Сол баяғы жылудың жыры

Шымкенттіктердің қыстың көзі қырауда жылусыз қалуы ғажап емес. Өткен аптада «3-Энергоорталық» АҚ-ның «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамына қарызы 2 млрд теңгеге жуықтағаны жария етілді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, қордаланған қарыздың салдарынан газ таратушы компания көгілдір отынды өшіруге мәжбүр болып отыр. Сөйтіп, бір апта бұрын екі мекеме арасында келіссөздер басталды.

Қала әкімдігі мәселеге араласып, газ таратушы компания жылумен қамтушыларға екі апта уақыт беріпті. Сол екі арада төлемақыны жинау шарасын қатаң қадағалап, нәтиже шығаруы тиіс. Ал шарт орындалмаса, «3-Энергоорталық» көгілдір отынсыз қалады. Бұл дегеніміз, көпқабатты үйлерге жылу беру тоқтатылады. Қазірдің өзінде, газдың қысымы төмендеу, ал қарыз өтелмесе, көгілдір отынның көлемі барынша азайтылады.

– Қазір сағатына 35 мың текше метр газ тұтынып отырсақ, алдағы екі аптада оның көлемі 25 мыңға төмендетіледі. 2 аптада кемінде 400 млн теңге көлемінде ақша жинап, мәселені шешуіміз керек. Бірінші кезекте, барлық тұтынушылар өз қарызын өтеуі тиіс,-дейді Б. Жанбосынов. Белгілі болғандай, «ҚазТрансГазАймақ» компаниясына «3-Энергоорталық» АҚ 1 727 836 713 теңге, «Қуатжылуорталық-3» МКМ 55 229 264 теңге қарыз.

Бір қызығы, салаға жауапты шенеуніктердің әрбірінің берген мәліметтері түрлі түрлі. ОҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынің басшысы Марайым Марғұлан өткен аптада журналистерге берген брифингінде: «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен «3-Энергоорталық» АҚ келісімге келіп, қарыз кесте бойынша өтеліп жатыр. Ескі қарыз бойынша проблема жоқ» деген тұғын. Шын мәнінде, коммуналды төлемдерді зейнеткерлер, тұрақты жалақы алатын бюджеттік мекеме қызметкерлері уақытында төлеп келеді. Сонда, «қарызды жинау» неге сол баяғы қарапайым тұтынушыдан өндірілетіні түсініксіз. «Тез арада 400 миллион теңгедей жинау керек» деген науқан басталып кетті осы кезде. Жиналған қаржымен газ берушілердің талабын уақытша орындау не береді?! Тұтынушының көкейіндегі бұл сұрақ әзірге жауапсыз…

Осы кезде… Шымкенттегі «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің басшылығы 2015-2016 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша тұтынған жылудың ақысын қайта есептейтінін мәлімдеді. Яғни, тұтынушылардың үйіне «жетпеген жылудың» ақысы кері қайтарылады. Мекеменің бөлім басшысы Ә. Душанов «Тұтынушыларға 80 517 662 теңге 66 тиын қайтарылады. Мәселен, 3 млн шаршы метр жылумен қамтылатын болса, 1 шаршы метріне 25-26 теңгеден түседі» деп түсіндірді. Айтпақшы, «Қуатжылу орталық-3» МКМ жылу тарату бөлімі мекенжайын ауыстырды. Ә. Жангелдин көшесі, №13 үй, 1-ші қабатқа барып, барлығын нақтылауға болады.

Енді соғыс ардагерлері жылу ақысын төлеуден босатылады. Мұндай жеңілдікке ие болатындардың қатарында соғыс ардагерлерінің жесірлері де бар.

Р.S. Осы кезде редакциямызға бірнеше оқырман хабарласып үлгерді. Жылу берушілер желтоқсан айындағы жылу бағасын 123,14 теңгемен есептеген. «Шотқа төлем 72 сағат ішінде түспесе, мерзімі өткен әр күнге төлемақы өсімі есептеледі» деп ескерту де жасаған. Осылайша, Шымкенттегі жылу берушілер әр жылы қыста халықтың үрейін ұшырып, «қорқытуды» әдетке айналдырып алды. Расы солай.
Естеріңізге түсіріп көріңіздерші, жылда жылудың жыры бітпейді. Өткен жылы «бағаны көтереміз» деді, сосын қарыздарын айтты… Биыл да сол…
Ал, ауа райын болжаушылар биылғы қыстың ұзаққа созылатынын айтқан…арасында жылы күндер де болады. Мықты болыңыз!

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *