«Төрткүл дүние – төрт мезгіл» — ақын Исраил Сапарбайдың поэзия кеші

israil-saparbaj-keshinen-4Сыршыл ақын Исраил Сапарбайдың «Төрткүл дүние – төрт мезгіл» атты поэзиялық жүздесуі өтті, күнгейде. Өрелі кешке асығып жеткенімізде театрдың фойесінен бас-тап бізді өзгеше әлем құшағына алғандай болды. Сап-сары шашылған жапырақ, ақ қайыңның қасындағы әсем қыз, көне орындықта ойға батқан ақын кейпі бұл кештің расында да өзгеше болатынын аңғартқандай еді.

Мөп-мөлдір дүние көретініміз анық болды. Сахна шымылдығы түрілгенде кештің иесі теріс қарап отырды. Тосын көрінгені рас. Көрермен алғашында «неге бұлай?» деп ойға батқаны сөзсіз. Сөйтсек мұнысы поэзия әлемінен адамзатқа бұрылғаны екен. Ә дегеннен-ақ, сырлы да мұңлы өлең атты патшалықтың қойнауына тартып әкетті. Сезім сиқыры. Сенім шырағы. Махаббаттың кереметі. Мұның барлығы да лирик ақынның өлеңдерінен құйылып жатты. Бірде бала шақтың бұлаң сәттеріне саяхат жасатса, бірде жастық шақтың өршіл рухына қанықтырды.

israil-saparbaj-keshinen-5

Әдеби шығармашылық қойылымда бірінші планға әрине поэзия шықса, екінші ән әрлеп тұрды, үшінші бимен көркемделіпті. Қара өлең әсем әннің тасасында қалып кетпей, өлең, ән, би бір-бірімен жымдасып, бір-біріне керемет үйлесіп тұрды. Әннің әрін келтіретін, көркемдігін күшейтетін бидің кереметін сезіндірді. Расында қазақ әу бастан әдемілікті ән еткен, сұлулықты сөз еткен, жарасымдылықты жаны сүйетіні тағы бар. Сахнаға аппақ аққудай қалқып сұлу ару шыға келгенде айнала жарық нұрға бөленгендей болды. Бұл поэзияның сахнадағы кейпі екен. Ақынның «періштесі» ме екен деп ойлап едік. Жоқ. Поэзия болып шықты. Ақынның сырға тұнған, мұңға толы өлеңдерін мың бұрала сахнада бимен көркемдеді. Көкірегі шерге толған кезін, буырқанып, тасқындап құйылып өлең келген сәттерін бәрі-бәрін биі арқылы беріліп отырды. Ал сап-сары киімді қыз ақынның мұңы екен…

Сахнаның көркемделуі де қарапайым. Ақынның өзі сияқты. Сезім сиқыры әсер еткендей сахнада тербетілген әткеншек. Сол әткеншекте тербетілгендей өлең де, мұң да қоса қабаттасып жатқандай. Ал поэзияның тарқатқан жібі оның да бір сахналық құпиясы бар шығар. Мұның барлығы да режиссерлік шешімнің түйіні екендігі анық.

israil-saparbaj-keshinen-6

…Үйреніп қалғанбыз. Ақынның кеші дегенде алдымен сахнаға қойылған қос орындық, онда шіреніп отырған кеш иесі мен жүргізуші елестейтіні бар. Ал Исраил ақынның поэзиялық жүздесуінде оның бірі де болған жоқ. Бұл кеш Ярославль қаласында актер мамандығын бітірген бір топ жастың біріккен жобасы екен. Өзгеше. Тың. Сонысымен де тамсандырды. Құндылықтары өзгеріңкіреп тұрған құбылмалы кезеңде «қалғып кеткен кеш өткізу» атты өнердегі өгіз аяңды бір сәт селт еткізгендей болып көрінді. Биге де, әнге айтар әңгіме жоқ.

israil-saparbaj-keshinen-1

Ал өлеңнің орны әрине ерек. Кеш иесі өз мақамымен өлең оқыса, жастық шағын жас жігіт, қиялға ерік беріп, мұңға батқан сәттерін, сары көйлекті «Мұң» қызы оқыды. Әр өлеңнен кейін орындалған әндер де сезім сиқырымен баурап алды. Лирика тұнып тұр. Ақынның әппақ әлемінен хабар бергендей. Өлеңдері жүрек лүпіліндей нәзік, сезім шырынындай тәтті, саз тылсымындай жұмбақ!

…Сезім иірімдері құйылып тұрғандай, өлең патшалығы салтанат құрды. Исраил Сапарбайдың поэзиясымен қатар, сөзіне жазылған «Ностальгия», «Айналдым», «Жүрекке жүрек тіл қатар», «Тырналар», «Ананы аңсау», «Аялашы жүрегімді», «Сағындым ғой», «Мені есіңе ал аяулым» әндері орындалды.

israil-saparbaj-keshinen

…Түйдек-түйдегімен ағытылған өлеңдерден көңіл-түймесі ағытылып жүре берген. Кейбіреулердің көзіне жас алып отырғанын байқадық. Бұл ақын шеберлігінің шыңы болса керек. Сезім пернелерін дөп басып, жүрекке жеткізе алу кез-келген ақынға бұйыра бермейтін бақ болса керек.

-О, Құдірет,
О, Өлең!
Сенсіз өмір өмір емес — жәй ғана
Құшағыңа ал, Құшырлан, Сүй, Аймала.
Қараңдаршы қандай ғажап Дүние?!
Қараңдаршы қандай ғажап айнала!!!
Жұлдыздармен Жұмақжайда жүздесіп,
Созсам қолым жететіндей Айға да!
…Қолдан келсе, Арғымақты байлама,
Арғымақтың атажұрты – айдала!!!

Өлеңге өлердей ғашық екені осыдан көрінсе керек. Әрі өлең патшалығына адал да. Осы уақытқа дейін 150-ге тарта ән жазса да «өзін сазгермін» деп санамайтынын айтыпты бір сұхбатында.

israil-saparbaj-keshinen-3

«Мен ең әуелі ақынмын. Өзімді сазгер деп санамайтыным, өйткені музыкалық сауатым жоқ. Ал драматургияға саналы түрде келдім. Өйткені өзімді сынап көргім келді, рухани тойымсыздықтан басымды тауға да, тасқа да соғамын. Менің табиғатым сондай» дейді.
Ақынның «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр бүгінде.

….«Аяқталмаса екен, аяқталмаса екен…» деген тілек те болды. Бас-аяғы бір-ақ сағатқа созылған кешке тоймай қалдық. Тұщынбай қалдық…

 

Сөз құдіретіне бас идірген кеш болды. Ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жамбыл атындағы халықаралық, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері Исраил Сапарбайдың поэзиялық жүздесуі осылай өтті.

 

«Махаббат шайырының» бір қайыруы

Көкейге түйген көп сыры бар ақынның айтқандары халқымыздың кесте бетіне төгіліп түскен өрнегіндей. Әр сөзінің астарында көп мән, көп мағына бар… Туған жерінде өткен кеші жайлы бірер сұрақ қойған едік. Енді соны ақынның өз сөзімен өрнектесек:

ҰНАҒАНЫ: «Алла Тағалам маған ән береді, өлең береді, соны халыққа жеткізу менің міндетім. Кеш туралы айтар болсам бұл қазақ өнеріндегі жаңа формат. Синтездік өнер. Алғашқы қарлығаш деуге де болар. Бастамасы жаман емес. Көпшілікке ұнады. Өте қысқа болды дегендерге айтарым, мәселе оның уақытында емес, мағынасында. Бүгінде кейбіреулер мәнсіз, мағынасыз шоулардың соңынан кетті. Көрерменді осындай мағынасы терең кештер арқылы талғамын тәрбиелеуге үлес қосу. Ол мақсатымыз қаншалықты жүзеге асты ол енді уақыттың еншісінде. Алматыда жоғары оқу орнында қаншама рет кездесу ұйымдастырылды. Сонда маған «Махаббат шайыры» деген атақ берген болатын… Мұндай сәтті сценарий бойынша қойылған алғашқы дүниемді яғни, тәтті жемісімді өзімнің Шымқаламнан бастайын деп шештім.

ҰТЫЛҒАНЫ: Уақыттан ұтылдым. Бізге 3-ақ күн уақыт берілді. Басқа сахна, оған «бауыр басу» да оңай емес. Дайындыққа уақыт жетпей қалды. Театрдың акустикасы жақсы емес. Жаңа ғимарат болғанымен әлі де жетіспейтін дүниелері көп екен. Сахнаны да қолдан келгенше безендіруге тура келді.

israil-saparbaj-keshinen-2

Түйін:

ҰТҚАНЫ: Бұрын соңды мұндай поэзиялық жүздесуге куә болмаған көрермен орындарынан тік тұрып қошемет көрсетті. «Махаббат шайырына» деген елдің ықыласы ерекше. Құшағы гүлге толды. Гүлдің орны ерек әрине, одан көрі халықтың ыстық ықыласы одан да ерек болды. Ақынның, турасы халық адамының бақыты да осы болса керек…
Бір ақпар: Бұйыртса, келер жылы мамыр айында Исраил Сапарбайдың мерейтойына арналған республикалық байқау ұйымдастырылмақ. Онда ақынның сөздеріне жазылған әндерді орындаушылар бағын сынайтын болады. Оған облыстық мәдениет басқармасы дайындықты қазірден-ақ бастап кетті.

Гүлжан ЖҰМАШ
Фотосуреттерді түсірген: Әйгерім БЕГІМБЕТ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *