Түркістан түрмесіндегі тақсірет

06

Түркістандағы «Кіші түрме»

Қазақтың сүйегіне таңба болған қуғын-сүргін құрбандарын жазықсыз жаламен тар қапасқа қамаған Түркістан НКВД-ң тергеу бөлімінің жазасы талай боздақтарымызды жалмап кетті. Халық жауларына арнап ел мен жерлерде азап лагерлері салынып жатқанда біздегі НКВД-ң түрмесі Николай ІІ заманында-ақ, түрме қызметін атқарған құрылыс болатын. А.И.Добромысловтың «Города Сыр-Дарьинской области» атты еңбегіндегі бар дерекке сүйенсек 1899 ж. 14 мамырда Түркістан қаласында екі түрме орыны қызмет істепті. Біз сөз қылып отырған Кеңес өкіметі кезіндегі тергеу бөлімнің Кіші түрмесі,патша заманында әскери гауптвахта жұмысын атқарғаны белгілі. Әуілі сол заманғы патша қышымен қоршалып, төбесі торлама сыммен тоқылып күзетшілер бақылап жүретін-ді.Бұл келтірілген тарихи деректі О.Шаяхметов өзінің роман және деректі әңгімелер негізінде құралған «Түркістан тұтқыны» атты еңбегінде толықтыра түсіп, Кеңес өкіметі кезінде саяси репрессияға ұшырап, Түркістан НКВД тергеу бөліміндегі кіші түрмеде жазасын өтеген жергілікті азамат Бәйкен Қунақбаев жайлы былайша әңгімелейді!
«Бұл кісі баяғы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтермен тағдырлас болған адам. Тек атылып кетпегені болмаса, басқасының бәрін көрген. Тіпті сонау «итжеккенде» айта беретін осы дүниенің тозағы-Колыманың өзінде болған» жан.
«Троцкийшіл» астыртын ұйымға мүше болдың деген желеумен қамауға алынып зорлық-зомбылықтың небірін көзбен көрген абзал ағаның естелігінен үзінді келтірейік:
«Кезекшілер мені айдауылдардан қабылдап алған соң, үсті-басыма тінту жүргізіп, қолымдағы қол сағатым мен қалтамдағы мана «кітап алам ба»деп үйден алып шыққан азғантай ақшамды хаттап алды да, қуықтай коридор түкпіріндегі есігі өздеріне қарама-қарсы есіктегі «Кіші түрмеге» алып кірді. Бірақ, мені мұнда орналастыру оңай болмады. Қай камераға апарса да, аузы-мұрны лық толған адам болып шықты. Ақырында, «сыйсаң осыған сиярсың» дегендей, жалпы камераға әкеп кіргізіп еді, мұнысы әлгілерден

05

Түркістандағы «Кіші түрменің» іші

де бес-бетер болып шықты. Бәрінен бұрын санитарлық тазалық жағын айтсаңызшы – есігін ашқаны сол еді, іштен қолқаны қапқан бір қап күлімсі иіс мүңк ете қалды. Кішігірім залмен бара-бар дерлік кең камера іші бір-бірімен сығылысып, иық тіресіп отырған, шынтақтап бір қырынан жатқан, немесе басын ірге жаққа беріп, тізесін бүгіп, шалқалап жатқан адамдардан аяқ алып жүргісіз. Камера іші қаракөлеңке. Төбесіндегі жалғыз электр шамы өлеусіреп әзер жанып тұр. Камерадағылардың қайсыбіреулерінің, сірә, шаруашылық, мекеме басшылары болса керек, жүздері таныс, бұрын көріп жүрген адамым секілді болып көрінді. Олар да мені танып, біреулері: «Келіңіз, Байеке, келіңіз!» деп ықылас білдіріп, енді бірі: «О, Байеке, кештетіп қайдан жүрсіз?» деп әзілдеген болып жатыр. Кенет, бір бұрыштан: «Байкенбісің ? Бері кел!» деген дауысты естідім. Таныс дауыс секілді. Қарасам – әлгі Шорнақ МТС-ның директоры Палман Сәркеев екен. Осындай тар кезең, тарыққан шақта қасыңнан сырмінез ескі танысыңның табыла кеткені қандай ғанибет! Маған мына жерде Сәркеевті кездестіргенім, әкемді кездестіргеннен кем болған жоқ. Жайлап қасына келдім.
Сәркеев қалың киімдерінің бірін жастық, бірін төсек қылып, омырауын ашып тастап костюмшең жатыр екен. Осыдан екі ай бұрын Шорнақта мен көрген, екі беті нарттай, екі иығына екі кісі мінгендей палуан денелі Сәркеев емес. Мүлде басқа. Іреңі жуған шүберектей боп-боз. Сақал-мұрты өсіп, әбден жүдеп жадаған. Екі аяғы тұлыптай боп ісіп кетіпті. Ісіктің белең алғаны соншалық, ол үрген бүйендей тырсиып кеткен аяғындағы жалаң қабат шұлығынан да айқын көрініп тұр.
Сәркеев сол кезде менен бір мүшелдей үлкендігі бар, жасы қырықтардың ішіндегі жігіт ағасы дерлік кісі еді. Содан ба, мені баласындай көріп, «шырағым» деп сөйлейтін.
Мен қасына жайғасып, есен-саулық біліскен соң, сол әдетімен:
Міне, біздің жағдай осы болды, Бәйкен шырағым, – деп әңгіме бетін өз жайына қарай бұрды.
Мен Сәркеевтің қамалғанын осыдан екі аптадай бұрын, дәлірек айтқанда, қаңтардың 11-күні есіткен едім. Айтып отырса, содан бері бопсалап, қорқытып-үркіту дейсіз бе, боқтап-боралап, айуандықпен ұрып-соғу дейсіз бе – тергеушілерден көрмеген қорлығы қалмапты.
Осы кездерде НКВД-нің «халық жауларынан» жауап алуда кеңінен қолданылатын әдістерінің бірі «конвейер» деген болатын. Мұның мәнісі – сізден бірнеше тәулік бойы тікеңізден тік тұрғызып қойып жауап алу деген сөз. Яғни, сіз отырмаста

04

НКВД кеңсе қақпасының қазіргі көрінісі

н бірнеше тәулік бойы тікеңізден-тік тұра бересіз де, тергеушілер өздерінің смендік кезегімен, бірінен соң бірі ауысып келіп сізден жауап ала береді. Мұндай жауап алуға адам ең мақтағанда, екі-ақ тәулік шыдас береді. Содан кейін аяғының қан тамырлары жарылып, ісіне бастайды…
Сәркеев, ақырында осы «конвейерге» қойылыпты. Бір тәулікке дейін сыр білдірмепті. Содан соң аяқтары ісіне бастапты… Одан, ісік жуан санға жетіп, жүрекке шабатын болған соң, бүгін осында әкеліпті. Ісіктің асқынғаны соншалық, мұнда келген соң, камерадағылар Сәркеевтің етігінің тігісін сөгіп, аяғынан зорға шешіп алыпты.
Сонда сізге не деп кінә қояды? – деймін мен.
Сәркеевтің бұған берген жауабы әлгі райком бюросында Каримовтың маған қойған сұрағымен менің оған қайтарған жауабым секілді болып шықты. Тергеушілер бұдан: «Троцкийшіл контрреволюциялық астыртын ұйымға қалай тартылдың?» деп сұраған. Бұл оларға: «Мен ондай, ешқандай астыртын ұйымды білмеймін. Ондай ұйымға мүше болмақ түгілі ол туралы естіген де емеспін», — деп жауап берген. Ақырында тергеушілер Сәркеевке «Сенің кім екеніңді өзің білмесең біз білеміз», деп алдын ала дайындалып қойылған бір қағазды ұсынып, қол қоюды талап еткен. Бұдан ненің исі шығып тұрғанын айтпаса да жақсы түсінген Сәркеев бұл қағазға да қол қоюдан бас тартқан.
Сәркеевтен тағы бір білгенім: бұл камерада жатқандардың біразы бұл кісі көрген тергеу азабын көрмепті. Себебі, олар НКВД-ден бәрібір құтылмаймыз, бәрібір айтқанын істетпей қоймайды деп таққан айыбын не де болса, бірден мойындап, уақытша болса да жан сауғалай тұрғанды жөн көріпті. Енді бұларды НКВД ата ма, әлде ит жеккенге айдай ма о жағы белгісіз. Әйтеуір, енді бұларды «кінәларын мойындады» деп қоя бермейтіні анық.
— Ойда-қырда бар пәле осы өзіміздің Түркістанның НКВД-сінің өзінен басталып отыр десейші. Қайдан жиналғанын білмейсің, өңкей бір елірме есіріктер»-дейді.
Қарап отырсақ, мұндай оқиға көп болған, тағдырына налып, қатігездіктің асқан озбырлығын көрген ағалардың есімдері бүгінде баспасөз беттерінен жарық көруде…
Мәселен жазықсыз жапа шегіп Кеңес өкіметі кезінде аты аталып, түрі түстелмеген, ескерусіз қалған, өзінің атасы жайлы Нажимов Оразбай былай дейді:
«1925-1926 жылдары Тұрсынходжаев Тұяқ Сталин колхозының төрағасы болып тағайындалып жұмыс істеген. 1937 жылы Голощекин бастаған НКВД «үштігі» Сталин колхозын да (қазіргі Шойтөбе маңындағы Қауылбай ауылы) айналып өткен жоқ. Ол жердегі құранды жатқа білетін, дін жолын ұстанған бірқатар ағаларымыз да репрессияға ілінді.
Омарходжаев Амин молда және Тұяқ Тұрсынходжаев аталарымыз біз «Алаш еліміз», «мұсылман халықпыз» деген сөзі үшін де «Тройкаға» ілініп, репрессияға ұшырап кетті.
Түркістандағы түрме ішінде (біз сөз қылып отырған түрмені айтады) Тұрсынходжаев Тұяқ ағамыз араб әрпімен парсы тілінде жұбайы Тұрсынходжаева Жорияға құпия хат жазған. Әжеміз де сауатты еді. Ол хатта Түркістанда «Тройка» деген құпия ұйым жұмыс істеп жатқанын, ислам дінін берік ұстанған Алаш халқы абай болуын ескерткен және де Сыр бойындағы халыққа да жеткізуді тапсырған. Содан ол хатты естіген ілімді, білімді азаматтар бас сауғалап басқа елдерге Түркістаннан жан ұясымен бірге шығып кеткен. Осы хаттың арқасында бірталай Алаш азаматтары аман қалды.
Сол кездегі Түркістандағы НКВД-нің тергеушелері «Қосдиірмен» (қазіргі Жуковский көшесінің бойындағы Арыс-Түркістан каналы маңайы)деген жерде ату жазасын орындаған. Осы аталған сөздердің бәрін Жория әжейдің өз аузынан естігенмін»-дейді ағамыз.
Мұндай қаралы қаулыны орындайтын жерлер Түркістан маңында бірнеше жерде болған екен. Мәселен,О.Шаяхметов еңбегінде, Сыраш тілшіге берген Бегімбет Қорғанбаев ағамыздың естелігіне қарағанда қазіргі Майдантал (Ынталы), Қаражон (Құсшы) елді мекендерінің тұрғындары, бір атаның балалары, ауыл ағалары Көпбай Атажанов пен Бекпенбет Ташпенбетовтер қаланың солтүстік жағындағы Қарашық өзені маңында атылыпты. Сондай-ақ, біраз арыстарымыз қаланың батыс жағында (қазіргі аэдром маңы) оққа ұшқан екен.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң боздақтарымыздың есімін ел жадында сақтау үшін 31 мамыр «Саяси репрессия құрбандарын еске алу күні деп жариялап Елбасының өзі бастама көтерді. Алайда, бұл бағытта әлі күнге дейін тек ақын-жазушыларымызбен, алаш қайраткерлерін ғана көбірек дәріптеп келеміз. Айтайын дегеніміз, есімі ел есінде қалмаған, бүгінде аты аталмаған, бірақ, еліне еңбегі молынан сіңген талай абзал, ағаларымыздың есімдері шаң-шаң мұрағатта көмулі жатыр.
Теледидарда мың қайтара айтылғандай, репрессия құрбандарын еске алып, ең болмаса жылына бір рет гүл шоғын қоятын ескерткіштер де жоқ. Шымкент қаласында орналасқан мұражай болғанымен, әлі де үн-түнсіз жатқан тас қабырғаға ғана жазылған есімдер талай шындықтың бетін ашары анық. Ал, Түркістанда тарихи да, архитектуралық та құндылығын жоғалтпаған ескерткіш-«Кіші түрме» орны сол күйі сақталып тұр. Талай азапты күндерден сыр шертетін туған-туыстарының, елінің алдында хабар-ошарсыз, кеткен, қан жылатқан, зар заманның куәсі болған түрме бүгінде жеке кәсіпкер Наурызов Юлдаштың жекеменшігіне өтіп кеткен.
Әйтсе де, ескерткіш белгісіз себептерге байланысты жеке меншіктен мемлекет қарауына әлі күнге алынбай тұр. Елбасының 31 мамыр «Арыстарымызды еске алу күні» деген сөзі ескерілмей,«Мәдени мұра» бағдарламасы атты тапсырмасы орындалмай тұрғаны да аса қынжылатады. «Тәуекел» деп, қалаға келген басшылардың ішінен тек Бақытжан Әшірбеков ағамыз ғана«қалалық бюджеттен қаржы қарастырып, аталған нысанды аман алып қалып, елдіктің үлгісін танытамын» деген уәде берген болатын. Алайда, ол кісі де жұмыс орнының өзгеруіне байланысты уәдесін орындай алмай қаладан кетті. Осындай болмашы ғана мыжырайған қоржын тамның мәселесін шеше алмағанымыз, қала әкімшілігіне де, елдігімізге де үлкен сын болып отыр.
Егер осы ескерткіш мемлекет меншігіне алынып, НКВД-ң Кіші түрмесі қайта қалпына келтіріліп, мұражайға айналдыруға шешім қабылданса, репрессия құрбандарының қойылар суреттері, архивтік құжаттары, кітаптары, олардың ұрпақтары туралы да мәліметтер бізде жетерлік. Осы аталған ескерткішті қайта жандандырып, НКВД құрбаны болған атаңыздың атын қайта тірілткіңіз келсе, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайына хабарласуыңызға болады.

«Әзірет Сұлтан» қорық мұражайы
Қайрат Мұсабаев

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *