Шымкентті көгалдандыруға – 500 млн теңге

akim-soveshhanieОблыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Шымкент қаласының дамуы бойынша мәжіліс өтті. Күн тәртібінде қаланың бас жоспарының орындалуы, жол инфрақұрылымы мен қала аумағына ағаш отырғызу сынды үш мәселе қаралды.

Жиынды жүргізген аймақ басшысы Шымкентті еліміздің үшінші мегаполисіне айналдыру үшін Елбасының осы жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асуына барынша жауапкершілікпен қарап, оның дамуына бірлесе күш салу қажеттігін айтты. Бүгінде шаһардағы қала халқының саны 904 мыңға жеткенін ескерген әкім тіркеуге алынбаған бірқатар азаматтардың бар екенін болжап, келер жылы статистикалық мәлімет бойынша қала тұрғындарының саны 1 миллионға жетуі мүмкін екенін айтты.
Мәжілісте Шымкент қаласының бас жоспарының іске асырылуы мен күн тәртібіндегі басқа да мәселелер жайын баяндаған қала әкімі Ғабидолла Əбдірахымов 2025 жылға қарай қала халқының саны 1 млн 200 мыңға көбейіп, көпқабатты тұрғын үйлердің қатары 52 пайызға арту керектігін жеткізді. Бұл мегаполис статусына енудің бірден-бір талабы.

Қазіргі таңда, қала аумағы 80-нен астам ауыл типтес елді мекеннен тұрады. Оның 70 пайыздан астамы жеке сектор болып отыр. Бұл әуелі ол жерлерге инженерлік, көлік және басқа да қызмет көрсету нысандарын салуда бюджеттен ауқымды қаржыны қажет етеді. Екіншіден, жер тиімсіз пайдаланылған. Осы мәселелерді шешу үшін қаланың бас жоспары бекітіліп, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Жиынды қорытындылаған Ж.Түймебаев 2012 жылы бекітілген алғашқы бас жоспарда тұрғын үй қорының 60 пайызы көпқабатты болу керек болса, бүгінде бұл көрсеткіш небары 30 пайызға ғана жеткенін сынға алды. Осыны ескерген әкім Шымкентте баспанасыз жүрген жастарға қол жетімді болу мақсатында әлеуметтік тұрғын үйлерді көптеп салып, қала шетіндегі жасыл белдеудің көлемін 3 мың гектарға дейін ұлғайту керектігін айтты. Шымқаланың әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала көшелерін кеңейту үшін ағаштарды кесуге тура келетінін жеткізді. «Қаладағы бірнеше көшеде, мысалы Н. Төреқұлов пен А. Байтұрсынов көшелерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бірақ, бұл ағаштарды кесуге тұрғындардың рұқсаты қажет» деді.
«Шымкент деген «жасыл қала» мағынасын білдіреді» деп айтқан әкім жыл соңына дейін көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге 500 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді.

Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов бүгінде ағаш сатып алудың оңай емес екенін, оны суғару, күтіп-батпау жұмыстарына қыруар қаражат қажеттігін алға тартты. «Мысалы, Қырым қарағайының бір данасы 60 мың теңге тұрады. Біз кейбір ағаштарды Алматыдан, кейбіреулерін өзіміздің тәлімбақтан сатып алуды жоспарлап отырмыз» деген Жанбосыновтың сөзі облыс әкімінің шамына тиді.

«Неліктен қымбат ағаштарды сатып аламыз деп шештіңіздер. Біздің климатымызға сай келмейтін ағаштарды отырғызып не керек?! Тегін, тіпті арзанға алуға болатын ағаш көшеттері тұрғанда қымбат ағаш егіп не керек? Көршілес жатқан Ташкентті қараңыздаршы. Жарқырап тұр. Ал бізде қала түнеріп тұр. Таразды қараңыздар. Көшелері қандай таза. Әкімшілік-іскерлік орталығында отырған маған қала жасыл емес, сұп-сұр боп көрінеді… Топырақты қалада тұратын сияқтымыз. Шынымды айтсам, Шымкент қаласында жұмыс істеп отырғанымды сезінбеймін» деген әкім ағаш көшеттерін отырғызуға 2 ай уақыт берді.

Жансейіт Түймебаев шенеуніктердің сөзіне сенбейтіндіктен, тәуелсіз сарапшыларды жұмысқа тартқанын да жасырмады. Олар облыс басшысын қаладағы жолдар мен көгалдандыру жұмыстарының барысымен хабардар етіп отырады. Осы орайда ол залдағы жиналғандарға тәуелсіз сарапшылардың қаланың әр нүктесінен түсірген фотосуреттерін көрсетті. Фотосуреттегі кемшіліктерді көрсетіп, осыған жауапты сала маманына сұрау салғанымен, көңіл көншітерлік жауап болмады. Сондықтан да өз ісін атқара алмайтын қызметкерлерге орнын босатуға кеңес берді.

Сондай-ақ, аудан әкімдеріне аумақтарын жиі-жиі жаяу аралауды ұсынды.
Осындай мәселелердің басын ашып, шенеуніктерді бір сілкіп алған өңір басшысы қаланы көгалдандыруды әуежайдан бастау қажеттігіне тоқталып, шаһарды жасыл желекке айналдырып, Шымқала атына лайықты етуді міндеттеді.

 

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *