Түркiстандағы «трагедия». Кiм кiнәлi ?

Дүйім жұртты дүрліктірген Түркістандағы оқиға тұрғындардың жағасын ұстатты. Айдың күннің аманында 30 жастағы жігіт әйелін, қызын және екі бауырын жайратып салған. Ал, травматикалық тапаншадан жараланған 6 жасар ұлы мен 52 жастағы шешесі ауруханаға түскен. Күдікті қанды қылмыс жасап болған соң, өз-өзіне қол салмақ болыпты. Алайда, өзін өлтіруге бата алмады. Қазір қылмыстық оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Сонымен, қанды оқиғаның желісі қалай өрбіді? Соған жауап іздеп көрсек.

41-018

Түркістандықтардың сөзінше, оқиға орын алатын күні қара жамылған отбасы туыстарының үйіндегі тойға келмей қалады. Не шешесі, не ұлдары мен келіні де нағашысының үйінде қара көрсетпеді. Болмаған соң сол үйге сезіктінің қайын енесі іздеп келген. Алдынан күйеу баласы шығып, ешбір сөз айтпастан сыртқа кетіпті. Үсті басы қан жоса екен. Оның мұндай түрін көріп шошып кеткен енесі үйге кіреді. Қараса, кіре берісте немере қызы өліп жатыр. Басқа бөлмелерде қызы, екі құда баласы жан тәсілім еткен. Сондай-ақ, құдағиы мен тағы бір немересі қансырап жатқанын көреді. Бірнеше адамның өмірін қиғанына  қарамастан, бас сүйегі сынған күйеу баласы аулада арлы-берлі емін еркін жүріпті. Қойылған бірде бір сұраққа тіл қатпаған көрінеді.

Мұндайды бұрын соңды көрмеген ол сасқалақтап, көршілері мен полицияны шақыртқан. Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстап алып кетеді. Ал оның шешесі мен ұлы ауруханаға жеткізіліпті.

Зайниддин ИСРАЙЫЛОВ, қара жамылған отбасының туысы:

– Кірсем, барлығы шетінен жайрап жатыр. Ана жақта біреуі жатыр. Верандада кішкентай қыз жатыр. Төңкеріліп жатыр екен, тірі шығар дедім. Көтеріп аударсам, – денесі суып қалыпты.

Алдын ала болжам бойынша қанды оқиғаның орын алуына отбасылық кикілжің себеп болған көрінеді. Құзырлы орындардың да, көп айтылып жатқан қауесеттің де бастысы қызғаныштан болыпты дегенге саяды.  Бірақ Исмайыловтардың туыстары оған сенбейтіні өз алдына, тіпті тергеудің ресми мәлімдемесінен бас тартуына күш салатынын жеткізді. Айтуларынша, сезікті біреуге қыруар ақша қарыз болған. Соны қайтармаған соң келіп, отбасын жайратып кетіпті-мыс. Яғни, ол әйелін атса да, бауырларына қару кезенуі мүмкін емес деп отыр. Мәселен, туысы Шаукат Шарапов былай дейді: «Достарына айтыпты, қарыздары көбейіп кеткен. Маған қарайласып жүріңдер. Болмаса, мені атып кетеді деп айтып жүрген екен. Қорқытқан ғой сонда оны. Бұл жерде аз ақша емес. Бірге жүрген достарына айтқан екен, бір аптаға жетпей осындай болып тұр» .

41-019

Салдарынан бір күнде бір үйден төрт адамның жаназасы оқылып, марқұмдар жер қойнауына тапсырылды. Әрине мұндай ауыр қаза сол отбасыға да, туыстарына да ауыр тигені рас.

Сенімді ақпарат көздерінің мәліметінше, күдікті тергеушілерге берген жауабында: «Мен әйеліме кет дедім. Қолына бес мың теңге ұстаттым. Алайда ол кетпеді. Сосын осындай қылмысқа бардым» деп жауап қатыпты. Қалай болғанда да қанды оқиғаның қалай өрбігенін енді тәртіп сақшылары анықтайтын болады. Әзірге белгілісі, сезікті сырттан көлік әкеліп, сатумен айналысқан. Бұрын соңды істі болмаған.

Салтанат ҚАРАКӨЗОВА,  ОҚО ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Оқиға орнынан полиция қызметкерлері айғақ зат ретінде «стриммер» маркалы 9 мм калибрлі травматикалық пистолет пен үш гильза, екі оқ, спорттық гантель және электрошокер алынды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, 30 жастағы Түркістан тұрғыны мұндай ауыр қылмысқа қызғаныштың кесірінен барған.  Қазір ҚР ҚК 99 бабы «Адам өлтіру» бойынша сот алдындағы тергеу жүргізіліп жатыр.

Қазір бас сүйегінен жарақат алған күдікті мен оның 1963 жылы туған анасы, 2009 жылы туған ұлы ауыр халде қалалық ауруханада жатыр. Ақ халаттылар олардың бірінші сатылы комада болғандығынан, үшеуінің де жағдайлары ауыр екенін айтады. Түркістан қалалық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Хамза Досжановтың айтуынша, науқастардың жағдайын бақылауға Шымкенттен арнайы мамандар шақыртылған. Ересектер мен балалар нейрохирургі келіп, баланы ота жасау үшін ауруханаға алып кетіпті. Ал екі ересек науқасқа ота жасалып қойған.

41-020

Жантүршігерлік оқиға қазір ғаламтор беттерінде қызу талқыға түсіп жатыр. Қалай десек те, оның барлық жай-жапсары күдікті мен анасының есін жиған соң белгілі болмақ. Сондай-ақ, сезіктінің ақыл есінің дұрыстығы да тексерілмек. Себебі, адам сенгісіз ауыр қылмыстарға кейбіреулер ақыл-есіндегі ауытқудан барып жататыны бар.

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *