Тұрмыс құрып, сәбилі болғым келеді

16 (2)

Жайна Шекербекова

Әйелдер боксынан Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын оңтүстік-қазақстандық спортшы — Жайна Шекербекова.  Жерлесіміз ел ордада өткен Әлем чемпионатында қоладан алқа тағып, Олимпиадаға жолдама жеңіп алған болатын. ОЛ енді Рио-де-Жанейрода 51 келілер арасында сынға түсетін болады. Олимпиадаға жол ашқан алғашқы бокс-шы қыз — осы Жайна. 

Бұл мақала дайындалып жатқанда Жайнаның демалысқа шыққанын естідік. Ол оның шаршап, шалдыққанынан емес, байрақты дода алдында бапкерлер шәкірттерін психологиялық тұрғыда дайындау үшін он күндей теңіз жағалауына демалысқа жібереді екен. Содан кейін олар оңтүстік астанаға жол тартады. Алматыда боксшыларымыз оқу-жаттығу жиынында шеберлігін шыңдайды. Олимпиадаға негізгі дайындық осында басталады. Ал Бразилияға шілде айында аттанады. Он күн алдын барып, ауа-райына үйренуге тырысады. Тамыз айының соңына дейін Жайна Шымкентке қайта оралмайды. Сол себепті бойжеткен шет елдік демалысқа жол тартпай тұрып онымен кездесіп үлгердік.

— Жайна, әлем чемпионатына дейін 51 келі салмақта қай боксшының Олимпиадалық жолдама үшін кім таласатыны белгісіз болды. Бұл мүмкіндік Назым Қызайбаға бұйырады ма деген қауіп болған да шығар?

— 51 келі салмақта Әлем чемпионатына кім барады деген мәселе соңғы күндері шешілді. 7 мамыр күні спаринг кездесулер өтетіні болды. Ептілік танытқаны ғана Астанадағы байрақты жарысқа қатысады деп айтылды. Оның үстіне, Назым аспан асты елінде өткен лицензиялық турнирге қатысып қайтқан болатын. Ол жақта Назымның жолы болмады. Сондай-ақ, менің осыған дейінгі жетістіктерімді бапкерлер сараптай келе маған да жолдама үшін таласуға мүмкіндік беруді жөн шешкен екен. Мен бұл мүмкіндікті жібермеуім қажет еді. Оның үстіне осыған дейінгі Олимпиада ойындарына жолдама жеңе алмағыным да бар. Көңіл күйім түсіп, бойымды өкініш биледі. Келесіде бұл мүмкіндікті жібермеуі қажет деп өзіме-өзім сөз бердім. Төрт жыл да көзді ашып жұмғанша өте шықты. Тынбай еңбектендік. Бапкерлер де, ағалар да әрдайым қолдап тұрады. Бокстағы тәжірибелі спортшылар өз кеңесін аямады. Сол ағалардың арқасында осындай жетістікке жетіп отырмын деп ойлаймын.

— Кезінде баскетболға сені алмай қойған екен. Оның да пайдасы тиіпті ғой.

— Иә, рас айтасыз. Боксқа мен тым кеш келдім десем де болады. Өйткені, 9 сыныпты Шардарада аяқтап, содан кейін ғана Шымкентке көштік. Оқудан бос уақытымда спортпен шұғылдансам деген ниетім болды. Бастапқыда баскетбол бөліміне жазылуды жоспарладым. Алайда, бұл мақсатым іске аспады. Баскетболдың жанындағы залға қарасам кикбоксингтен жаттығулар болып жатыр екен. Бірден-ақ қызығушылық пайда болды. Сөйтіп, Виктор Ничай есімді бапкерге жазылдым. Кикбоксинг бөлімінде жаттығып жүргенде көп ұзамай спорт шеберін орындадым. Жетістіктерімді бапкерлер көріп, Алматы қаласында Қазақстан чемпионаты өтейін деп жатыр екен деді. Қатысып көруімді айтты. Мен қарсылық білдірмедім. Сол жылы бокстан Қазақстан чемпионы атандым. Бокс — менің жолым екенін түсіндім.

604e6a8e6b171dd7c5dd8c707a770ee6— Боксшы қыздардың достары аз болады дейді. Әсіресе, ер азаматтар мұны көп айтады.

— Жігіттер қорқады деп айтпаймын. «Немен шұғылданасың» — деп жиі сұрайды. «Бокспен» — деген жауапты естігенде басым көпшілігі «Ұрып жіберетін шығарсың» деп әзілдейді. Дегенмен, жігіттің аты жігіт қой. Олар бізден мықты болуы тиіс. Ал, мен қыз баласымын. Қанша дегенмен ер азаматтарға қарағанда әлсіздеу келеміз. Содан болар жаттығу барысында ауыр соққылар алып қаласың, көзіңе жас келеді. Осы тұста бапкерлердің қолдауы өте қажет. Менің жолым болды. Бапкерім қандай жағдай болмасын жанымнан табылатын. Сөзімен де, ісімен де қолдап тұрады. Соның арқасында 2010 жылы бокстан Азия чемпионы, 2014 жылы Азия ойындарының жүлдегері атандым. Ал, бүгінде Әлем чемпионатының қола медаль иесімін. Енді Олимпиада ойындарында бағымды сынаймын.

— Әкеңіз қарапайым шаруа, ал анаңыз бастауыш сынып мұғалімі екен. Отбасыңызда сізден басқа ешкім де спортпен шұғылданбайды екен.

— Иә, мен ғана. Ата-анама алғысым шексіз. Өйткені, олар мені еркін өсірді. Қандай бастамам болсын қолдау көрсететін. Олардың тәрбиесі сондай. Перзентіне қай спорт түрі ұнап тұрса қарсылық білдірген емес. Әрине, менің бокспен шұғылданып жүргенімді олар бастапқыда білмеді. Кейін, жақсы нәтиже көрсете бастаған соң ауылға барып, ата-анама жайып салдым. Таң қалды. Бірақ, сәттілік тілеп қалаға қайта шығарып салды. Бүгінде олар да жанымда. Шымкентке көшіп келді. Бұл күндері жарыстан шаршап келгенімде бар жағдайымды жасап, үйде күтіп отырады. Бұл мен үшін үлкен бақыт. Оның үстіне, менің бар мақсатым Олимпиада ойындарыннан жүлдемен оралу екенін ата-анам жақсы түсінеді. Әрине, бұл жоспарымды іске асырғаннан кейін тұрмыс құру, сәбилі болу дегенді де қарастырамыз. Әйел бақытын сезіну басты жоспар деуге де болады.

— Біз де сізге сәттілік тілейміз, Жайна. Рио Олимпиадасында ел үмітін ақтайсыз, деген ниетіміз бар. Әңгімеңізге рахмет.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *