Шалғайдағы шымкенттіктер үшін жаңа автобус әкелінеді

Былтыр қала көшелерімен күніне 400 мыңдай жолаушы тасымалданса, биыл бұл көрсеткіш 440 мыңға жетті. Бірақ, түрлі бағыттарда қатынайтын автобустардың саны ұлғаймады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының кезекті жиынында айтылды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа тапсырған есебінен мәлім болғандай, Шымкент тұрғындары мен қонақтарын діттеген жеріне жеткізуді мойнына алып, түрлі бағыттарға автобусын жүргізетін 29 компания бар. Күніне осы компанияларға тиесілі 1130 автобус ары-бері қатынайды.


Автобустар таңғы сағат 7:00-ден түнгі сағат 22:00-ге дейін қатынайды десек, әр күні сағатына орташа есеппен 29-30 мың жолаушы тасымалданады. «Жаңартылған автобустардың саны артуда. Жағдай кері қарай емес, алға қарай жылжуда. Атап айтқанда, 2013 жылы жаңартылған автобустардың саны 250-ге жетсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 305 автобусты құрады. Өткен жылы тағы 210 автобус-пен толықты» деп мәлімдеген Қ. Жұматаев сәйкесінше қозғалыс жиілігі 80 пайызды құрап, халықтан келіп түсетін шағымдар едәуір азайғанын хабарлады.
Жолақы өсті, сапа жақсармады

Әйткенмен, сырттағы шаруа-сы автобустың жайына қараған жұртшылық үшін осы қоғамдық көліктер «қоғамдық» атауына жарамай-ақ тұр. Өйткені, тұрғындар тарапынан тасымал сапасына қатысты шағым көп. Жолақыны 50 теңгеден 70 теңгеге көтерілгеніне жарты жылдың жүзі болса да қалың бұқараның «жолақы өсті ғой, енді жағдай дұрысталар» деген үміті ақталғаны байқалмайды. Билік пен компаниялардың «бағаны өсірмесек, сапаны жақсарта алмаймыз» деп алға тартқан уәжі де әзірге ауада қалқып тұр.

Бұл сөздерді әкім аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Дадахан Юнусметовтің айтқаны да растай түседі. Бас инспектор бөлім басшысы Қуатжан Жұматаевтың сөзінен кейін облыс орталығындағы жолаушылар тасымалының жұмысы бойынша ауқымды анализ қорытындысын назарға ұсынды.

«Автобустарда жолаушыларға билет таратылмайды. Автобустардың санитарлық жағдайы нормаға сәйкес келмейді. Салонында жолаушы тасымалдаушы туралы ақпараттар ілінбеген. Адамдар арыз-шағымдары бойынша хабарласатын телефон нөмірлері көрсетілмеген. Жолаушылар мен кондукторлар арнайы киімсіз жүреді. Көліктердің 60-70 пайызының техникалық жағдайы ешқандай сын көтермейді. Қозғалыс графигі тіпті сақталмайд» деген бас инспектор кешкі уақытта қатынайтын жалғыз көлік компаниясы барын, ол компанияның «Green Bus» екенін атап айтты. Басқалары кешкі сағат 19:30-дан кейін тоқтап қалады. Дәлел ретінде, арнайы түсірілген видео көрсетілді.

Жиын соңында қоғамдық көлік тасымалы талаптарын орындамайтын, алдымен жолаушының жағдайын емес, қалтаның қамын ойлайтын, күн батса бағытынан ізім-қайым жоғалатын мұндай компаниялардың басшылары жауапкершілікке тартылады деп шешілді.

Шалғайдағы шымкенттіктер үшін жаңа автобус әкелінеді
Шымкенттің аумағы кеңейіп, қала қатарына қосылған елдімекендер саны көбейді. Осыған байланысты шалғай елдімекен тұрғындарын тасымалдау жайы да қиындады. Автобустары сол жаққа қатынайтын компаниялар жолаушы санының аздығын, жолдың алыстығын сылтауратып, қатынас жиілігін төмендетіп, сапаны құлдыратып жіберді. Тасымалдаушы компаниялардың бәрі де жекеменшікте болғандықтан әкімдік тарапынан олардың бұл ісіне қандай да бір шара қолдану мүмкін болмай отыр.

Осыған байланысты биылғы жаздың ортасында «Шымкент bus» атты көлік компаниясы құрылды. Әуелде қала әкімдігі коммуналды автопарк құрмақ болған еді. Бірақ табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ОҚО бойынша департаменті мұндай автопарк құруға рұқсат бермеді. Сондықтан да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қала әкімдігі мен «Green Bus» ЖШС арасында екіжақты келісімге қойылды. Осылайша «Шымкент bus» муниципальді автопаркінің 49 пайыз үлесі – қала әкімдігіне, ал қалған 51 пайыз үлесі – «Green bus» ЖШС-не тиесілі.

Енді осы муниципальді автопарктің басқаруымен жаңа автобустар әкелінеді. Бұл автобустар қаланың шалғай елдімекендеріне қатынайды. Дәлірегі, қазір 10 әлеуметтік маңызы бар бағыттың қозғалыс сызбалары дайындалып, облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылды. Тізім облыстық мәслихаттың желтоқсан айындағы сессиясында мақұлданса, онда 2017 жылдан кейін осы бағыттардағы қозғалысты субсидиялауға 1 млрд теңгедей қаржы қажет болады. Осы әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қатынауға 150 автобус әкелінеді. Ал бағыттардың шығыны бюджет есебінен өтеледі.

Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *