Түйе тұқымын асылдандыратын палата

12-tuje2Бүгінде мал басы көбеюі әрі қоңды болуы үшін тұқымын асылдандыру мәселесі алдыңғы орынға шығып отыр. Ата-бабамыз ежелден құрық ұстап, жылқы үйіріп, қой қайырғандықтан бұл кәсіп бізге таң емес. Сонау ықылым замандардан бері әжетке жарап келе жатқан мал тұқымының азып, ұсақталып кеткен кездері де болған. Бүгінде осы салаға көптеп көңіл бөлініп, мал тұқымын асылдандыруға ерекше мән беріліп жатыр. Сең қозғалды. Енді аталған мәселе бағдарламалар арқылы емес, арнайы палата құру арқылы шешіледі.

Төрт түлік – ырыс болса, түйе соның ірісі…

Биылдан бастап елімізде төрт түлікті асылдандыру бағытында әр облыстың ерекшелігіне қарай арнайы палаталар құрылуда. Шілде айында еліміз бойынша тұңғыш рет Ақтөбеде «Жылқы тұқымдары» палатасы, ал Талдықорғанда «Қой тұқымдары палатасы» құрылған болатын. Ал, жуырда Шымкент қаласында «Түйе тұқымдары» республикалық палатасы құрылып, жұмысын бастады. Палатаның ашылуына орай Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында осы салада тер төгіп жүрген ауыл шаруашылығы ғалымдары мен мамандары бас қосып, келелі кеңес құрды.

Жиынға ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Көпмағамбет Елемесов қатысып осы саладағы түйіні тарқатылуы тиіс мәселелерге тоқталып өтті. Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарынан келген мамандар да ойларын ортаға салды. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылдың басындағы санақпен қазір елімізде 170 500 түйе бар делінеді. Соның ішінде тек 10 376-сы , яғни 6%-ы ғана асыл тұқымды.

12-k%d3%a9pma%d2%93ambet-elemesov-1Көпмағамбет Елемесов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик:
— «Түйе тұқымдары» палатасының ашылғаны осы салаға қатысты біраз түйіткілді мәселенің шешімін табуына түрткі болары сөзсіз. Асыл тұқымды мал басын көбейту палатаның алдында тұрған ең басты мәселенің бірі. Мәселен, сиырға бөлінетін субсидия шешімін тапқан. Сиырға — 20 мың, 1-ші санатты мал шаруашылығында өндірілген сүтке – 25 теңге, 2-ші санаттыда – 15 теңге, 3 -ші санаттыға — 10 теңге көлемінде субсидия беріледі. Шетелден әкелінсе 50 пайыз көлемінде дотация береді. Осы саладағы мәселені шешу үшін, жыртысын жырту үшін білікті мамандар қажет… Бүгінде елімізде 16 палата бар. Алдағы уақытта ара, қоян, марал тұқымдары палатасы құрылмақ.

Түйе тұқымының соншалықты азып кеткен тұсында, асылдандыру мәселесі әлдеқашан қолға алынуы тиіс еді. Асыл тұқымды мал басы Ойсыл қара тұқымында ғана емес, Зеңгі баба, Қамбар ата, Шопан ата тұқымдарында да тым төмендеп кеткен.

Бұл көрсеткіш еліміз бойынша мүйізді ірі қарада 17,0 пайыз, қойда 13,8 пайыз, жылқыда 7,0 пайыз екенін ескерсек, түйе өсірумен айналысатын шаруашылықтардың алдында мал тұқымын асылдандыру үшін үлкен міндеттер тұрғанын аңғаруға болады.

Сондай-ақ, асыл тұқымды мал басын күтіп-баққаны, селекциялық жұмыстар жүргізіп, талапқа сай сапалы өнім өндіргендері үшін тауар өндірушілерге жыл сайын мемлекет тарапынан субсидиялар төленіп келеді.

Тек түйе тұқымынан басқаларына. Бұл жәрдемақылардың шаруашылықтарға қосымша көмек болып жатқаны рас. Түйенің басқа түліктерге қарағанда физиологиялық және анатомиялық ерекшеліктерінің бар болуына байланысты түйе өсіру саласының кейбір көлеңкелі тұстарына күн түсуі тиіс жақтары баршылық.

axmetov-degen-osy-kisiИслам Ахметов, «Түйе тұқымдары» палатасының директоры:
– Бүгінде түйе шаруашылықтары еліміздегі 7 облыста шоғырланған. Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында түйе бағатындар баршылық. Түйе етіне сұраныс жоқ деген ақпарат негізінде жалған. Түйенің етіне де, сүтіне де, тіпті жүніне де сұраныс жоғары. Статистикаға түйе етінің қаншалықты өтімділігі жөніндегі ақпар енбей қалады.

ҚР «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңына 2015 жылдың 27 қарашасында өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Осы Заңның 28 бабының 2-ші тармағына сәйкес, 2016 жылдың 26 тамызында «Түйе тұқымдарының» республикалық палатасы Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде заңды тұлға ретінде тіркеуден өтті. Палатаның алдына қойған міндеттері орасан, оның басқы тізімінде: аймақтардағы түйе тұқымдарының асыл тұқымдыларын тарату және осы тұқымының санын көбейту, түйенің асыл тұқымына статус беру, асыл тұқымдылық куәлігін беру, түйе тұқымдарын импорттау, базаға тіркеу, статус беру және сату кезінде, зауытшылары берген көрсеткіштерді Палатаның бекіткен ішкі Ережелеріне сәйкес тексеру кіреді.
Бұл мақсаттарға қарастырылған бюджеттік қаражат шегінде субсидияланатын, сатылатын өнімнің жыл сайынғы квотасын анықтау, асыл тұқымды кітапты жүргізу және басып шығару да бар.

12-islam-axmetov-5Бақтияр Ахаев, «Үсенов Н» шаруа қожалығының төрағасы:
Бүгінде түйе шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға барынша көмек қажет. Түйенің етіне, сүтіне мемлекет тарапынан субсидия берілсе дұрыс болар еді. Жұмысын бастағалы отырған палата осы мәселелердің шешімін табуға атсалысады деген үміттеміз. Ғалымдардың өзі дәлелдеп отыр ғой түйе сүтінің бірнеше ауруға ем екенін. Ендеше ауруханалардың, мектептердің, мекемелердің мәзіріне шұбатты ендірсе дұрыс болады.

Түйе тұқымының таза қанды, асыл тұқымды малдарын сату бойынша аукциондар (биржалар), көрмелер мен жәрмеңкелер өткізуді ұйымдастыру да палатаның мойнында. Сондай-ақ, шаруашылықтарда қажетті инфрақұрылымды әзірлеуге жәрдемдесу, жарғылық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін инвестициялар мен гранттар тарту да түйе өсірушілерге көп жәрдем болары анық.
Түйе тұқымы мен соған байланысты бизнестің дамуына көмегін тигізетін шетел ұйымдарымен, атап айтқанда жаңа технологияларды енгізу, генетиканы жақсарту, түйе тұқымдарын тарату және байланыстарды нығайту бойынша бірігіп қызмет істеу, түйе тұқымдарын өсіру мәселелері бойынша басқа елдердің Ассоциацияларымен бірігіп қызмет атқару да нәтижелі болары анық.
Түйе тұқымының ішкі және сыртқы нарықтағы саудасының дамуына жағдай жасау да палатаның алдына қойған мақсаттарының бірі болып табылады.

Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *