Шымкенттегі азалы «Албастысай»

Саяси қуғын-сүргін жылдарында Оңтүстікте 2500-дей азамат  ату жазасына кесілгені айтылады. Сол арыстардың сүйегі жатқан орын бүгінде  «Қасірет» мемориалы деп аталады. Мемориал аумағындағы терең сай ел аузында «Албастысай» деп аталып келеді. Атынан адам шошитын осы бір сөздің астарында талай құпияның жатқаны анық. 

«Қасірет» мемориалының аумағына енген жанды бір күш әрі-сәрі күйге түсіріп, мұңға бөлейді. Аурасы ауыр. Өйткені, мұнда өткеннің қасіреті, қара тарихы бар. Репрессия заманында көзқарасын, пікірін білдірген көзі ашық азаматтарды «халық жауы» деп атап, ату жазасына кесіп, осы маңдағы ұзыннан ұзақ созылып жатқан сайға әкеліп, қорғасын оққа байлаған. Арыстардың сүйегі осында жатыр.
Мұнда сонау 1937-1938 жылдары репрессияның қанды шеңгеліне ілінген боздақтарды атып, бір шұңқырға көмген. Арасында көмусіз қалып ит-құсқа жем болғаны қаншама. Жендеттің атқан оғынан сәтінде жан тәсілім болмай, шалажансар күйінде өмір мен өлімнің арасында қаншама уақыт азап шеккен құрбандардың дауыстары қозыкөш жерден талып жеткен деседі. Тән жарақатынан жаны қиналған дауыс айналаға естілген. Жергілікті жұртшылық сондықтан бұл мекенге «Албасты сай» деп ат қояды.

«Албасты сай» туралы кеңінен біле түсу үшін жергілікті тарихшы, Шымкенттің өткеніне қанық азамат, Қайтпас шағынауданының тұрғыны Өлмесхан Жәнібекұлын әңгімеге тарттық. Ол кісі «Албастысай» атанған мекеннің тарихын былай тарқатты.

 

Өлмесхан Жәнібекұлы

— Қазіргі «Қайтпас» шағынауданының алабына бабаларымыз өте ертеде қоныстанған. Сол кезде әр ауылды рудың атауымен атайтын. Біздің бабаларымыз алғашқы кезде Билікөл деген аймақтан келе бастаған. Күнкөріс қамымен малын саудаға шығарып отырған. Алматы – Тараз – Шымкент, Сайрам, Ташкент қалалар арасында сауда қатынасы ертеден қалыптасқан. Ата-бабаларымыз сатар малын Ташкент базарларына шығарған. Қайтарында жеміс-жидек, өтімді маталар алып қайтқан. Сонау Тараз жеріндегі Билікөлден малын жүздеген шақырым бойына айдағаннан кейін, қоңын қалпына келтіру үшін осы біздің жерге 5-6 күн бағып, әрі қарай базарға сатуға апаратын. Алғашқы кезде ауылда 20-30 шақты үй болған. Келе-келе үй саны да өсіп, халқы да көбейді. Киіз үйде қоныстанған. Отын-суы, азық-түлігі, құрал-сайманын, малын ұстау үшін терең сайдың ішінен су ағатын арықтың жан-жағынан жер там соғып алған. Сайдың үстіңгі екі жағындағы киіз үйлерінде де тұрақтаған. Кейбір жас жігіттер сайдың жел тимейтін ық жағынан оншақты мал сиятын жайлар жасапты. Артель құрылған кезеңнен бастап бабаларымыз Қайтпас елдімекеніне келе бастаған. Ал, терең сай мал жайылатын жайылымға айналды. Қыз-келіншек апаларымыз сол сайға отын жинауға барып, тезек терген. Машина қайдан болсын. Арбамен тасып, амалдайтын. Екі-үш шақырымдық сайға барып, тезек теріп, отын жинап қайтуға көбіне жастар баратын. Қираған жер үйлердің үйінділері кешкі күн шапағымен шағылысып, құдықтардың құлаған апандары үрей тудыратын. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей кешкі сай көрінісі шынында да қорқынышты еді. Сонда атамыз осында жасырын жазалау орны болғанын үнемі айтып отыратын. Естіген қорқынышты әңгімелер әсерімен отын теруге барған жастар «Албасты көрдік, шайтан көрдік» деген қорқынышынан кейін Тереңсай аталған мекен «Албастысай» атанып кетті,-дейді Өлмесхан қарт бала күнінен естігендерін есіне алып…

— «Милициялар кейде келіп, «сендер түнде атылған мылтық дауысын естідіңдер ме? Естіген жоқсыңдар» деп қатаң айтып кететін. Расында да түнде мылтық дауысы естілетін. Кейде тапаншаның дауысы естілетін» дейтін аталарымыз. Бабаларымыз мекендеген «Атамекен» шынында да қорқынышты көрінетін. Жұрттар Сол жаққа барғаннан қорқатын. Қарапайым халық не білсін. Бай-кулактарды, зиялыларды, дін адамдарын «халық жауы» деп 1930 жылдары «Халық жаулары» дегендерді де терең сайда жазалағандарын ата-әкелеріміз айтып отыратын. 10-13 жасар ағаларымыз күндіз «Албастысайға» барып келіп, көзімен көргендерін сыбырлап айтатын. 40-50 жер үй, жер тамға жазаланғандарды апарып, бірінің үстіне бірін қалап кірер жерін жауып, көміп кететін» деп сыбырлай сөйлейтін,-дейді ақсақал жадында сақталған ауыр естеліктеріне оралып…

Жазалау орны «Албастысай» көп жылдар бойы сырын жасырып келді. Жазаланғандардың саны 2500 адамнан да көп болса керек. Соңғы 20-30 жылда сыры мәлім болғаннан кейін әр жылы 31 мамырда «Жазықсыз жапа шеккендерді» еске түсіру рәсімі өтеді.
— Біздің бала кезіміздегі «Албастысайдағы» бар үйлер, кепелер, жер тамдар қазір жоқ. Құлаған, қираған.

Зұлмат кезеңдегі оқиғаларға «Қасірет» мемориалының жоғарғы жағындағы мүлгіп тұрған «Албастысай» ғана куәгер. Мұрағат деректеріне қарағанда 3000-дай адам атылған деген дерек бар. Шын мәнінде атылғандардың саны беймәлім екендегі рас. 2-3 шақырымдай жерді алып тұрған «Албастысай» алабы қамқорлықты қажет етеді,-дейді Өлмесхан Жәнібекұлы.

 

АЙТПАҚШЫ…

Шымкенттің тұтас бір бөлігін алып жатқан «Қайтпас» елдімекенінің атауын да сол қуғын-сүргін жылдарымен байланыстырады. Зұлмат жылдарында айдауға салып, әкетіп бара жатқан адамдарды «қайтпасқа» кетіп барады» деп айтқан деседі. Расымен де әкетілген жандар қайта оралмаған. Тек мылтығын иығына салған жендеттер ғана кері қайтқан.
Ал, Өлмесхан Жәнібекұлының сөзінше, «Албастысай», «Тереңсай» атауларының «Қайтпас» атауына ешқандай қатысы жоқ. Ол мұны артелдің құрылуымен түсіндірді. «Жасасын» деп аталған артелде жергілікті жұртшылық табысты еңбек етті. Артель – ұжымға дейінгі еңбек бірлестігі еді. Ауданнан көктемде, жазда, күзде уәкілдер келіп ауылымыздың ауыл шаруашылығымен танысып, жоспардың орындалуы мен мемлекеттік тапсырмалардың орындалуы қандай екенін тексеретін. Кейін «Сіздер нағыз еңбексүйгіш қайтпас, қайсар азамат екенсіздер. Бірақ «Жасасын» артелі өз миссиясын атқарып болды. Енді сіздер ұжымға бірігесіздер. Ұжымның жұмысы оңай емес, сіздердей қайтпас, қайсар азаматтарға біз сенеміз. Сондықтан біз сіздердің ұжымдарыңызға қазақтың жақсы сөзі «Қайтпас» есімін қоймақшымыз. Бүгіннен бастап ұжымдарыңыз «Қайтпас» деп аталады деген. Ұсынысты дауысқа салғанда көпшілік қостаған екен» деп айтады Өлмесхан қария.

 

Жанерке ХУМАР

фотосуреттерді түсірген — автор

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *