Тәуелсіздік күнінде таныстырылған үш кітап

Таяуда «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына арналып жарық көрген үш кітаптың тұсаукесері өтті. Олар: «Тәуелсіздік тебіреністері» шығармалар жинағы, «Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды сәті» фотоальбомы, «Оңтүстік Қазақстан» атты күңгейдің тарихымен таныстыратын фотокітап. 25 жыл бейбітшілік пен жасампаздық халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының еңбектерінен жинақталған кітаптардың тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдері мен облыс әкімі қатысты. Облыс әкімі Ж. Түймебаев келіп, облысқа белгілі ақын, жазушылар мен журналист, қоғам қайраткерлеріне кітаптарды сыйға тартты.

«Тәуелсіздік тебіреністері» жинағы

«Тәуелсіздік тебіреністері» кітабында Ұлыстың ұйтқысы атанған Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын ақан-жазушылардың, белгілі журналистердің туындылары енгізілген. «Поэзия», «Проза», «Публицистика» атты үш бөлімнен тұратын жинақта қаламгерлердің замана зерін зерделейтін өлеңдері, әңгімелері мен эсселері, сондай-ақ дәуір дауысын, қоғам тынысын бедерлейтін публицистикалық жазбалары жарияланған. Оқырман қауым жазушы Мархабат Байғұт, журналистер Бейсенбай Тәжібаев мен Айдар Сейдәзімның құрастыруымен жарық көрген кітаптан күңгейдегі ақын-жазушыларымызбен және олардың шығармаларымен танысады. Мұнда оқырмандар есімі бүкіл елге белгілі азулы ақындарымыз, жазушыларымыздың шығармаларымен қоса жас ақындарымыздың да өлең-жырларын оқи алады.

 


«Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды сәті» фотоальбомы

«Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды сәті» фотоальбомында Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, әр саладағы жеткен жетістіктері деректері дәйектеліп көркемсуреттермен безендірілген. Яғни, кітаптың басым бөлігінде суреттер сөйлейді. Таралымы — 1000 дана. Кітаптың бас редакторы – Ж. Төлтебай. Кітапты құрастырып дайындаушылар – Н. Кенжеғұлов, Ж.Ділдәбеков. Фотоальбомдағы суреттерді дайындаған – Қ. Шерім, аудармашы – С. Әбдіжаппарова.

 

«Оңтүстік Қазақстан» кітабы
«Оңтүстік Қазақстан» кітабында оқырман Қазақстандағы ең шуақты, ең әдемі өлкесі Оңтүстіктің әсем мекендерімен, тарихи ескерткіштерімен, тамаша табиғатымен таныса алады. Күңгейімізде далалар мен төбелер, Тәңіртаудың қарлы шыңдары мен Сырдария өзені, құмды шөлейт пен жасыл тоғай да кездеседі. Бұл өңірді адамзат баласы өте ерте заманнан танып білген – дүниедегі ең ескі – Қараүңгір осында. Ұлы жібек жолы да осы жерлерді басып өткен. Күнгейде адамзаттың ұстазы, ғұлама ойшыл Әбу Нәсір Әл-Фараби, ғұлама Қожа Ахмет Яссауи дүниеге келген. Көне Отырар қаласы ортағасырлық Ренессанс да ошағы. Уақыт өте келе жоңғарға қарсы күрескен қазақ жүздері Ордабасыға жиналып, өз отанын қорғап қалды. Осының бәрін жазып отырудағы себеп оқырман фотокітап арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының тамыры терең тарихымен де таныса алады.


Асылзат Оспанқызы, Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директорының орынбасары:

— Тәуелсіз-дігіміздің 25 жылдығына орай жарық көрген бұл үш кітап алдағы уақытта облысымыздағы 5 кітапханаға таратылады. Оқырман бұл кітаптарды сол кітапханалардан көріп таныса алатын болады. Біздің кітапханамызда көптеген ақын жазушыларымздың жыр-жинақтарының тұсау кесер рәсімі өткізіліп тұрады. Сол сияқты осы үш кітаптың тұсаукесері де осы кітапханада болды. Облыс әкімі Ж. Түймебаев өзі келіп кітапханамызға кітаптарды сыйға тартты. Бүгінде облыстың бас кітапханасында зиялы қауым мен ақын жазушылардың қатысуымен көптеген мәдени іс-шаралар жүргізіліп тұрады. Бұл көпшілікпен өткізетін мәдени шаралар кітапты насихаттаудың бір бөлігі. Қазіргі жастар руханиятқа, өнерге, әдебиетке көңіл бөлуі керек. Ол үшін алдымен кітап оқығандары абзал. Қазіргі таңда мәдени іс-шаралардың бір ошағына айналған «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында кітапты насихаттау жұмыстары әлі де жүргізіліп тұрады. Біз осындай іс-шаралар арқылы кітапқа құмар оқырмандардың санымен қоса сапасын да арттыру мақсатында ұжым боп талмай еңбек етудеміз.

Жанерке ХУМАР

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *