Түркістан инвестицияға қолайлы аймақ

Топырағынан талай тарланбозды түлеткен, туризмнің ордасы Түркістанға арнайы барып қайтқан едік. Аталмыш қалада екі жылдан бері игерілмеген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қолға алынып келеді екен. Бұл жер телімдері қажетті инфрақұрылым тартылғаннан кейін кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Дегенмен, жерді рәсімдеу құны әлі де қымбат. Бұл мәселені жақында қалаға келген өңір басшысы назарға алғаны бар. Сонда аталмыш салаға тереңірек зерттеу жүргізіп, бағаны белгілеуде бірыңғай жүйе қалыптастыру керектігін де шегелеп тапсырды. Сондай-ақ, қалада туризмнен бөлек, кәсіпкерліктің де тынысы кеңеймек. Олай деуімізге келешегінен мол үміт күттіретін индустриалдық аймақтағы бизнес өкілдерінің жұмысы негіз болмақ.

Түркістан инвестицияға қолайлы аймақ

600 жұмыс орны ашылды

Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта орналасқан екі жоба алғашқы өнімдерін шығара бастады. Жыл соңына дейін тағы қос кәсіпорын іске қосылмақ. Индустрияландырудың екінші бесжылдығының алғашқы кезеңінде 9 зауыт ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде, 545 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бүгінде көне шаһарға тартылған инвестиция көлемі 8 млрд теңгеге жуықтайды. Бастысы, құрылыс кластері дамып, ішкі нарықта отандық өнімнің үлес cалмағы артады. Индустриалды аймаққа алғашқылардың бірі болып орналасқан «Түркістан-Тарасса» ЖШС бас-аяғы екі айда кірпіш дайындау цехын іске қосып үлгеріпті. Күйген қыш орама пештің құрылысына жұмсалып жатыр. Ұзындығы – 72, ені 16 метрлік алып пеш айына 1 млн дана қыш күйдіруге қауқарлы. Кәсіпорын күзге дейін толық қуатқа көшеді. «Әзіретжолқұрылыс» зауыты болса жол жиегіндегі бардюрлер мен аяқ жолдарға төселетін бетон заттарын шығарып жатыр. Қажетті шикізат жергілікті жерден тасымалданғандықтан, тауар бағасы да қалтаға қонымды. Өнім қалдықсыз өңделеді.

Бұдан өзге түркіс-тандық кәсіпкерлер шыны-пластикалық арматура шығаруды да қолға алыпты. Бұл өнім жақын арада құрылыстағы бірқатар темір бұйымдарын алмастыруы мүмкін. Дегенмен, өндірісте әлі қолданылып үлгермеген құрылыс материалына деген сұраныстың аздығынан кәсіпорын аяқтан тұрып кете алмай отыр. Осыны ескерген жергілікті билік кәсіпкерлерге қаланың іргесінен ашылған индус-триалды аймақтан арнайы жер бөліп берді.

Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары:

– Қазір индустриалды аймақта «Түркістантрасса», «Әзіретжолқұрылыс», «Хазрет» және «Мирас даму» ЖШС жұмыстарын бастады. Облыстық кәсіпкерлік бақармасының гранттық жобасы бойынша «Мирас даму» ЖШС 3 млн теңгені ұтып алды. Биылғы қазан айынан бастап алғашқы өнімдерін ұсынатын болады. Мұнан бөлек, «Грант» ЖШС-іне жиһазға қажет ағаштарды өсіруге индустриалдық аймақтан жер бөлінді.

Аймақтағы туындап тұрған мәселе аталмыш жобалар толығымен іске қосылғанда жарықпен қамту мәселесі қиындық туғызуы мүмкін. Бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр. Осыған орай, мемлекет есебінен қосымша станция салынуда. Станция іске қосылса, онда мекемелерге қажетті энергияның тұрақты түрде жеткізілуіне жағдай жасалынатын болады.

Аталмыш жобаларға ұқсас ұсыныстар түсті. Дегенмен, оларды индустриалдық аймаққа орналастырмай, оның орнына инновациялық жобалар болса соларға басымдық беруді көздеп отырмыз. Түркістан — инвестицияға қолайлы аймақ. Кез-келген инновациялық жобаларға қолдау көрсетуге мүмкіндігіміз жетеді. Түркістан қаласынан ғана емес, облыс көлеміндегі басқа аймақтардан да ұсыныс түссе, оған көмек-қолдау көрсетуге дайынбыз.

Мамандар шыны-пластикалық арматура темірге қарағанда үш есе мықты және салмағы одан тоғыз есе жеңіл дейді. Сонымен бірге пластикалық арматуралар біріншіден бойынан тоқ өткізбейді. Екіншіден тотықпайды. Ал 100 метрлік ораманы жеңілдігіне байланысты алып жүру де оңай. Мұны қолмен кесе бересің, майысқыш. Мамандар сонымен қатар, арматураны жылыжай мен құрылысқа қажетті түрлі көлемдегі шыны-пластикалық заттар шығаруға болатынын айтады.

Жергілікті әкімдіктегілер алдымен ішкі нарықты толық зерттеп барып болашағы бар деген инновациялық жобаларды ашуға рұқсат берген. Кері қайтарылған құжаттар да болыпты. Жергілікті тауарөндірушілер ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп болған соң барып отандық өнімді көрші облыстарға шығаруды жоспарлап қойған. Тауарды тасымалдау мәселесі толық шешілген. Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан көне қаладан арысы Иран мен Еуропа елдеріне, тіпті Қытайға дейін созылып жатқан теміржолы бар. Оған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолын тағы қосыңыз. Демек тасымалдан қиындық болмайды дейді жергілікті әкімдіктегілер.

30-014

Қонақтан кенде емес

Киелі жерге келіп, Түркістан кесенесіне зиярат етушілердің қатары күннен – күнге артпаса, кемімейді. Биылдың өзінде тарихи шаһарға 594,8 мың саяхатшы мен зиярат етуші келген. Оның ішінде, 9313-і алыс, жақын шетелдерден арнайы атбасын бұрыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылдарға қарағанда артқаны байқалады.
Туристерді орналастыруға 820 орындық 20 қонақ үйі қызмет көрсетеді. Жергілікті әкімдіктегілердің айтуынша, саяхатшыларды күтіп алуда қонақ үй жетіспеушілігі туындамапты. Есесіне, келген қонақтардың көңілінен шығатын қызметтер көрсетіледі. Ал саяхат жасаушылардың келіп-кетуін «Тұран-Саяхат» және «Нарбеков» туристік ұйымдары қамтамасыз етеді.

Өткен жылы іске қосылған «Зияратшылар орталығына» 2014 жылдың 4 айында 616 адам келіп, олардан түскен табыс көлемі 6222,0 мың теңгеге жеткен. Ал, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 3000 адам келіп, 9998,9 мың теңге табыс түскен.

30-016

Мақтаны тамшылатып суарады

Тамшылатып суару технологиясы бірінші кезекте мақтаны бақылауда ұстап отыруға мүмкіндік береді. Жердегі ылғал бірқалыпты сақталады. Тыңайтқыш өсімдік тамырына өз мөлшерінде жеткізіледі. Соның арқасында өнімділік те жоғары болады. Түркістандық шаруалар болашақта мақтаны полиэтиленді кленка астына егуді қолға алмақшы. Ол өсімдік бойына ыстықты дер кезінде жинауына көмектеседі екен. Мақта шаруашылығының қыр-сырын толық меңгерген диқандар әрдайым ғылым мен өндірісті ұштастырып отырамыз дейді.

– Өнім 15 центнерден аспайтын. Осы жерге екі ұңғыма қазып, арнайы технологияны қолданғаннан кейін 42 центнерге жетті. Гектар бойынша тамшылатып суаруды аз пайдаланғанымызбен екі есе өнім аламыз. Соның есебінен су да, минералды тыңайтқыш та, басқа кететін шығын үнемделеді – дейді, «Тұран ата» шаруа қожалығының төрағасы Хабибулла Азимов.

Бұрын-соңды шаруалар егістік алқабына 10 шақырым жерден ағын суды жеткізе алмайтын. Мақта қанып су ішпеген соң, өнім де ойдағыдай болмаған. Қазір тамшылатып суару әдісінің арқасында шабық та шабылмайды. Өйткені арам шөптерге қарсы химикаттар суға қосылып беріледі. Тіпті күзде барлық өнімді бір сәтте жиып алуға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ, 40 гектар алқапты бар жоғы 5 адам қарайды.

Тамшылатып суару технологиясына қажетті қосалқы бөлшектерді шаруа қожалығы өздері шығарады. Мұның алдын сүзгілер мен шлангаларды Израиль мен Қытайдан тасымалдайтын. Қондырғыларды басқа да диқандарға да күзге дейін қарызға береді.

Бүгінде Түркістан қаласында 1700 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Десек те, әзірге егін алқабының басым бөлігі баяғысынша арық-атызбен суарылады. Тамшылатып суару әдісінің тиімділігін ұғынған диқандар біртіндеп осы тәсілге көшіп жатқанға ұқсайды.

Лаура Сапарбекова

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *