Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік жеткілікті ме?

«Шымкент» ӘКК» ҰК» АҚ және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жөніндегі қызметтерді сатып алу туралы 1 847 196 000 теңгеге келісім-шарт жасасқан болатын. Бөлінген 1 847,2 млн теңгеге 2012 жылдың қазанынан 2014 жылдың маусымы аралығында 12 925,0 тонна азық-түлік тауарлары сатып алынған.

Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік жеткілікті ме?Мәселен, «Автонұр» базарындағы көліктен сатылып жатқан көкөністен басқа барлық өнімдер тұрақтандыру қорындағы былтырдан қалған тау-арлар екен. Көкөніс бағаларына тоқталып өтсек, сәбіз – 75, павлодарлық картоп – 65 теңгеден сатылып жатыр. Ал, «Жаңа шаһар» базарында көкөніс бағасы бес теңгеге арзан саудалануда.

Сондай-ақ, тұрақтандыру қорының қоймасында былтырдан қалған 1000 тонна құмшекер, 140 тонна макарон өнімдері, 203 тонна күріш бар. Осы ретте, корпорация астықтың жиын – терімі аяқталуына байланысты тауар өндірушілерімен келісімшарт жасасып жатыр. Айта кетерлігі, қарағандылық және павлодарлық картоп пен сәбізге тапсырыс жасалған. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілерден сатылып алынған өнімдерден келер жылға қор жасалатын болады. Нарықтағы өзгеріске қарамастан әлеуметтік сауда орындарында азық-түліктің бағасы тұрақты. Мәселен, отандық күнбағыс майын қолжетімді бағамен тұрақтандыру қоры ұйымдастырған сауда нүктелерінде сатып алуға болады. Мұнда әлеуметтік бағадағы өнімдер, мәселен күріштің келісі 165 теңге, құмшекердің келісі 190 теңгеден сатылуда.

Жергілікті билік күнделікті тұтынатын азық-түлікке бағаны тұрақтандыруға әрекет жасауда. Дегенмен мамандар арзандатылған өнімнің көлемі аз екенін айтады. Сондықтан болар, мұндай әлеуметтік орындарда сауда бұрынғыдай қызып тұрған жоқ.

Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік жеткілікті ме?

Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік сауда орындарында құмшекер, күнбағыс майы сынды азық-түліктерді кездестіре алмадық. Шымкент қаласы бойынша, арзандатылған өнімді саудалайтын он нүкте жұмыс істейді. Бұл орындарға арнайы қоймадан тауарлар тасымалданады.

Әлеуметтік сауда орын-дарындағы баға әзірге тұрақты түрде сақталған. Ал, өнімінің азаюына байланысты азық-түлікті сақтайтын қоймаға алдағы күндері 1,5 тонна картоп пен 400 тонна пияз әкелінбек.

Олжас Бақтыбаев, Азық-түлік компаниясы «Оңтүстік» ЖШС директоры:

– Бүгінде базарлардағы сатылып жатқан картоп, сәбіз, пияз тұрақтандыру қорының есебіне жатпайды. Біздің тауарлар қараша айының екінші жартысында сатылымға шығарылады. Бұл көкөніске қатысты айтып жатырмыз. Мәселен,Қарағанды облысынан 1,5 мың тонна картоп жеткізілуде. Алдағы уақытта тұрақтандыру қоры комиссиясының шешімі бойынша картоптар өңірдегі базарларға тасымалданатын болады.

Біздің негізгі мақсатымыз – азық-түлік нарығындағы алыпсатарлыққа жол бермей, науқандық кезде бағаны тұрақтандыру. Қазірге астық жеткілікті. Базардағы азық-түлік бағасы тұтынушылардың қалтасына ыңғайлы болып тұр.

«Азық-түлік себеті» неден тұрады?

«Азық-түлік себетіне» бірінші кезеңде жалпы құнның 50 пайызға жуығын құрайтын тамақ түрлері еніп отыр. Екінші топқа киім-кешек, аяқ киім, бас киім, іш киім, дәрі-дәрмек сияқты азық-түліктік  емес тауарлар кірістірілген. Ал үшінші топта коммуналдық қызмет ақысы, транспорт шығыны, мәдени шараларға жұмсалатын қаржы мөлшері еніп отыр.

Себетке енген тағам мен қызмет түрлеріне көз салсаңыз, Үкіметтің пайымынша, еңбекке қабілетті әр қазақстандық азамат жылына 100,4 келі картоп, 114,6 келі көкөніс, 60 келі жеміс, 126,5 келі нан мен нан өнімдерін, 58,6 ет өнімдері мен 18,5 келі балық өнімдерін тұтынады екен. Ал мәдени шараларға жұмсалатын айлық шығын 5 пайыздан аспайды.

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *