Шартты ақшалай көмекті кімдер ала алады?

Әлеуметтік хал-ахуалды жақсартуға байланысты мемлекет тарапынан жан-жақты жағдайлар жасалып-ақ жатыр. Әсіресе, тұрмыс деңгейі аз қамтылған отбасылар үшін «екі қолға бір күрек» боларлық демеулердің көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Осы тұрғыда «100 нақты қадам» аясында жүзеге асырыла бастаған «Өрлеу» бағдарламасы бойынша айта кетуді жөн санадық. Яғни, бұл бағдарламаға кімдер қамтылған және берілетін қаражаттың мөлшері қанша?

Шартты ақшалай көмекті кімдер ала алады?Ең алдымен күні бүгінге дейін төленіп келе жатқан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жайына тоқталсақ. Бiр адамға төленетiн атаулы әлеуметтiк көмектiң мөлшерi – отбасының жан басына шаққандағы табысы мен кедейлiк шегi арасындағы айырма түрiнде белгiленген-дi. Биылғы жылдың 3-тоқсанына дейiн облысымызда кедейлiк шегiнiң мөлшерi 7 115 теңгенi құрады.

Мәселен, аталған әлеуметтiк көмектi алу үшiн отбасы (4 және одан да көп баласы бар) атынан бала күтiмiндегi анасы құжаттарын рәсiмдесе, ал, әкесi өзiн-өзi жұмыспен қамтыған деген анықтама мен өтiнiшiн өткiзу арқылы табыстарын көрсетiп, атаулы әлеуметтiк көмектi алып келдi. Бұл жерде атап өтетiн мәселе, әлеуметтiк көмектi жұмыс iстеуге мүмкiндiгi жоқ мүгедек азаматтар мен жұмыс iстеуге қабiлетi бар азаматтар да алды. Бұдан былай мұндай көз бояушылыққа жол берiлмейдi. Асыраушылардың екеуi де (әкесi мен шешесi) жұмыс iстеуi тиiс. Яғни, мемлекеттің берген ақшасына масылдық жасап, жұмыс істемейтіндерге қаржы берілмейді.

Президенттiң «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарына сәйкес 84-қадамда әлеуметтiк көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берiлетiндiгiн атап көрсеткені белгілі. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгi тарапынан «Өрлеу» жобасы дайындалып, 2015 жылдың 1 шiлдесiнен республиканың барлық өңiрлерiнде пилоттық негiзде ендiру жоспарланған болатын.

Ғалым БОРАНБЕК, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Биылғы жылдың 1 шiлдесiнен бастап, шартты әлеуметтiк көмектi Төлеби, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласында пилоттық жоба ретiнде енгiзді. Осыған байланысты облыс бойынша 34 отбасындағы 238 адамға 6 миллион 642,7 мың теңгеге тағайындалып, орташа мөлшерi 678,8 теңгені құрайтын шартты ақшалай көмек берілді.

Бұрын-соңды атаулы әлеуметтік көмекті кез-келген адамның алуына болатын еді. Бүгінде ең алдымен қаржы берер алдын адамның жұмысқа деген қабілеті есепке алынып, берілген әрбір тиынның тиімді жұмсалғаны негізге алынады. Яғни, тұрғындарды масылдық психологиядан арылтып, еңбекке деген қырын ашуға көңіл бөлінеді.

«Өрлеу» жобасы бойынша шартты ақшалай көмек (ары қарай ШАК) күнкөрiс деңгейiнiң 60 пайызынан төмен тұратын аз қамтамасыз етiлген отбасының еңбекке қабiлеттi мүшелерi жұмыспен қамтудың белсендi шараларына қатысқан жағдайда және олармен әлеуметтiк келiсiмшартты түзу бойынша тиiстi қаржылар бөлiнедi. ШАК мөлшерi күнкөрiс деңгейiнiң 60 пайызы мен отбасының жан басына шаққандағы табысының айырмашылығына тең (2-тоқсанда ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң мөлшерi – 17 787 теңге болды). Үмiткер «Өрлеу» жобасына қатысу үшiн жеке өзiнiң немесе отбасының атынан тұрғылықты жерi бойынша уәкiлеттi органға немесе ол болмаған жағдайда ауылдық округ әкiмiне жүгiнедi.

ШАК отбасының белсендiлiгiн арттырудың әлеуметтiк келiсiмшарты қолданылатын мерзiмге берiледi және үмiткердiң өтiнiшi бойынша ай сайын немесе үш ай үшiн бiр мезгiлде төленедi. ШАК-тың бiр жолғы сомасы бұрынғы қарыздарды өтеуге, тұратын жылжымайтын мүлiк сатып алуға, сондай-ақ, сауда саласындағы қызметтердi жүзеге асыруға арналған шығындардан басқа, әлеуметтiк келiсiмшарт бойынша мiндеттердi орындауға байланысты iс-шараларға ғана, оның iшiнде жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құсын және т.б. сатып алу), жеке кәсiпкерлiк қызметтi ұйымдастыруға қолданылуы тиiс.

Лаура Сапарбекова

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *