бұл жылда өмірге келгендер мансабын нөлден бастап, қаржылық жағдайын дұрыстап, алдына қойған мақсатына ерінбей жететін жандар. Сол себепті, жыл табысты болмақ. Жаңа таныстар, іскерлік байланыстар жеке өміріне жылы леп беріп, биік белестерге көтереді. Алайда, отбасындағы қиындықтар біршама шаршатуы мүмкін. Балаларға көңіл бөліп, туыс-бауырдың жағдайын білу, үйге қажетті заттар, баспана мәселесіне зер салмаса, жұмыстың берекесі болмайды.

 

БАРЫС
Ең бастысы ұрыс-керістен бойды аулақ ұстауға тырысыңыз. Кейбір эмоцияларыңызды іште ұстап, бәрін жеті өлшеп, бір кесуге тура келетін уақыт. Жаңа жобаларды жүзеге асыруға материал-дық жағдай жетеді. Себебі, биыл табыс молынан кіреді. Жаз айларында жылжымайтын мүлікке қомақты қаржы жұмсалады.

 

 

ҚОЯН
Тұрақсыздық, түрлі жағдайлар мен өзгерістер күтіп тұр. Шамадан тыс мейірімділігі және бас тарта алмайтын ерекше қасиеттерін өз пайдасына жарататындар көбейеді. Осыдан сақ болуы қажет. Мақсаттарына қол жеткізуге жыл оң қабақ танытады. Табиғатынан берілген нәзіктігі, жұмсақтығы махаббатын жолықтыруға көмектеседі. Басы бос жандар өмірлік серігін тауып, отбасын құрады. Бір айта кетерлігі, осы жылда қарыз бермеуге тырысыңыз. Кейбір алаяқтардың ісінен ақша қайтарымсыз қалуы мүмкін. Сондай-ақ, жағымдысы іскерлік сапарлардан ел-жер көріп қайту мүмкіндігіне қол жеткізуі де ықтимал.

ҰЛУ
Шыдамдылық, байыптылық, жұмсақтық секілді мінездер – 2017 жылы биік белестен көрінуге көмектеседі. Дұрыс қабылданған шешім өзін ғана емес, жақындарының да тағдырына әсер етпек. Ал, қызбалықпен қолға алған істен жүйке шаршайды, ақша жоғалады. Келер шығын ойлағаннан әлдеқайда қауіпті. Алғашқы жартыжылдықта сатып алған ірі нысан, жылжымайтын мүлік қомақты пайда әкелер капитал болып қалмақ. Бойдақтар күзге қарай мәңгі қол ұстасып өтетін сүйіктісіне сөз салады. Махаббатын адаспай табады. Ұлу жылы дүниеге келгендер әріатестерінің қолдауымен мансапта бір саты көтерілуі мүмкін.

ЖЫЛАН
Жеке кәсібін ашқандардың ісіне есеп берер күн жақындады. Нәтижелерді саралап, қателіктерді түзетудің алдағы жылда пайдасы басым. Ұжым арасында бұл жылда туғандардың беделі артады. Жаңа жылда жұмыс, мекенжай ауыс-тырып, отбасында сәбидің дүниеге келуі сынды жаңалықтарға толы болады. Бірақ, жақын адамдардың алдап-арбауынан сақтану керек.

 

ЖЫЛҚЫ
Бойындағы энергиясын жыл бойына күрделі мәселелерді шешуге жұмсайды. Айналысып жүрген хоббиі өмірін күрт өзгертуі де ғажап емес. Тек, «семіздікті қой ғана көтереді» сөз жадында болғаны абзал. Қиындықтан әрдайым достары алып шығатындықтан кейбір жағдайда алдымен шегініс жасай білу де маңызды. Кеңесші, имиджмейкер саласында қызмет ететіндер жақсы ақша табады. Ерекше жиһаздар сатып алу мүмкіндігі туады. Ең бастысы, жыл басында, денсаулықты толыққанды тексеруден өткізуді жоспарға енгізбесе соңы қауіпті ауруға жол береді.

 

ҚОЙ
Көптен армандаған жобалардың орындалуына бір-екі қадам қалды. Жаңа жыл күтпеген тосын дүниелерге толы. Тек алғашқы кездегі қиындықтарға мойымаған жөн. Сынақтан сүрінбей өткенде ғана тағдырдың ерекше сыйына қол жеткізеді. Іскерлік әріптес таңдау кезіндегі сенімді серіктестік өндіріс орнын күтпеген жетістікке жеткізеді. Ал, қылмыстың өтеуі – жаза демекші, арам істерден бойды аулақ салмаса, бар абыройдан айырылу қаупі төніп тұр.

 

МЕШІН
Қиындықтарды әжуа әзілі не күлкісімен жасырғысы келеді. Жыл жеңісі және қуанышты күндерімен таңқалдырады. Ұрыс-керістер жүйкені шаршатқанымен қаржыдан қысылмайды. Болашағы бар жобалармен жұмыс жасап, біршама белестерден өтеді. Бір істі аяқтамай екіншісіне «секіруді» ұнататын мешін жылғылардың бұл мінезінен көп таяқ жейді. Кедергі жасайтыны да осы. Мансапқа жеткізбейтіні де бар. Қажетсіз, ұсақ дүниелерге ақша шығару текке шығынға батырады.

 

ТАУЫҚ
Белестерді бағындырған сайын әрбір қызығы мен қиыншылығын ұмытпайтын жандар – осы жылы дүниеге келгендер. Жылдың алғашқы күндерінен-ақ жаңа жұмыс, мансап, сыйақы, жалақыға үстемақы алады. Жылжымалы мүлік саласында пайдаға кенеледі. Десек те, мақсатқа жетуде ашықтық пен тазалық қажет. Өсек, алдау-арбаудан сырт айналып жүруден ұтары да көп. Бауырмал болу, түсіністік отбасына тыныштығын әкеледі.

 

ИТ
Өткен жылда қол жеткізген жетістіктерді қолдап-қорғаштауда екі есе жұмыс істеуге тура келеді. Ендігісі тәжірибені шыңдап, оқып-тоқуды осы жылдың жоспарына енгізуді ұсынады. Ұжымдағы ұрыстар, қақтығыстар, түсініспеушіліктерден алыс жүріп, сабырлылық таныту керек. Табыс әкелетін бірнеше ұсыныстардан түседі. Қабылдар болса, шығармашылықтағы байқалмай жүрген бұлақ көзі ашылады.

 

ДОҢЫЗ
Ерекше махаббат сезімін бастан кешетіндердің жылы. Онда құмарту, ыстық ықылас, қызғаныш, жеккөрушілік сезімдер де болады. Шамадан тыс сезімталдық жүйкені тоздырады. Бұл жылда дүниеге келгендер шығармашылықта ғылыми-тәжірибелік дүниелерге бетбұрыс жасағаны біраз жетістікке жетелейді. Күйзелісті жағдайлардың кедергісі болмасын десе, салауатты өмір салтын ұстанған артық болмайды.

 

Дайындаған — Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *