Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ, облыстық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқарма басшысының орынбасары: «Адал жұмыс істеген адамға, қызмет қолдың кірі емес»

– Әдетте бір шенеунік пе, әкім бе, министр ме қызметінен кетсе енді қайдан шығар екен деп күтетініміз рас. Сіз қайда жүрсіз?

– Ия, расында да әкім болып жүргенімде елдің ортасында жүретінмін. Бірақ кейін жер қатынастары басқармасын басқардым. Бүгінде қызметімді ауыстырғанмын.Өздеріңізге белгілі, өңірдегі аумақтық инс-пекция бұрын республикаға қарайтын. Соны Президенттің тапсырмасымен облыстық атқарушы органға берді. Сөйтіп, осы екі басқарма бірігіп, облыстық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы болды. Осында екі ай болды, басшының орынбасары қызметін атқарып келемін.

Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ, облыстық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқарма басшысының орынбасары

Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ, облыстық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқарма басшысының орынбасары

– Әкім де, басқарма басшысы да болдыңыз. Осы екі қызметтің қайсысы жаныңызға жақын?

– Енді әкім деген үлкен жауапкершілігі бар жұмыс қой. Әкім бір елге жауап береді. Түсінген адамға әкім болу – үлкен абырой. Тапсырылған қызметті адал атқарсаң елдің көңілінен шығасың. Қоғамдық пікір қалыптасады дегендей. Базбір әкімдер облыстың әкімімен жақсы болып жүреді. Біреулердің жоғары жақта таныстары болады. Оның барлығы уақытша нәрсе. Елге қызмет еткен адамның бағасын қоғамдық пікір береді, түбінде сол қалады. Мысалы: сізді облыстың басшысы жақсы танығандықтан мақтай беруі мүмкін, ол еңбектің шынайы бағасы емес. Еңбектің бағасын қарапайым халық береді.

– Оңтүстікте «Әкімдер университеті» мықты қалыптасқан ба?

– Қазіргілерді білмеймін, біздің кезімізде өте тәжірибелі әкімдер жұмыс істеді. Қуаныш Айтаханов, Шалатай Мырзахметов, Омарбек Нұржауов, Болат Жылқышиев, Мұхит Әлиев, Байділдә Жылқышиев, Дархан Мыңбай сынды азаматтар бір-бір ауданды қиыншылықтан алып шықты. 2005 жылы сайлауда Елбасы Түркістанға келген кезінде «Жігіттер, Оңтүстікте не ақын болу керек, не әкім болу керек» деп айтқан. Айтпағым, облыста әкімдер университеті жақсы қалыптасқан.

– Қазақта бір түсінік бар ғой, туысқаны қызметте көтерілсе, жеке шаруалармен мазаны алатын. Сізде де болған шығар ондай жәйт?

– Әкім болып тұрған кезімде Францияның Шерберг, Париж қалаларын аралауға он — он екі баладан екі аптаға жіберіп тұрдым. Әр елдімекеннен тұрмысы нашар, аз қамтамасыз етілген отбасының жақсы оқитын өнерлі балаларын таңдадық. Сол кезде ағайындарым балаларын қосқысы келді. Егер қоссам менің құным болмас еді. Облыс әкімі Болат Әбжапарұлына айтқанымда: «Сәке, мұның жақсы бастама екен, неге өз қызыңды қосып жібермейсің?» деді. Кенже қызым Арайлым мектеп бітіргелі жатқан. «Тура осы жерге қызымды қоссам істеп отырған жұмысым, бағдарламаларым жоққа шығады. Себебі, Созақ та өзінің қызы үшін істеп отыр деген әңгіме болады» дедім. Аудан халқының бәрі маған ағайын, туысқан болып есептелді. Егер қызметке өз туысқандарымды тартсам, халықты бөлгенім болмай ма? Д.Қонаевтың бір сөзі бар: «Байлығым ақылымнан асып кетпесін» деген. Байлық асып кетсе адам шатасады. Ақыл жоғары тұрса байлығы өссе де адам өзін жоғалтпай ұстап тұрады.

– Қай басшыны үлгі тұтасыз?

– Әділ Сасбұқаев деген облыста екінші хатшы болған, ауылшаруашылығы басқармасын басқарған. Совхоздан тікелей сол кісінің қарамағына келіп жұмыс істедім. Ол кісіден мен көп тәрбие алдым. Әдекең жайлы әлі күнге құрметпен айтып жүрем. Бердібек Сапарбаев та тікелей елдің қамын ойлайды. Болат Әбжапарұлының да принциптері, халықпен жақын болуы көңілімнен шығады.

– Өмірде кездесетін қиындықтарды қалай жеңесіз?

– Ондай әрине болады, бірақ оның бәрін жеңу керек. Ғалымжан Елшібай айтпақшы: «Тақсыр уақыт бәрін өз орнына қояды». Сондықтан бәрін уақытында дұрыс қабылдап, өзіңді өзің сабырлыққа шақырғаның абзал. Неге десеңіз, себеп-салдар тек қана бір адамнан болмайды ғой. Әртүрлі жағдайлар кездеседі. Менде мынадай түсінік бар: «Өзіңе жамандық пен қиянат істеген адамға Алла тағаладан амандық бер, өзіме сабырлық бер» деп сұраймын. Алла бәрін көріп тұр деп қоя саламын.

Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ, облыстық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқарма басшысының орынбасары

– Қайта әкімдік қызметке шақырса келер ме едіңіз?

– Алпысты алқымдадым. Сондықтан әкім болып жас жігіттердің істегені дұрыс шығар. Менің тағы да әкім боламын дегенім ыңғайсыз болар. Бірақ, жалпы елге қызмет жасау бұл қай жаста болса да артықтық етпейді.

– Мемлекеттік қызметте жүрген жастарға айтарыңыз..

– Мемлекеттік қызметте өсу үшін бірінші білімді болу керек. Қытайдың мына бір нақыл сөзі бар: «Бір жылдығын ойлаған ел егіс егеді, он жылдығын ойлаған ел құрылыспен айналысады, болашағын ойлаған ел саналы, білімді жас тәрбиелейді, сол өркениетті ел болады» деген. Жастарға айтарым, таза жұмыс істеу керек. Әсіресе отыздан асқан кейбір жастар ештеңеден қорықпайды. Үкіметтің қаржысын талан-таражға салып, барлық нәрсені байлық шешеді деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Байлықты өзіңмен бірге алып кете алмайсың, артыңнан адал ісің ғана қалады. Мақтанып кетті деп ойламаңыз, басымнан өткенін айтып жатырмын.

– Рушылсыз ба?

– Өзімді рушылмын деп айта алмаймын. Себебі ру-руға бөлінгенді жаным сүймейді. Бәрін бірдей көремін. Өзім қожамын. Менің қабылдауыма: «Біз қожалармыз» деп келеді. Мен: «Сен халықтың арқасында қожа болып жүрсің» деп айтамын. Сондықтан мен адамның руын емес, жұмыста іскерлігін, адамгершілігін бағалаймын.

– Жұртшылық біле бермейтін қандай өнеріңіз бар?

– Домбыра тартпаймын енді, спорттың ішінде футболды жақсы көремін. Қазір немерем Еркебұланды да үйретіп жүрмін. Түнгі сағат үш-төртке дейін әсіресе «Барселона» командасына, өзіміздің «Қайрат», «Ордабасы» командаларына болысамын.

– Шетелдерге демалуға жиі барып тұрасыз ба?

– Иә, жылда немерелеріммен бірге барып тұрамын. Өткен жылы Түркияға, биыл Дубайға сапарлап қайттық. Дубайды көрген немерем менен: «Қазақстан болашақта Дубай сияқты бола ма?» деп сұрады. Мен құдай қаласа болады дедім.

– Тұлпар мен темір тұлпарларға қызығушылығыңыз бар ма?

– Жас кезімде агроном болып істедім, сол кезде ала атпен жүретінмін. Бәрі мустанг мінген агроном келе жатыр деп күлетін. Сондай-ақ «Москвич» көлігім болды. 1992 жылы көрші ауданда бастық болып істейтін бір жолдасым адам қағып кетіп, «бұл қиын екен» деп рөлге отырмауға кеңес берді. Содан кейін көлікті тізгіндеген емеспін.

– Аңшылық пен саятшылыққа қалайсыз?

– Мен өзім кереметтей аңшы болмасам да достармен бірге саятшылыққа шыққанды ұнатамын. Табиғаты керемет Созақ ауданында Қаратау, Мойынқұм, Шу өзені, Бетпақ, Арқада аң-құстың барлық түрі кездеседі. Көбінесе құсқа шығамыз. Мен өзім таулы жерден гөрі далаға шыққанды жақсы көремін. Далада өскеннен бе, жазық пен кеңдікті, үйір-үйір жылқылар мен түйелердің жайылып жүрген көрінісін ұнатамын. Кеңістікте тынысың ашылып, керемет бір күй кешесің.

– Ұлттық сусынның қай түрін жақсы көресіз?

– Қымыранды жақсы көремін. Сіз қымыран мен шұбаттың айырмашылығы неде екенін білесіз бе?

– Жоқ.

– Батыс жақтағылар түйенің сүтін сауған соң шикідей шұбат жасайды, ал бізде оңтүстікте сүтті пісіріп барып қымыран жасайды. Негізі ғылымда сүттің қай түрі болмасын қайнатып ішуге кеңес береді.

– Отбасылық бизнесіңіз бар ма?

– Жеке кәсіппен айналыспаймын.

– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…

– Жұбайым Әлимамен отандасқанымызға қырық жылдан асты. «Өмірдің бар қызығы бала деген», бес баламыз бар. Үлкен қызым – Ақмарал, Нұржамал, Мұхтар, Сәулеш, кішкентайымыз – Арайлым. Құдайдың берген 15 немересін бағып отырмыз. Мұхтар ұлдан біреу болғандықтан Әлиманың ағасы, қайынағам Абайдың Сәбит деген баласын кішкентайынан асырап алдық. Ол әзірге үйленген жоқ. Сәтін салса ол ұлымыз да үйлі болып қалар. Міне, біздің отбасымыз осындай.

– Зейнеткерлікке шықсаңыз немен айналысасыз?

– Көреміз ғой, немерелерді тәрбиелейміз. Мал шаруашылығымен айналыссам деген ойым бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

2 комментария

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *