Шәмші туралы үзік сыр

ШШәмші Қалдаяқұлын Қазақстанда білмейтін жан жоқ. Оның «Менің Қазақстаным» әні көптеген жылдар бойы қазақ халқының ресми емес әнұраны болып келді. 1986 жылдың қысында қазақ жастары Алматы алаңына да осы әнмен шықты. Бұл әнді қазір аулада ойнап жүрген балалардың да, сап түзеп кетіп бара жатқан сарбаздардың да айтқандарын көруге болады. Сазгердің «Ана туралы жырын» Моңғолиядағы қазақ мектептерінің оқушылары күн сайын сабақ басталарда айтатын болған. Бұл ән өзбек, татар және орыс тілдеріне аударылып шырқалды да. Ұлы сазгер қазақ өнер қайраткерлері делегациясы қатарында Татарстанға барғанда әуежайда «Қош келдіңіз қазақ халқының ұлы композиторы!» деген үлкен жазу жазылған плакатпен қарсы алған.

Көптеген танымал әндердің авторы, Шәмші Қалдаяқұлының өмірі өте күрделі болды. Ол шығарған әндердің қазақ еліндегі танымалдылығы, «Битлз» тобының әндерінің әлемге танымалдылығындай еді. Шәмшінің әндері радиодан берілісімен-ақ бүкіл елге лезде тарап кете беретін. Себебі, сазгердің әр әнінің ерекше әуені мен өзі таңдаған ақындар жазған сөздері үйлесімін тауып жататын.
Ол нағыз қарапайым жан болатын. Онымен жақын барып сөйлесу ешкімге де қиындық келтірмейтін. Бірде көшеде бір бейтаныс жігіт сазгерді тоқтатып, «Менің аты-жөнім Қалқожа Жолдықожаұлы. Сіз неге керемет өзеніміз Арыс туралы, біздің жақтағы сұлу қыздар туралы ән шығармайсыз?» деп сұрақ қояды.
Осылайша сөзін танымал ақын Мұхтар Шахан жазған белгілі «Арыс жағасында» әні дүниеге келді. Бірақ көркемдік комиссия мүшелері әнді қабылдамады. Комиссияны жеңіп болмайтынын түсінген композитор Ескендір Хасанғали мен әнші Нұрғали Нүсіпжан дыбыс жазу студиясында жарты сағаттың ішінде әнді екі дауыспен орындап жаздырады да, ән радиодан беріледі. Ән бірден көпшілікке ұнайды.

Шәмшінің туындыларына кедергілер көп болды. «Менің Қазақстаным» әні шыққанда әннің сөзін шығарған Жұмекен Нәжімеден екеуі «Мәдениет және тұрмыс» журналына апарады. «Біз мұндай әнді жариялай алмаймыз. Коммунистік партия туралы бір сөз жоқ бұл қандай ән өзі. Партия біздің жолбасшымыз, осы туралы шырқау керек!», — дейді бір жауапты қызметкер. Күйіп-пісіп жүріп Жұмекен ақын тағы бір шумақ шығарды:
Жеті жыл жоспары,
Жеті қыр асқаны.
Думанды бастады,
Қазақтың жастары.
Қазір бұған кейбіреулер күле қарар. Ал, бәрі саясаттандырылған ол кезде бұл жағдайға күлгендер болса езуін жия алмай қалар еді.
Ол өте сезімтал жан болатын. Иә, ол ішетін. Оның көп ішетіні туралы да алып-қашпа әңгіме, өсек-аяң көп болатын…
Оның әндерін бүкіл Қазақстан сүйіп айтатын. Оны халық жақсы көрді, бірақ билік мойындамады. Республикадағы ең танымал композиторды ең жақсы түсінуі тиіс-ау деген композиторлар Шәмшіні Композиторлар одағына қабылдамады. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен дегендей «Менің өлеңдерім болмаса, Шәмшінің әндерінің не болғанын көрер едім» деп бөсетіндер де табылып жатты.

Оны қазақ вальсінің королі деп атап жатты. Бірақ Шәмшінің вальс королі болғысы келмегенін ешкім де білмейді. Бірде сазгер бір жақын адамына: «Мен басқа да музыкалық шығармалар жазар едім, әттең вальс мода болып тұр ғой» деп айтқан.
Мен сазгердің қарындасы Раушан апайдың үйінде болғанымда:
— Шәмші ағаның сыған қызына ғашық болғаны рас па? – деп сұрадым. Шынында да бірде Шәмші екі айдай жоқ болып кетеді. Кейін
қарындасы Раушанға сыған тобырында болғанын былай деп айтыпты: «Мен онда барған себебім, бүкіл әлемде бытырап көшіп жүрген сығандардың қандай адамдар екенін білгім келді. Менің түсінгенім олардың музыкасы сан қырлы, әуезді әрі өте күрделі екен, соны білдім. Жоқ, мен сыған қызына ғашық болған жоқпын. Бір қыз бар еді – Изольда, менімен бірге жүрмекші болды, қаласам маған тұрмысқа да шығуға келісер еді. Бірақ, мен оған мұндайды, қазақтар да цығандар да түсінбейді, деп райынан қайтардым.
Біраз уақыттан соң бүгіндері көп орындалып жүрген «Цыған серенадасы» дүниеге келеді. Сазгердің сығандардың арасында болғанын осы әннің өлеңін жазған атақты ақын Қадыр мырза Әли де өзінің «Иірім» атты естелік кітабында растайды.

Атақты «Тамды аруы» әнінің шығуы да қызық. Сазгер бұл әнінің де сөзін досы Қадыр Мырза Әлиге жаздыртқан.
— Бұрын-соңды Бұхара облысының Тамды ауданында болғаның бар ма? – деп сұрайды ол бірде ақыннан.
­— Жоқ, болғаным жоқ!
— Елі жомарт, ақкөңіл. Аузын ашса, көмейі көрінеді. Мені сұмдық жақсы қарсы алды. Кетерде қоштасу кеші болды. Сонда мен елдің алдында «Тамды аруы» атты ән шығарамын деп уәде бердім. Арт жақта отырған бір бозбала орнынан тұрып: «Аға, егер де сондай ән шығара қалсаңыз, өлеңін Қадыр Мырза Әлиге жаздырыңызшы!» дегені бар емес пе. «Жақсы, айналайын! Жаздырайын! Ол өзімнің бауырым ғой!» деп едім, ел ду қол шапалақтады. Енді соны жазуың керек.
Қадыр Мырза Әли бұл жолы да досының көңілін қимай көрмеген, білмеген жері туралы болса да, өлең жазып берген.
Өлең тани білетін сазгер мәтінді оқығаннан кейін ақын досына: «Жақсы! Көрерсің әлі, бұл айтылатын ән болады!»,- деген екен. Бұнысы расқа айналды. «Тамды аруы» әлі күнге дейін шырқалып келеді.

Ел арасында Шәмшіні құрметтеушілер аз болған жоқ. Олардың басым көпшілігі қарапайым еңбек адамдары болатын. Бірде ақын Еркеш Ибраһим Шәмшіні қонаққа шақырады. Сазгер ақынның үйінде он шақты күн жатады. Еркеш Шәмшінің әндеріне өлең шығарады. Бос уақытында ауылдарды аралатып, кездесулер ұйымдастырады. Бірақ атақты Шәмші келіпті деп жергілікті басшылар селт ете қоймайды. Тек соңғы кездесудің соңында бір азамат шығып: «Өнерің үстей берсін бауырым! Бұл аймақ өнер сыйлайтын өнегелі аймақ еді. Ақанды туған, Біржанды туған ел ондай болмағанда, қандай болу керек? Әйтсе де, бүгінде бәрі өзгерді. Азып барамыз… Сен әр түнеген жеріңде тұлпар мініп, жатқан жеріңде шапан киюің керек еді. Байқаймын, олай болмаған сияқты. Мен өзім еңбекақыммен күн көріп отырған жұпыны шаруамын. Бір сиыр, бір атым бар. Сол жалғыз атымды сыйға тартамын. Жаяу келіп, жаяу кеткенің жараспас, мін соны! Мен бір жылқы бергеннен кедейленіп, сен бір ат мінгеннен байып кетпессің. Бірақ ата салты ғой, бас тарта көрме!», — депті. Бұл Шәмшінің өзі айтқан әңгіме.

Шәмші көзі тірісінде аты аңызға айналған адам. Аты шыққаны соншалық оның кеңінен жайылған атын басқа біреулер пайдаланатын болған. Сазгермен жақсы таныс болған менің әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы бірде пойызға билетсіз мінбек болған біреудің өзін «Мен атақты Шәмшімін, неге мені тегін мінгізбейсіңдер?» деп вагонның жолсеріктерімен салғыласып тұрғанын өз көзімен көргенін айтып еді. Шәмшінің атын жамылған кейбіреулердің сазгердің дарынына табынушыларды алдап, ресторандарда тегін тамаққа тойып, арақ-шарапты мас болғанша ішіп алып, шалқып жүруі аз болған жоқ.

Шығармашылық адамды көбінесе жұбайларының түсінбеуі бесенеден белгілі ғой. Ұлы Шәмшіні әйелі түсінбеді. Өзі сотқа беріп ажырасты. Көп уақыт өткеннен соң, қайтадан қосылайық деді. Шәмші көнбеді. Бірақ Шәмші өз балаларынан жерінген жоқ. Қолынан келгенше көмектесіп тұрды.
Енді бірде қолын бәріне бір сілтеп, жаңа өмір бастамақшы да болды. Жамбыл қаласының маңындағы тұрғындардың басым көпшілігі дұңғандар тұратын бір колхозда шығармашылық кездесу барысында өзіне бізге келіп тұрамыз десеңіз, құшағымыз ашық деген сөзі есіне түсті. Ондағылар Шәмшіні құшақ жая қарсы алды. Дегенмен үй салуға қаржысы жетпеген сазгер құрылысты тоқтатып, гаражын үй қылып тұра береді. Өзі тамақ дайындап, өзі кір жуып дегендей…

Иә, Шәмшінің өмірі оңай болған жоқ. Әндерінің кең тарауы өз жемісін әкеліп «Қазақ ССР-ы өнеріне еңбек сіңірген қайраткер» деген атақ аламын ба деп үміттенді. Себебі, бұл атақ ел таныған, бірақ билік танымаған сазгерге өмірлік зейнетақысын қамтамасыз етер еді. Бірақ, 1989 жылдың жазында қазақ халқының ең сүйікті композиторына «Қазақ ССР — на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілді. Әрине, екі атақтың арасы жер мен көктей еді. Бұл хабарды вальс падишасы Шымкент қаласына жақын Ленинск (қазіргі Қазығұрт) ауылында қазақ халық әндерін жинаушы жасы кіші досы Райымқұл Темірбектің үйінде отырып, газеттен оқып біледі. Сосын… Тамаша әндерімен елін 35 жыл сусындатып келген сазгердің көздерінен парлап жас ақты. Шәмші жылады. Ұлы Шәмші көз жасынан ұялмай ұзақ жылады.

Көңілі құлазыған бір шақта ұлы сазгер қолына қаламын алып, былай деп жазды:
Мені Шәмші деп сыйлайтын қымбатты бауырларыма!
Мен осы алпыс жыл өмірімнің ішінде қазақтың небір ұлы азаматтарымен сырлас, достас, дастарқандас болдым. Небір өкінішті, өткір күндерім де соларға аян.
Былтыр алпысқа толғаныммен, не Композиторлар одағына мүше емес, не зейнетақы, атағым жоқ, өзім науқас, айдалада қалған шағымда солардың ешқайсысы мені іздеген жоқ. Мен туралы бір ауыз сөз, жылы лебіз білдірмеді. Мұқағали секілді мен де бұл дүниеден таршылық, жоқшылықпен өтіп барамын.
Шәмші.
Қараша айының 7-жұлдызы, 1991 жыл.

Ол 1991 жылдың 16 қарашасында ауы-рып, ауруханаға түсіп, 1992 жылдың 22 ақпанында шықты. Турасын айтқанда оны алып шықты.
1991 жылдың 29 желтоқсанында ұлы сазгерге «Қазақстанның халық артисі» атағы берілді. Осы атақпен ол алпыс күн ғана ғұмыр кешті.

Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *