Сенімхат алдымен өзіңізге қажет

Жуырда ғана елімізде жол жүру ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Онда темір тұлпарды тізгіндегендерге қажет сенімхат қолданыстан алынып тасталды делінген. Әрине, бұл өзгеріс қазір жүргізушілер арасында түсініспеушіліктер тудырып жатыр. Осы орайда облыстық ішкі істер департаменті, әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Тастанбеков Алмасхан Мәмбетұлымен сұхбаттасқан едік.

облыстық ішкі істер департаменті, әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Тастанбеков Алмасхан

облыстық ішкі істер департаменті, әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Тастанбеков Алмасхан

– Алмасхан Мәмбетұлы, жаңа ережедегі басты өзгерістер жайлы айтып өтсеңіз…

30-006– Ия, өздеріңіз білесіздер, 23 шілдеден бастап елімізде халықаралық конвенцияға сай келетін жаңа жол жүру ережесі қолданысқа енді. Бұл ережедегі негізгі өзгеріс сенімхатқа байланысты деп айтар едім. Мәселен, сенімхат талап етілетін құжаттар тізімінен мүлде алынып тасталған жоқ. Тек бұған дейін көлікті басқарушы адамға қажет болса, енді ол міндетті емес, тек ерікті түрде қалды. Бұл жерде түсіндіріп өтетін тұсы бар. Егер сіз, мысалы, көлігіңізді саттыңыз делік. Ал бізде кездесетін жәйт — көлікті сатып алған адам темір тұлпардың құжатын өз атына толық аударып алмайды. Басты сенімхатпен, яғни, сатуға-жүргізуге арналған сенімхатпен басқарып жүре береді. Бір ғана мысал — қазір көшеде фоторадар мен интеллектуалды камералар көп. Соның біреуінде сатылған көлік жүргізушісінің жол жүру ережесін бұзған сәті жазылып қалса, айыппұл көліктің бұрынғы иесіне барады. Яғни, машинаның техқұжатында аты-жөні жазылған адамға. Ол көлікті сатып жібергенін техника білмейді ғой? Ал қазір, өзіңіз білесіз, айыппұлы болса, сол адамның, яғни, көлік иесінің банктегі есеп-шоты мен карточкасы бұғатталып қалады. Түрлі келеңсіз жағдайлар туады. Міне, сонда көлігін сатып жіберген адам айыппұл қағазын алып, полицияға келеді. Басты сенімхатын көрсетеді. Сол кезде біз айыппұлды көлікті сатып алған адамға, қазіргі жүргізушіге аударамыз. Ал егер көлікті сенімхатсыз, тек сақтандыру полисімен басқарған жағдайда біраз түсініспеушіліктер туындайды. Міне, басты сенімхат осындай жағдайда қажет болады. Ал ең дұрысы — мен азаматтарға көлікті сатқанда және сатып алғанда мүмкіндігінше құжаттарды қайтадан рәсімдеуге кеңес беремін. Сонда уақытыңыз да, ақшаңыз да үнемделеді.

Екінші өзгеріс техникалық байқауға байланысты. Қазіргі өзгеріске сәйкес шыққан жылы жеті жылдан аспаған көлікті техникалық байқаудан өткізуге міндетті емес. Сенімхат секілді бұл да көлік иесінің өз еркінде. Бірақ, бұл өзгеріс жолаушыларды тасымалдайтын таксилер мен шағын автобустарға қатысты емес. Бұл көліктер техникалық байқаудан өтіп тұруы тиіс.

– Ал көліктерді автотұраққа қою тәртібінде қандай талаптар өзгерді?

– Ия, жаңа ережеде көліктерді тұраққа қоюда белгілі бір жеңілдіктер жасалып отыр. Дегенмен өзгерістер енгізілді деп, көлікті кез-келген жерге тастап кетуге болмайды. Машиналарды тоқтатуға және қоюға болмайтын арнайы орындар бар. Мәселен, көшелердің қиылысына 30 метр жерден жақын қоюға болмайды. Сосын көпірлерде, жер асты өткелдерінде көлікті қою түгілі тоқтауға болмайды. Одан кейін тоқтаймын деп, көшедегі жол белгілерін жауып қоймауыңыз керек. Әсіресе, үлкен жүк көліктері тоқтағанда қозғалыстағы өзге көліктердің жүргізушілеріне кедергі болмай, олар жол белгілерін анық көруі тиіс. Бұған қоса көшелерде сызылған жаяу жүргіншілердің жолағының үстіне, оған дейін 5 метрге дейінгі жерге, қоғамдық көліктердің аялдамасына дейін және кейін 15 метр жерге көлікті қоюға болмайды. Азаматтар қосымша жол үстіндегі белгілерге де назар аударуы тиіс. Яғни, әр жүргізуші көлікпен тоқтауға және қоюға болмайтын белгілерді жатқа білуі тиіс.

30-004– Халықтың талқылауын тудырған автоорындықтар туралы айта кетсеңіз…

– Жол жүру ережесінде бұл талап қолданыстан алынып тасталған жоқ. Оған сәйкес, кез-келген жолаушы тасымалдайтын көліктерде балаларға арналған арнайы автоорындықтар болуы тиіс. Алайда бұл тәртіпке қазір уақытша мораторий жарияланды. Себебі, елімізде мұндай орындықтар тапшы. Дегенмен, алдағы уақытта бұл талап міндетті түрде қолданысқа енеді. Ол күн 1 тамыз бола ма, 1 қыркүйек бола ма әзірге белгісіз. Жалпы, бұл өзгерістердің барлығы алдымен жүргізушілер мен жолаушылардың өз қауіпсіздігі үшін қажет екенін тағы бір еске салар едім.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Нұрлан Бектаев

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *