Субсидия алғыңыз келсе…

вввКөктемгі егіс жұмыстарының басталуына санаулы күндер қалды. Облысымыздағы 70 мыңнан астам шаруа қожалықтың иелері науқанға кірісуге дайын. Тек қолбайлау болып тұрғаны бұған дейін беріліп келген субсидияның биыл бар, не жоқ екендігі. Осы бір белгісіздік шаруаларды әрі-сәрі күйге түсірді. Өйткені, өткен жылдың соңына қарай субсидияның мүлдем тоқтатылатыны және шаруаларды кооперативтерге біріктіретіні жайлы сыбыстар жиі айтылған-ды. Осы жылдың қаңтар айында күшіне енген «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Заң да біраз өзгерістер алып келді. Ал, мемлекеттен берілетін қаржылай қолдаудан шаруалар қағылуы мүмкін бе? Биылғы субсидия беру жағдайы, ауылшаруашылық саласындағы жаңа реформалар мен мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдаулар жайында тарқатсақ…

Субсидия орнына жеңілдетілген несие

Өткен жылы облысымызда 344,6 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілді. 19,6 мың га суармалы жер қосылды. Ал, жылыжайлардың аумағы 1025 га жеткен. Биыл ауылдағы егістік алқаптарының аумағын тағы да арттырып, өнім өндіру межесін ұлғайту жоспарлануда екен.

4 схема
Кедендік одаққа мүше болдық, көрші облыстарға, алыс-жақын шет мемлекеттерге өнімдерімізді экспорттауға шығаратын болған-дықтан, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тоқтап қалмақ емес. Керісінше жалғасын табады,- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Полатбай Жұматайұлы. Басшының сөзіне сенсек, шаруа-лардың алаңдауына негіз жоқ екен. Субсидия беру мүлдем тоқтап қалмаған. Тек басымдық дақылдарға ғана берілмейді екен. Өзгеріссіз қалғандары да бар. Бастысы, биылғы егіс науқанында диқандар шаруасын дөңгелетуде төмен пайызбен несие алуға қол жеткізеді. Күні кеше «Казагро» АҚ Ұлттық басқарушы холдингінің төрағасы Нұрлыбек Малелов көктемгі егіс пен жиын-терімге 60 млрд теңге бюджеттік несие берілетіндігін мәлімдеді. Яғни, ауылшаруашылық тауарын өндіруші екінші деңгейлі банк арқылы 7,41% мөлшерімен несие ала алады. Екінші деңгейлі банк кепілдігімен шаруа қожалықтарына несиелендіру жылдық 5%-дық мөлшерде жасалады.

20151104_165050

Полатбай Тастанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
-Өткен жылы Үкіметке ұсыныспен шығып, шаруаларға «Казагроқаржы» АҚ арқылы 5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беруге қаржы сұрағанбыз. Ұсынысымыз қолдау тапты. Шаруалардың жеңілдетілген несиені 20 ақпанға дейін алу үшін жұмыстар жасалуда. Өйткені, Оңтүстіктің биылғы қысы жайлы, ауа райы жылы болғандықтан, көктемгі дала жұмыстары ертерек басталғалы тұр. Сондықтан, шаруалардың қолына қаржының ертерек жеткенін қалап отырмыз.

Кооперативке бірігу дегеніміз…

«Қазагро» ұлттық холдингі биыл көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына 60 млрд теңге бөлетіндігін айтты. Алайда, бұл қаржыға ие болу үшін шаруа қожалықтар кооперативке бірігуі тиіс.
Копперативке (кооперация) бірігу дегеніміз не? Бұл сөз шаруалар үшін жаңалық емес. Себебі, бұл сатыдан дихан қауым бір кездері өткен. Десек те, жаңа заңдағы анықтамада:
Жаңа заң бойынша кооперацияға біріктіру ерікті түрде жүргізіледі. Оған қосылу-қосылмау дихандардың өз еркінде.

Ауыл шаруашылығы кооперативі (бұдан әрі – кооператив) – табыс алу, кооператив қатысушыларының тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге (қызмет көрсетуге) деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, сондай-ақ, кооператив жарғысына сәйкес өзге де мақсаттарда жеке және (немесе) заңды тұлғалар өндірістік кооперативтің ұйымдық-құқықтық нысанында құрған ұйым.

— Бұл жердегі шаруалардың бірігуінде ешқандай зорлық болмайды. Олар экономикалық көзқарас тұрғысында бірігеді. Бізде ары кетсе 3-5 гектардан 10 гектарға дейін жерге ие шаруа қожалықтар бар. Шағын ғана көлемдегі егіс алқаптан өнім алумен қатар техника алудың өзі тиімсіз. Сондықтан, «Көктемнің бір күні жылға азық» деген. Барлығын уақытында тиімді пайдалануға тырысу қажет. Кооперативке біріккенде мүшелері басшыларын өздері тағайындайды. Өздеріне есеп беріп отырады. Жер ерекшелігіне, құрылуына қарай өз жарғысы, өз регламенті болады. Бұрын шаруалардың кооперативке бірігуі туралы Заң болатын. Олардың бірі екіншісіне қарама-қайшы келіп жататын. Жаңа заңда олардың барлығы біріктірілді. Енді соның талаптары бойынша жұмыс істейміз, — дейді П. Жұматайұлы.

КООПЕРАТИВКЕ БІРІГУДІҢ ТИІМДІЛІГІ:

  • Әр адам бір дауысқа ие болады. Түсінікті тілмен айтқанда, 300 га жері бар шаруамен 3 га жері бар диқанның дауыс күші бірдей
  • Коммерциямен айналысуға мүмкіндік бар (бұрынғы заңда бұған тыйым салынған)
  • Мемлекет тарапынан лизингке техника алуға қол жеткізеді
  • Кооперация мүшелері өздерінің үлес пайызына қарай тиісті пайдасын алады.

Керімқұлов2

 

Керімбай Керімқұлов,
«Керімқұл» ШҚ төрағасы:
— Ауылды жерлердегі шаруаларға кооперативке бірігу бойынша айтылып жатыр. Бұдан хабарымыз бар. Жаңа шыққан заңмен де таныстық. Дегенмен, бұған әзірге асығыстық танытып отырған жоқпыз. Себебі, 1994 жылдары совхоздар тарқағанда мұндай бірігу мәселесін
бастан өткіздік. Ол кезде мал, техника, жер де болды. Төраға да сайланды. Тәжірибе болмады ма әлде заңның әлсіздігі ме техника талан-таражға түсіп, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Сондықтан, бірігу мәселесіне құлшыныс танытып отырғандарды байқамадым.

 

Техника алуға мүмкіндік береді

Мұның алдын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков жаңа заңның ерек-шеліктерін түсіндіру мақсатында арнайы жиын өткізген болатын. Алқалы жиында «Кооперативке бірігудің шаруалар үшін бір пайдасы: техника мен құрал-жабдық сатып алғанда 30 пайызын мемлекет төлейді. Мысалы, трактор 10 млн теңгеге бағаланса, оның 30 пайызын яғни, 3 млн теңгесін бюджет өтейді. Қалған 7 млн теңгені төлеу үшін фермер банктен есепшот ашып салады. Бірақ, банк ол 3 млн теңгені не кәсіпкерге, не техниканы әперетін лизингтік компанияға бермей, транзиттік шотты ұстап отырады. Ал, техника жеткізіліп, фермер «техниканы қолыма алдым» деген актіге қол қойған кезде, әлгі шот ашылып, лизингтік компанияға сол фермердің атынан алғашқы жарна ретінде құйылады. Қазіргі таңда фермерлердің дені техникасыз отыр. Одан қалса, тұқымның жоқтығы, химиялық препараттарға қол жеткізе алмауды қосыңыз. Жердің көбі игерілмей жатыр. Өйткені, фермерлердің ол жерлерді игеруге мүмкіндігі жоқ. Енді жаңа бағдарлама осы олқылықтардың орнын толтырады деген сенім бар», — деді министр.
Еске салсақ, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына 29,1 млрд теңге бөлініп, 12 бюджеттік бағдарламаға 21,0 млрд теңге субсидия қарастырылды.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *