Сирияға кеткендердiң тағдыры

Көне Шам еліне оқу үшін емес, жиһад үшін аттанған Қазақстандықтар саны күннен күнге артып отыр. Қазірдің өзінде Сирия жерінде 300-ге жуық қазақстандық «Ислам мемлекеті» ұйымының туы астында соғысып жүр. Мұны қазақстандық құқық қорғау органдарының өздері де растаған. Олардың ішінде бүтіндей отбасын  ертіп, теріс жолға түскендері де бар. Тіпті жақындарына айтпай, баласын тастап кеткен нәзікжандылар да кездеседі. Радикалды-экстремизмге қарсы насихаттау жұмыстарын жүргізіп жүрген дін істері комитеті өкілдерінің сөзінше, олар теріс ағымға ілесіп, алдап-арбаудың құрбаны болған. Сирияға кеткендердің көбі Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының тұрғындары екен. Ал күні кеше ғана Қазығұрт ауданында бір отбасы бес баласын жетектеп, із-түзсіз жоғалып кетуі жұрттың жағасын ұстатты. Бұл отбасының ресми түрде Сирияға аттанғаны расталмаса да, туыстары Марат Мәуленовты Шам еліне кеткен деп болжап отыр.

Сирияµа кеткендердiº таµдыры

eadaily.com

Қазығұрттық бір отбасы қайда кетті?

Шам елінде мұсұлмандық парызын өтеймін деп шекара асқан қазақстандықтар Сирияның өзінде 5 млн босқынның аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз жүргенін елемесе керек. Өз азаматтарын асырай алмаған елде отандастарымызға қандай жағдай жасалмақ? Бұны кеткендер түсінгісі жоқ. Солардың бірі қазығұрттық мұғалім Марат Мәуленов. 44 жастағы ер азамат өзімен бірге отбасын да ала кеткен. Отағасы ауылдағы мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берген. Яғни оқыған, көзі ашық азамат болуына қарамастан осындай әрекетке барыпты. Ауыл тұрғындарының сөзінше, бұл отбасының алты перзенті бар. Ең үлкені он алтыда болса, кенжесі бар болғаны бір жарым жаста. Тұңғышы жарымжан болғандықтан, оны алыс сапарға аттанарда тастап кеткен. Десе де Мәуленовтар отбасының бұл әрекеті туыстарына да, ауылдастарына да жұмбақ күйінде қалып отыр. Себебі Марат Мәуленов 4-5 жылдан бері дін жолына өтіп, намаз оқығанымен, оғаш қылығын байқатпапты. Жары да «жолға шығамыз» деп ешбір жанға тіс жармаған. Тек сақалдылармен бірге жүруі туыстарын да, таныстарын да алаңдатқан екен.

Қалай болғанда да, Мәуленовтердің нақты қайда аттанып кеткенін құзырлы органдар анықтайтын болады. Қазір отбасының Қазығұрт елдімекеніндегі үйінде тексеру, тінту жұмыстары жүргізілуде. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, бұл отбасы алдымен Бішкекке, кейін Түркия арқылы Сирияға кеткен. Десе де әзірге бұл мәліметті растайтын ресми ақпарат жоқ.

Сирияµа кеткендердiº таµдыры

rus.azattyq.org

Бүлдіршінін тастап кеткен келіншек

Жуырда Азаттық сайты Гүлбану Асанованың Қандығаштағы үйінен кетіп, қайтып оралмағаны туралы жазды. Ол үйінен шығарда Ақтөбедегі  күйеуінің жалақысын алуға кетіп бара жатқанын айтыпты. Көп ұзамай жақындары оның кетерде қалдырып кеткен хатын тауып алады. Онда: «Мама, мен кетіп барамын. Бәрі бір Алланың қалауымен. Мені кешіріңіздер, сіздерді жақсы көремін. Ақгүлді сізге тапсырдым. Сирияға кетіп қалдым. Мені іздемеңіздер. Мені өлді деп санаңыздар», – деп қалдырып кетіпті.

Нұржан Тұрсынбай, ОҚО «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің директоры:

– Темір тордың арғы жағындағы жеке кездесулер нәтижесінде 180 ге жуық адам дәстүрлі дінге бет бұрып отыр. Түрмедегі 13 азамат өзінің тәубесіне келіп, «Мен қателескен екенмін. Мен анау Пәкістан, Сирия жеріне барып, адасқан екенмін. Мен дұрыс бағытта жүрмеген екенмін. Көзім қараңғыланып кеткен екен. Маған дұрыс ақпарат бермеген екен», деп өздерінің хаттарын жазып, қолдарын қойды. Сайт мәселесіне келсек, 900 ден астам негативті сайттарға сараптама жасап, тиісті органдарға жіберіп отырмыз. Мамандардың жұмыс істеуі арқасында негативті көзқарастағы адамдардың жолын кесіп жатқан жағдайымыз бар.

«Хатты оқып, сене алмадым. Қызым қоңырау шалып, Сирияға аман-есен жеткенін айтты. Медициналық-санитариялық бөлімде жұмыс істеп жүр екен. Үш рет белгісіз нөмірден хабарласты. Қаншалықты рас айтқанын білмедім, бірақ қаңтарда қайтып оралуға сөз берді. Содан кейін хабарсыз кеткеніне бір ай болды», – дейді Гүлбанудың анасы Ақтоты.

Гүлбанудың қызы Ақгүл небәрі екі жаста. Ол анасын аңсап, біраз уақытқа дейін жылап жүрген. Тіпті тамақ ішпей қойған кездері де болыпты. Бүлдіршіннің әкесі Әліби болса әйелінен гөрі баласы үшін алаңдап отыр.

«Баласын тастап кетіп қалғаны дұрыс болмады. Егер жақсы адам, жақсы ана болғанда, баласын тас-тамас еді. Ол өзінен басқа ешкімді ойламайтынын дәлелдеп берді… Мен намаз оқимын. Сирияға “жиһад” үшін кеткендердің әрекеті оң деп санамаймын. Өзім 20-дамын. Бұрынғы әйелім де 20-да. Екеуіміз 2,5 жыл бірге тұрдық. Арамызда көп түсінспеушіліктер болды. Ақыры ажырасып кеттік. Гүлбану қызына да шетел төлқұжатын дайындап қойған екен. Не үшін дайындағанын білмедім. Екі ай өтпей жатып кетіп қалғаны діндегі сауатсыздығын байқатады», – дейді Гүлбанудың бұрынғы күйеуі.

Сирияµа кеткендердiº таµдыры

Арбауға түскен футболшы

Орал қаласының тұрғыны Айнаш Төреева да Азаттық сайтына берген сұхбатында жалғыз ұлы Талғат пен келінін, немересін бір көруге зар болып жүргенін айтқан. Оның сөзінше «Жастар» футбол клубының бұрынғы қорғаушысы болған 27 жастағы перзенті отбасымен Сирияға кеткен. Екі жылдан соң келіні енесіне «WhatsApp» мобильді қосымшасы арқылы Талғат отырған автокөліктің әуе соққысынан жарылғанын, оның опат болғанын хабарлапты. Содан бері келіні байланысқа шықпаған.

Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти:

– Дін деген бейбітшілікке, тыныштыққа шақыратын нәрсе ғой. Ал, енді адам адасайын десе аяқ астынан. Жастарымыздың басқа ағымға кетіп жатқаны, біріншіден, діни сауатсыздығынан. Діни сауаты жоқ, сондықтан басқа бір ағымдардың сенімін, ахидасын немесе соның жолын алып, сол жол дұрыс деп, радикалды топтарға кіріп кетіп жатқандығы, сол діни сауатының төмендегінен. Ал, енді өзге елге соғысқа, не басқа кетіп жатқандардың арасында өзіміздің дәстүрлі дінді ұстап жүрген бір азамат жоқ. Сондықтан біз жастарымыздың діни сауатын арттыруымыз керек. Көп адамдар осы мәселені айтсақ, «Өй, бәрін молда қылып жібереміз бе» деп қорқып жатады. Жоқ, молда емес, иманды азамат болсын. Қоғамда иманды азамат көбейсе, қоғамымыз да тыныш болады ғой. Сондықтан жастарымыз діни тәлім алудан қорықпауы керек. Қайта жастарымызға кішкентайынан діни тәрбие берсек, ол азамат ертең ата-анасын сыйлайтын, Отанын сүйетін тұлға болып шықпай ма?!

Белгілі болғандай, Төреевтер отбасы облыстың Бөрілі ауданынан Оралға 1981 жылы көшіп келіпті. Талғат екі жасқа толғанда ата-анасы ажырасып кетеді де, ол анасының қолында тәрбиеленеді. ​Айнаш Төреева ұлының бала кезден футболға қызығып, спортшы болуды армандағанын айтады. Спорт мектебіне өзі барып жазылған екен. Талғат спортта бірқатар жетістіктерге жетеді. «Жастар» командасында жүріп, әртүрлі елдерді шарлап шығады. Ал 2009 жылы Қазақстанның премьер-лига чемпионатында ойнау үшін тексеруден өте алмай, футболдан кетеді. Осыдан кейін еңсесі түсіп, намазға бет бұрады. Содан үйге келуін сиретіп, мешітке барып жүріпті. Біраз уақыттан соң сақалын өсіреді. Анасының сөзінше, 2010 жылдан бастап Талғат үйде дайындалған асты ішпейтін болған. Мал бауыздаған кезде ұлы оны міндетті түрде өзінің танысы союын талап етіп, құрбандық шалуда дұға оқылуы қажет деген. Кейіннен Талғат Мария есімді қызға үйленген. Талғат анасына бірден үйлену тойы болмайтынын айтыпты. Біраз уақыттан соң келіні қымтанып орамал тағып жүреді. Оған қоса сыртқа шыққан кезде медициналық бетперде киіп алады екен. Арада жыл өтіп Талғат пен Марияның тұңғышы София өмірге келеді.

Алайда, күн өткен сайын анасы мен ұлының арасында қайшылық ұлғая береді. Талғат қонақ келгенде әйелін көп алдына шығармайтынын айтады да, Айнаштың келіні жабық бөлмеде қызымен жалғыз отыруды дағдыға айналдырады.

Сирияµа кеткендердiº таµдыры

Әртүрлі сылтаумен ұлы отбасын алып, бірнеше рет бөлек шығып, пәтерде тұрған. Қаржылық қиындық туғанда қайтадан анасына келеді. Күндердің күнінде ол әйелі мен қызын алып, үйінен біржола кетіпті. Сол жылы құзырлы органдардан Айнаш Төрееваға ұлының бала-шағасымен Сирияға кеткенін хабарлайды.

«Ұлым ұзақ уақыт байланысқа шықпады. Келінім Маша арқылы ғана хабарласып тұрды. Талғат «аман-саумын, алаңдамасын» деп қана қысқа жауап беретін. Мен одан үйге қайтуын сұрап жалындым. Бұдан соң ол хат жазғанын қойды», – дейді Айнаш Төреева.

Биыл 12 мамырда Мария енесіне Талғаттың қаза тапқанын, күйеуінің денесін көргенін айтып хат жазады. Ол бір ай бойы ұлын жоқтайды. Бертін келе құран оқытып, асын берген. Енді Айнаштың өзі келінінің 87 жастағы жалғыз қарт туысын күтімге алған. Талғаттың анасы күн сайын ең құрығанда келіні мен немересінің аман-сау елге орлауын тілеп отыр.

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *