Шаруаларға тегін жер беріледі

6e50e6c8f33cc5ff3d2819ba0a915383_bigШымкент аумағындағы жердің 62 219 гектары ауыл шаруашылығына пайдалану мақсатында берілген. Қалаға жақын маңдағы елдімекендердің қосылуы есебінен агроқұрылымдардың саны биылдың өзінде 3,5 мыңға артты. Қазір қалада барлығы 4152 шаруа қожалығы тіркелген болса, олар мал басын көбейтумен қатар өз өнімдерін шығарып жатыр.  Шымкент қаласының 2020 әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасына сәйкес ауыл шаруашылығы саласын дамытуда келесі жылдан бастап  біршама өзгерістер орын алмақ. Яғни, өнім көлемін арттырамын деген диқандарға қолдау көрсетілетін болады. Нақты қандай қолдау жасалады? Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбаймен осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстары жайында сұхбаттасқан едік.

20151211_123224

Ғани Құрманбай, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы

-Ғани Тұрысқұлұлы, қаланың 2016-2020 жылдарға арналған даму жоспарында ауыл шаруашылығы саласын дамытуда бірнеше жоба еніпті. Осыларға тоқталсақ…
-Иә, бұл мақсатты жүзеге асыруда жалпы 1221 гектар жер бөлінетін болды. Атап айтқанда, оның 5 гектарында мал сою алаңдары, 136 га индустриалдық тамақ өнеркәсібі, 300 га қарқынды бау егуге, 200 га жылыжай кешені, 100 га гүл және ағаш питомнигін құру, 100 га көкөніс пен бақша егу, 380 га жерге мал шаруашылығын дамытуға беріледі. Мұндағы басты мақсат – шаруаларға қолдау көрсете отырып, сапалы өнім алуды көбейту. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде интенсивті бау егу, жылыжайда тамшылатып суғару секілді жаңа технологияларды қолданған, ауыспалы егісті жүзеге асыру мен асыл тұқымды мал басын көбейтуге қызығушылық танытқан шаруаларға жағдай жасалады. Дегенмен, өнім алуда мейлінше озық технологияларды қолданғандығы ескеріледі. Жай ғана емес, бір айналымда 400-500 тонна көкөніс беруге лайықталған фермерлік жылыжайларды көбейтсек дейміз. Екінші жағынан өнімнің сапасын жақсартуда қолға алуда ғылыми-зерттеу институттарының мамандарын тартып жатырмыз. Шаруалар мен ғалымдардың басын қосып, елдімекендерде семинарлар өткізуді келесі жылы көбейтеміз.
— Бұл бағытта дайындық жұмыстары басталды ма? Қызығушылық танытқан шаруалар қайда хабарласуына болады?
— Жер бөліну мәселесі нақтыланды. Бүгінде М. Әуезов атындағы ОҚМУ 100 гектарға бау егуге және тағы бір кәсіпкер 100 гектарға жылыжай салуға ниет танытып отыр. Жылыжай, тамақ өнеркәсібі, бау-бақша өнімдері, асыл тұқымды мал басын көбейту кәсібімен айналысам деушілер өз жобасын ұсынуына болады. Ол үшін қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміндегі 39-13-08, 39-04-32 телефонына хабарлассын.
— Қаланың ішіндегі мал сою бекеттерін сыртқа көшіру үшін жер бөлініп жатыр екен. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
— Қала аумағында жекеменшікте 3 мал сою бекеті және 7 мал сою алаңшасы ашылған. Күніне онда 200-220 бас ірі қара және 200-300 бас уақ мал сойылады. Хайдар Дулати мен Мәделі қожа көшелерінің бойындағы мал сою алаңшалары ветеринариялық-санитарлық талапқа сай келмегені үшін соттың шешімімен жабылды. Қаланың сыртынан сол мал сою алаңшасына арналған 5 гектар жер бөлінді. Қалалық сәулет және құрылыс бөлімі мамандары жобасын жасап жатыр. Жоғарыда айтылған мал сою бекеттері жабылған жеке кәсіпкерлер және осындай орындарды ашуды ойластырып жүрген азаматтарға сол аймақтан жер беріледі.
— Қала тұрғындарының үйінде мал ұстауына қатысты жаңа жоба әзірленіп жатқанын естідік. Бұл жобаның көздегені не?
-Қазіргі таңда, «Шымкент қаласында жануарларды асырау қағидасы» жобасы әзірленіп, бекітілді. Онда қаланың бас жоспарына сәйкес қала тұрғындарының мал ұстауы бойынша жаңа ережелер ұсынылған. Бұл жобаны облыстық ауылшаруашылығы басқармасына облыстық мәслихаттың бекітуіне жолдадық. Қағидаға сай қала аумағы 3 аймаққа бөлінеді. Мұнда қалада жайылымның және малды айдап өтетін көшелердің жоқ болуына байланысты бірінші аумағында мал ұстауға тыйым салынады. Екінші аймақта тұратындар шектеулі мал басын ғана асырай алады. Үшінші аймақта мал өсіруге рұқсат етіледі. Бұл жобаның картасы да жасалды.
— Мемлекет тарапынан жеңілдікпен берілетін тыңайтқышқа өтінім қабылдау басталды ма? Оны қабылдаудың тәртібі туралы айтып өтсеңіз…
— Биыл шаруаларға 500 тонна минералды тыңайтқыш жоспар бойынша берілді. Енді, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 13 қараша 2015 жылдың №352 қаулысына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдары үшін тыңайтқыш алуға өтінім қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінде осы жылдың 18 желтоқсанына дейін қабылданады.
— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Айгүл Керімбайқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *