Түрме түзетпеген қылмыскер немесе саяжайдағы қырғын

Шымкентте осы жылдың ең қатаң сот үкімі 32 жастағы И.К есімді азаматқа тағайындалды. 21 жылға бас бостандығынан айырылған қылмыскер қарақшылық жасап қана қоймай және екі бірдей адамның ажалына себепші болған. Сот қылмыскерді қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге шешім шығарды.

2016 жылдың 17 маусымында 37 жастағы Амангелді мен 36 жастағы Александр «ас беру» жоралғысын өткізуге қамданады. Себебі осыдан бір апта бұрын Александрдың ағайыны қайтыс болады. Осы сәтте Александрдың әйелі Ольга ұялы телефонмен хабарласып, кешке саяжайдағы құрбысының үйінен алып кетуін өтінеді. Дегенмен, осы сапардың қырғынға айналатынын олар білген жоқ еді…

Саяжайдағы үйге кешқұрым келгенде бірнеше адамның «дастархан жайып» жатқаны белгілі болады. Үстел басында саяжайды жалға алған Иван әпкесімен, үй иесі Берік және Ольга бар екен. Оған екі азамат қосылады. Бұл екеуі бірден кетуге әрекеттенгенімен өзгелері дастарханға шақырып әлек болады. Бұлар бас тартпайды.

Бастапқыда әңгімелері жарасқанымен, спирттік ішімдікке сылқия тойғандар болмашыға жанжалдаса бастайды. Сосын Берік пен Иван Амангелдіге жұдырық ала жүгіреді. Мұнысымен қоймай бірнеше жерінен пышақ ұрады. Сосын екі әйелді қамап тастайды дағыны, кезек Александрға келеді. Оны да пышақтағанымен ол сәтін тауып қашып кетеді. Екі қылмыскер қайта оралып, қанға боялып жатқан Амангелдінің кеуде тұсына, арқасына қайта пышақ салады. Мәйіт денесінен құтылу үшін оны сарайға көміп, қалтасындағы азын-аулақ ақшасы мен ұялы телефонын алады. Ал, жеке куәлігін Берік «керекке жарар» деп өз қалтасына салады.

Бір қызығы, бұл кезде ешкімнің көмекке ұмытылмағаны. Ольга қанға боялған Александрды көріп қалып, үйіне алып кетеді. Тіпті, жедел жәрдем қызметін шақырмайды. Өзі жаралы азаматты емдеуге кіріседі. Ал, бұл кезде Амангелдінің туыстары іздеуді бастайды. Түнімен телефон шалады. Хабар-ошар болмаған соң таңертең оның әпкесі кешегі күні Александрмен жүргенін естіп, үйіне іздеп келеді. Әбден қансыраған азаматты көріп, дереу жедел жәрдем және полиция шақыртады. Бірнеше сағаттан кейін Александр ауруханада көз жұмады.

Саяжайда ұсталған Иван полиция қызметкерлеріне «жақсы таныс» еді. Оған дейін сотты болған. 2005 жылы адам өлтіргені үшін 12 жылға сотталған. Өзін жақсы жағынан көрсеткені үшін наурызда мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған. Тергеу барысында бұған дейін де тағы бір ауыр қылмыс жасағаны анықталды. Яғни, мамыр айында жалғызбасты қарт адамды тонап, байлап кеткен екен. Сотталушыдан прокуратура қызметкерлері ауыр қылмысы үшін 22 жыл жаза кесуді сұрайды. Сот шешімімен қылмыскер 21 жыл бас бостандығынан айрылды.

 

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *