Түркиядағы қазақ актері

Кез келген тақырыпты сериалға айналдыруға әзір тұратын Түркия осы саладан айтарлықтай табыс тауып отырған елдердің бірі. Тіпті соңғы жылдары ел үкіметі ерекше көңіл бөліп, телеөнім өндіретін фирмалардың саны артқан. Еркін әрі ашық жұмыс істеуіне жол ашты. Өткен жылдың өзінде Түркияда мыңнан аса кино, сериал түсірумен және сатумен айналысатын түрлі продюсерлік орталықтар тіркелген. Әрине олардың көздегендері 77 миллион көрермені бар ішкі нарықты емес, телетауарларын сырт елдерді де таратуды қол көреді. Олардың бұл жоспарларының жақсы нәтиже беріп жатқанын отандық арналардан аңғаруға болады. Сондай-ақ, түріктің телесериалдары мен кино картиналары арқылы қаншама актерлар танымал болуда. Олардың қатарында есімі елге таныла бастаған жерлесіміз Бахадүр Хакім де бар. Өзге елде өнерін танытып жүрген қандасымыз біздің басылымға сұхбат берді.

Бахадүр Хакім

Бахадүр Хакім

– Өзіңіз жайлы айта отырсаңыз…

– Мен 1978 жылы Измир қаласында туылдым. Балалық шағым Ыстамбұлдың қазақтар көп шоғырланған Зейтінбұрны ауданында өтті. Осы жерде білім алдым. Менің ата-бабам XX ғасырдың соңында Семейден Қытайға қоныс аударған. Қытайдан Гималай таулары арқылы Пәкістанды басып өтіп, 1953 жылы Түркияға келген. Міне, осыдан бері осында ғұмыр кешіп келеміз.

– Актер болуға деген ынта-жігеріңізді оятқан түрік сериалдары шығар, сірә?

– Ол да бар, әрине. Негізгі мамандығым есепші. Осы мамандық бойынша бірнеше жыл еңбек еттім. Достарым арқылы кастинг болып жатыр деген хабарландыруды естіп, барған едім. Осылайша, 2002 жылы Түркияның атақты режиссері Осман Синавтың көзіне түстім. Оның таңдауы маған түсіп, сериалына шақырту алдым. Онда қытайдың рөлін сомдадым. Осман Синавтың аты қазақстандық көрермендерге «Асау жүрек» сериалы арқылы таныс болса керек. Мұнан соң, біртіндеп ұсыныстар түсе бастады. Қазіргі уақытта бірнеше телесериал мен жарнама роликтеріне, фильм-дерге түсіп үлгердім. Актерлық мамандықты бүге-шүгесіне дейін меңгеріп болдым деп асыра сілтей алмаймын. Тәжірибелі ұстаздарымнан, әріптестерімнен әлі күнге дейін үйренерім көп. Кәсіби біліктілігімді көтеруге күш салып, жан-жақты ізденіп, барынша тырысып жатырмын. Өмірімде Угур Южел, Кенан Имирзалыоглу, Жем Йылмаз, Саваш Динчел, Илкер Аксум, Картал Тибет сынды танымал түрік кино майталмандарымен бірге ойнау бақыты бұйырды. Өзімнің білмегенімді сол кісілерге қарап жетілдіремін. Көп ұзамай, атақты шоумен, актер әрі режиссер Джем Иылмаз маған тағы бір рөл ұсынды. Осылайша бірнеше сериалдарға қатыстым. Араштың бейне баянына да түстім. Осыдан бастап актерлікке қызығушылығым арта бастады. Түркияның кинорежиссерлері көп жағдайда өз актерлерімен жұмыс істейді. Менің солардың арасынан жол тауып, осы салаға бет бұруым Алла тағаланың қалауымен болды деп ойлаймын. Бір қызығы мен осы кезге дейін 20-дан астам фильмге түссем, солардың басым бөлігінде қытай, кәріс, жапон ұлттардың рөлін сомдадым. Түр келбетің соған келіп тұрғасын ешкімге өкпелемейсің ғой. Оның үстіне актер болғасын барлық эпизодқа әзір болуың керек.

– Қазақстандық кинорежиссерлармен байланысыңыз бар ма?

– Әрине, туған тіліңде сөйлеп, өз еліңде жүріп, өз ұлтыңның рөлін сомдағанға не жетсін? Қазақ киносы күн өткен сайын дамып келеді. Түрлі тақырыпты, күрделі жанрларды қамти бастады. Әлемдік байқауларда бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан табылып жүр.Кез келген туынды кемшіліксіз болмайды. Сонда да болса, қазақ киносына тәжірибе, біліктілік жетіспей жатыр. Осы тұрғыда режиссерлар барлық күш-жігерін жұмсап, шеберліктерін арттыруға белсенділік танытып жүр. Келешекте қазақ актерлері әлемдік деңгейде танылып, режиссер, сценарийстер өз еңбектерін лайықты көрсете алатынына сенемін. Сондай-ақ, бір Шымкенттің өзінен жылына қаншама кино түсіріліп, көптеген жастар өздерінің талантымен танылып жатыр. Бұл да өте қуанышты жағдай. Себебі, тек «Қазақфильм» немесе Астана, Алматы жаққа ауыз ашпай, өз беттерінше еңбектеніп жатыр. Және де сол еңбек үлкен жетістік пен жеңіс жетелеп жүр. Осы ретте Түркиядағы жүйені де айта кетер болсам, бұларда жеке-жеке студия ретінде аптасына қаншама туынды түсіріледі. Әрине олардың барлығын бірдей сапалы дей алмаймын, сәтсіз шығатындары да аз емес. Бірінен бірі озу үшін, телеарналардан уақыт алу мақсатында барын салады. Ендеше, дәл осылай тер төгу тәсілі бізге де керек секілді.

– Түрік сериалдарының «сыры» неде?

– Біріншіден, түсіріліп жатқан сериалдардың барлығы болмаса да басым көпшілігін режиссерлар ағымдағы оқиғамен байланыстырып отырады. Ол саясат немесе елдегі экономикалық ахуал болсын, соны сценарийге кіргізуге тырысады. Сол үшін бұл жақта сериалдар бірнеше ай бұрын емес, тек апта сайын немесе эфирге шығатыннан 2-3 күн бұрын түсіріліп отырады. Мәселен, келесі аптаның сәрсенбі күні эфирге шығатын болса, осы аптаның жексенбісі тіпті дүйсенбі күні де түсірілуі ғажап емес. Өйткені, халыққа да қызық болу үшін ағымдағы жаңалықты қатар алып жүруге тырысады. Екіншіден, Қазақстандағыдай сериалдар күнде емес, аптасына бір күн беріледі. Мысалы, дүйсенбі күні сағат 20:00 -23:50 арасы. Яғни, күнде емес. Себебі әр сериалдың белгіленген аптада бір күні бар. Үшіншіден, сериалдардаға тапсырыс берген телеарналар егер сериалдың рейтингі төмендеп кетсе немесе көрермендердің көңілінен шықпай бара жатса, ол туындыдан келісімшарт бойынша бас тартады. Тиісінше, ол сериалдың түсірілімі де тоқтайды. Апта сайын түсіріліп отыратын себептің бірі де осы шығар деп ойламын.

– Шығармашылық ортада жүрген адам ретінде бір ойлағаныңыз бар болар?

– Мағжан Жұмабаев туралы көркем фильм түсіру жоспарда бар. Бұл жоба менің ойымды бес жылдан бері мазалап жүр. Мағжан ақынның 1919-1920 жылдары Ататүрік бастаған ұлт-азаттық қозғалысына арнаған өлеңі бар. «Алыстағы бауырыма» деп аталады. Арада 80 жыл өткен соң, бұл өлеңге түріктің Фейзулла Будак деген ақыны өлеңмен жауап қайтарды.

Фильмнің негізі осы жайды арқау етеді. Фильмді түсірудегі мақсатым – Қазақстанның атын шығаруға үлес қосу. Қазақ актерларымен келісімсөз жүргізіп жатырмыз. Бұл фильм қазақ және түрік тілдерінде түсіріледі. Түсірілім жұмыстарына дайындық жүруде.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан – Самат Сүлей

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *