Төбет – иттің төресі

Бүгінде елімізде ит таластыруды кәсіп еткендерге қатысты екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Қолдап-қуаттайтындар мен қарсы шығып жататындардың ара салмағы тең түсіп жатады. Біріншілері мұны «құрып кетудің шақ алдында тұрған қазақы төбеттерді сұрыптауға бағытталған жол» десе, жануарларды қорғау қоғамдық қорының мамандары қатігездікке балайды. Екеуінің де уәжі орынды. Бұл тақырыпқа кейінірек ораламыз. Алдымен, ит таластыруда табандылық танытып, ерекше қасиетімен көзге түсетін өзіміздің төбет жайлы сөз етсек.

Тарихи деректерге сүйенсек, төбеттердің өмір сүріп жатқан кезеңі 4 мың жылдан асады. Көшпенділер өмірінің сақшысы, қазақ халқының бастан кешкен дәуірлерінің куәгеріне айналған олар жайлы тарих беттерінде айтылған әңгіме көп. Аңызға айналғаны қаншама…

Міндетін адал атқарушы, сенімді серік бола білетін бұл жануардың басты ерекшелігі – қасқыр алатын қасиетінде. Иә, таза төбет қасқырға қаймықпай қарсы тұрады. Кезінде қазақ малшылары итаяқтың ішкі жақтауын бөрінің терісімен қаптаған екен. Бұл оның жыртқышқа деген жанкештілігін күшейте түскені анық.

Төбет – иттің төресі

Қиырды шалған қырағы күзетшінің бүгінде тұқымы жоғалар шақтың алдында тұр. Көшпелі дәуірдің көші тоқтағаннан кейін, олар да тарих беттеріне сүңгіп кеткендей болды. Адасқандай күй кешті. Ұлттық құндылықтарымыздың бірі болып саналатын, кезінде көштің көркі болған төбет тұқымының азаюы жанға батады. Дегенмен, асыл тұқымды жоғалтпау мақсатында құрылған аңшылық қауымдастық, яғни ел ағаларының төбеттердің тұқымын сақтап қалуға деген талпынысы көңілге демеу. Одан бөлек, «таза қанды төбеттің сұрыпталуына серпін береді» деген себеппен ит таластыратындар бар. Ит төбелесін кәсіп еткендердің пікірі осыған келіп саяды. Олар мұны «Ит таластыру» деп емес, «Төбеттер турнирі» деп атағанды жөн көреді екен.

Егер осы кәсіппен айналысып жүргендер төбеттің тұқымын өзге қанмен қоспай, таза қанды төбеттің жоғалмауына расымен септігін тигізсе, жөн-ақ.

«Бөрінің Тәңірісі болса, иттің иесі бар»

Жақында «Фейсбук» әлеуметтік желісінен ит төбелестіріп жүрген азаматтардың қомақты сыйлыққа ие болғанын білдік. Байқасақ, бұл кәсіпті ермек қылғандардың қатары елімізде баршылық секілді. Осы орайда аталмыш кәсіпті жанына серік еткен Дәліхан Нұрбековты әңгімеге тартқан едік.

– Дәліхан Мейманханұлы бұл кәсіппен қанша уақыттан бері айналысып келесіз?

– 10 жасымнан бастап ат пен итке құмар болдым. Әкемнің інісінде Ақтөс деген ит болатын. Соны ары-бері жетектеп жүріп, төбелестіретінбіз. Бір күні ол қасқыр алды. Осы жайттен кейін қазақтың жеті қазынасының бірі болып саналатын итке деген қызығушылығым одан бетер арта түсті. Бүгінде 6 итім бар. Олар: «Балуан», «Аю», «Қарахан», «Бойтұмар», «Байқасқа» және «Шері».

– Иттеріңіздің қандай жетістіктері бар?

– «Балуан» (52 келіде) деген итім 2013 жылы облыс, 2014 жылы «Еуразия» чемпионы атанды. Биыл Алматыдағы Ел біріншілігінде үшінші орынға ие болды. Финалға шығып тұр еді. Төрешілер әділ бағасын бермеді.

– Әділетсіздік көп болып жата ма, сонда?

– Әділетсіздік кездесіп жатады. Кейде бұрмалайды, ал бірде расымен байқамайды. Шын жеңімпазды анықтау қиынға түсетін кездер болады. Ит иелері келіспеген тұстарында, видео қайталанып көріледі. Апелляция беретін кездер де кездеседі.

– «Балуанның» арғы тегі де чемпион шығар?

– 1995 жылы Ресейдің азаматына Ленгерден «Қайтпас» деген ит сатылған. Ол өмірінде еш жеңіліс көрмей, Әлем чемпионы атанған. Кейін елге соның «немересі» сатып алынып, ол Тәжікстанның «Карина» деген ұрғашы итімен шағылыстырылады. «Балуан» сол «Қайтпастың» шөбересі. Өзіміздің нағыз қазақы төбет. «Балуанды» енді төбелеске қатыстырмаймын. Тоқтататын кезі келді. Енді одан тұқымын алып қаламыз.

– «Балуаннан» басқа иттеріңіз жайлы не айтасыз?

– Өмірде аға-іні болып араласқан марқұм Мәлік Оспаналиев деген кісі «Қайтпас» деген итті сыйға берген болатын. Сол итті екі жыл додаға қатыстырдым. Ал «Аю» соның немересі.

Алматыда жастар арасында Азия біріншілігі өтуде. Сол турнирге «Аю» (54 келіде) қатысуда. Әзірге екі айналым өтті. Жеңісті жолды жалғастырып келеміз. «Аюды» біраз белестерді бағындырады деп ойлаймын. Жалпы, мен өзге қанмен шатастырмаймын және ондай иттерді баптамаймын. Кавказдықтар біздің Орта Азиялық иттерді өз иттерімен шатастырып, бүкіл әлемге «біздің ит» деп, жар алуда. Мұны білген ресейліктер оларды додаға қатыстырмай отыр.

Бекзат СҰЛТАНОВ, мал дәрігері:

– Ең алдымен жарақат алған иттің температурасын өлшейміз. Қан көп кеткен болса, дәрі егеміз. Антибиотик саламыз. 3-4 күн бізде есепте тұрады. Осы уақыт аралығында иесімен хабарласып тұрамыз. Көбінесе олар аяқ пен құлақтан жарақат алып келеді. Егер көп қан жоғалтса, емдеу қиындау болады. Кей кездері иттің иелері өздері шақырады. Үйіне барамыз. Жарыстарға да барып жатамыз.

Жалпы, чума, интерит сынды жұқпалы ауруларды емдейміз. Ал құтырған итті емдей алмаймыз.

– Бұл кәсіпті жаныңызға не үшін серік еттіңіз?

– Қазақ итті малға ұстаған ғой. Аңшылық еткен. Ит деген иесіне өте адал болады. Кавказ иттеріне тамақ жеп жатқанда қасына жолай алмайсың. Ал біздің иттердің аузынан сүйекті жұлып аламыз ғой. Иә, төбеттер өз иесіне қатты беріледі. Мысал келтіре кетсем, Әбдірахман деген ағамызды бір күні жаңадан сатып алған иті үйден шығып кетіп, оны танымай қалып, талай бастайды. Сол кезде бұрыннан бері бағып келе жатқан иті жүгіріп келіп, дереу ажыратып алады. Міне, иттің адалдығы!

– Ит төбелестіру елімізде қаншалықты дамыған?

– ТМД бойынша біздің елдің иттері оқ бойы озық тұр. Бізден кейінгі орынға Ресей, сосын кавказдықтар ие. Ал Республикада ОҚО бірінші орында. Одан кейін Алматы. Ақтөбенің иттері де жақсы.

– Ит таластырудан түсетін табыс бар ма?

– Пайда көріп жататынымыз рас. Жарыстарда қомақты қаржы ұтатын, бәстесіп төбелестіретін кездеріміз де болады. Жалпы, иттерім мені минусқа кіргізген емес. Алайда, мен мұнымен тек табыс көзі үшін айналыспаймын. Менің хоббиім осы. Денсаулығыма да пайдалы. Күнде таңертең 10 шақырым олармен бірге жүгіремін. Өзім қаладағы №1 спорт мектебінде бокстан бапкерлік етемін.

– Қатысу үшін жарна төлейсіздер ме?

– Әрине. Әлем чемпионатына қатысу үшін 100 мың теңге, Азия біріншілігіне 60 мың теңге, ел чемпионатына 1000 доллар көлемінде жарна төлейміз.

– Ит төбелестірудің маңыздылығы неде?

– Қазақы төбет Қағанат – қазақтың мақтанышы. Елімізде оның саны бүгінде жиырмаға жетер-жетпес. Түркімендер өздерінің Ақалтекесі мен алабайын ең жоғарыға қойып қойған. Бізде де сондай болу керек. Қазіргі таңда таза төбеттерді баптауды жастар қолға алуда. Өтпелі кезеңінде басқа келеңсіз әрекеттерге ұрынбай, ит баптаумен айналысып жатқаны жөн емес пе?!

– Оларды қалай баптайсыздар?

– Спортшы баптағандай баптаймыз. Уақытылы тамағын беріп, екпе жасаймыз. Залалсыздандырып отырамыз. Жалпы, оларға көп көңілімді бөлемін. Отбасымыздың бір мүшесіне айналып кеткендей.

– Бұл кәсіппен айналысу заңға қайшы келмей ме?

– Сайыс заңды түрде өтеді. «Тазы, төбет, бөрібасар» қауымдастығы жақында ұлттық спорт түріне енейін деп жатыр. Оның басы-қасында Әбдірахман Әнуарұлы деген ағамыз жүр.

– Чемпионаттар қанша мерзімге созылады?

– 7-8 айға созылады. Дәл бүгінде облысымыздағы «Көкпарсайда» Әлем чемпионаты өтуде.

– Бас жүлдеге шетелдік қымбат автокөліктер тігілетінін естіп жатамыз. Дүние жүрген жерде пенделік жүретіні жасырын емес. Дұшпан арттырып алып жатқан кездеріңіз болмай ма?

– Жоқ, бұл – спорт қой. Дегенмен, көреалмаушылықпен сыртымнан қысыр әңгімелер жүреді. Бірақ, ол сөздерге мән бермеуге тырысамын.

– Неше раунд төбелеседі? Мерзімінен бұрын аяқталатын кездері бола ма?

– 3 раунд төбелеседі. Әр раунд 10-12 минутқа дейін созылады. 3 рет ескерту алған ит мерзімен бұрын жеңілді деп есептелінеді.

– Жарақаттанған кезде не істейсіз?

– Жеңіл жарақаттанған кездері өзім емдей беремін. Ауыр жағдайда мал дәрігерінің көмегіне жүгінемін.

– Ұл-қыздарыңыздың қызығушылығы қандай?

– Олар әлі кішкентай. Бірақ, иттеріміздің аттарын жатқа айтып отырады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Төбет – иттің төресі

Ит төбелестіру – қатыгездік

Еліміздегі жануарларды қорғаушылар болса ит таластыруды қатыгездік деп бағалайды. Олардың пікірінше, таласқа қатысқан иттің денесіне де, жан-дүниесіне де бірдей зақым келеді. Мәселен, кейбіреулер ит таластыруды жекпе-жек спорт түрлерімен салыстырады. Бірақ спортшылар жекпе-жекке саналы түрде шығады, жарақаттанса емделеді. Ал итте таңдау жоқ. Таластан кейін кейбір иттер қиналып өледі. Тіпті иелері олардың эвтаназия арқылы қиналмай өлуіне көмектеспейді де. Сондықтан мұндай қатігездікке заң жүзінде толық тыйым салу керек деп санайды.

Әділхан АБАЙҰЛЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *