Сая ҚАСЫМБЕК, драматург: Қаламгер мен қоғам екі дара өмір сүрмеуі керек

Сая Қасымбек

фото © Әйгерім Бегімбет

Жақында Ж.Шанин атындағы  академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек Астанаға барып қайтты. Астаналық көрерменнің ықыласына бөленді. Елордадағы Жастар театры драматургтың «Лифт» пьесасын қойып, баршаны бір серпілтті. Өмірге, өнерге құштарлықты өзінен үйренуге болатын Азаматтың көкейіндегі ойы мен көңіліне түйгенін оқырманға жеткізген абзал деп ұқтым. Республикалық, жергілікті баспасөз беттерінде Астанадағы қойылым туралы аз жазылып жатқан жоқ. Дегенмен, бұл сұхбаттың да сізге, оқырман, берері бар.

— Сая ханым, біріншіден өзіңізбен қауышқаныма, Сіздің Елордадан көңіліңіз толып оралғаныңызға қуанышты екенімді білдіргім келеді. Астаналық театр туындыңызды сахналайық деп, өздері ұсыныс жасады ма?
— Астана Жастар театрында «Наурыз Ару» деген ертегімнің жүріп жатқанына екі жыл болды. Көптен бері жанымды мазалап жүрген «Тексіздер» деген пьесамды жазып біткенім сол еді, Жастар театрының әдебиет бөлім меңгерушісі Назерке Жұмабай телефон шалып, «Апай, наурыз келе жатыр. «Наурыз Ару»-дың бірнеше беттерін жоғалтып алдық. Электронды нұсқасын почтама салып жіберіңізші?!»- деп өтінішін айтты. Артынша; «не жазып жатырсыз?» — деп сұраған соң, енді соңғы нүктесін қойған пьесамды қысқаша айтып бердім. Назеркенің қызыққаны сонша, жедел электронды почтасына салуымды өтінді. Ертеңіне Назеркем телефон шалып, театрдың режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев ағамызға бергенін, ол кісі үйіне әкетіп оқып, таңертеңгілік артистерге оқып берсе, барлығы бір дауыстан қоюға шешім қабылдағанын айтты. Таңғалдым. Тіпті, рөлдерін бөліп үлгеріпті?!. Сөткесіне жетпей сонау Астана сахнасына жол тартқан туындым болды.

— «Лифт» арқылы қоғамның өзегін өртеген тұсын көрсетсем деген ойыңыз іске асты деп айта аласыз ғой?
— Қаламгер мен қоғам екі дара өмір сүрмеуі керек. Қаламгер, әрдайым қоғамдағы қақтығыстың күре тамырында жүруі тиіс. Сол кезде ғана шынайы туынды дүниеге келеді. Мың жерден әспеттегеніңмен, көрерменің — бүгінгі қоғам мүшесі болғандықтан, сахнадағы «көзбояушы» қойылымнан көңілі «май ішкендей кілкіп» шығары анық. Соңғы кездері тіршілік есігін ашып үлгермеген шараналарға жасалған қиянаттан төбе шашың тік тұрады. Қасқыр екеш — қасқыр да, жатырын жарып шыққан бөлтірігін, арқалап жүріп ауыздандырғанда, «екі аяқтылар әлеміне» не жау тиді?! Бүгінгі шарана — ертеңгі қоғамның белді азаматына айналатынын неге ескермейміз?! Сол — шарананы хайуандықпен қорлап жатқандар, «олардың» да өздері сияқты жүрегі соғатынын, жаны ауыратынымен неге санаспайды?! «Қызға қырық үйден тыю» дегенді жайдақтатып жібергеніміз сонша, таяқтың екінші ұшы — нәрестенің өмірге келуіне себепкер «еркектің» жауапкершілік алдындағы жүгенін сыпырып қоя бергенбіз. Олар неге жауапкершіліктен қашады?! «Тәтті кезінде» табылады да, «ащы кезінде» ғайып болатыны қалай?! Неге бар ауыртпалық тек қыздың мойнына артылуы керек?! Бұл жерде «әлгі қыздарды» ақтамақ ойым жоқ. Түп-тамырын қазып берсек, әлқиссаның түбі «қыздың қорғансыз қалып, баланы қайда жіберерін білмей, тығырыққа тірелгеніне» кеп тоқтайды емес пе?! Сондықтан, «екі жақ та бірдей жауапкершілікті мойнына алсын» деген мақсатпен, «шаранада тұншықтыруға жол бермесін» деген жанталаспен жазылған дүние болатын. «Ұлттың асылын сақтаушы аналарыңның жатырын ібіліс жайлап жатқанда кімге мақтанбақсың? Жаһанданумен тайталасып, алға озғаннан табарың осы ма?!» деп, бас кейіпкер жас Қыздың айтатын сөзі бар. Бекболат ағаның тақырыптың өзектілігінен қорықпай қолға алғанына ризалығым шексіз.

«ЛИФТ» пси[ологиялық драмасы; фото©www.el.kz

— Енді республиканың өзге театрларынан да ұсыныс түсетін шығар…Түсіп үлгермесе?!
— Қарап отырсам, республикамыздың 14-тен астам театр сахналарында пьесаларым қойылып жатыр екен. «Лифт»-ке дейінде дүниелерімнің елімнің түпкір-түпкірінде үздіксіз қойылып жатқанына қуанамын. Бұл пьесам бірден Жастар театрына қойылып кетті ғой. Басқа театрлар қоямыз десе қарсы емеспін. Десе де, «алғашқы қойылым иесі» болып — Астана Жастар театры тарихта қалмақ.

— Қолыма қалам алып жазуға отырсам, еңсемді езген ауыртпалықтан әп-сәтте арылам, дейсіз бір жазбаңызда. Сол қасиетті қаламның қадіріне жету үлкен жауапкершілік. Ол жүкті арқалаудың өзі ауыр емес пе?
— Керісінше — Жаратқан Иемнің маған нәсіп еткен сыйы деп білемін. Кейде; «егер, қолымнан жазу келмегенде не істер едім?!» деп те ойланамын. Тағдыр, адамдарға сан-алуан мүмкіндікті бойына дарытады. Бастысы — қадыріне жетіп, дандайсымай, қастерлеп халқыңа қайтара біл. Ол — тек сенің меншігің емес — ұлтыңның қазынасына айналуы тиіс. Қай салада болсын, қоғамға үлесіңді қоса білсең — Жаратқанның сыйын текке жұмсамағаның! Ол — үлкен жауапкершілік. Кеше ғана өзім премьерасына қатысып келген «Лифт» қойылымына келген көрермендер мен артистерден «осындай дүние жазғаныңызға рахмет» деген сөзді естігеннен артық баға бар ма?! Миымды қайдағы бөстекі сөз бен «қаңқу қиқу»-ға шіріткенше — қоғамның қажетіне жарайтын парасатты дүниелерге арнағанды артық көремін. Миым ешқашан бос болған емес. Бір емес — бірнеше пьеса қатар қинайтын сәттері де бар. Сондықтан, осынша байлықты сыйлаған Алла Тағалаға сансыз шүкіршілігімді айтамын.

— Сіздің тағдырыңыз, ұға білген адамға жәй сөзбен айта салатын «жеңіл» емес…Қарап тұрсам, сол соқтықпалы өткелдер Сізді қайраттандыра, жігерлендіре түскендей…
— Айтпағыңыз «темір торда» өткізген жылдарым жайлы ғой?! Шынымды айтсам, менің қасыретті тағдырым кей жандарды соншалық «қызықтырады» деп ойламаппын?! Тағдыр ғой?!. Тіршілік, ертең алдыңда не күтіп тұрғаны жұмбақтығымен тартымды, өмір шіркін күрделі де сиқырлы емес пе?! 25 ай темір торда «мемлекеттің мал-мүлкін талан-таражға салды» деген айыппен сотталдым. «Шығармашылық адамы болғандықтан, есеп-шотқа шорқақ болдым. Қол қойған қағаздарымдағы цифраларды білмедім…» деп, қоғам алдында ақталғым келмейді!.. Басшы екенсің — жауап бер. Бердім де!.. Бастысы менің құлағаным емес — шыңыраудан шыға білгенімде!.. Мені қайран қалдыратыны, «Әділет» газетіне Заһарддин Қыстаубаев ағамыздың менің сотталғанымды бір емес — 3 рет жазғаны?! Туасында, сотталғаным жайлы ашық интервью беруіме сол кісінің бірнеше дүркін жазғаны түрткі болды. Мені «кемсіттім» десе — қателеседі. Ол менің Жаратқан Ием қуанышы мен шығармашылық жеңістеріме «сынағын» қоса сыйлаған Тағдырым! Шығармашылықтың көкжиегінде қалқып жүрген әйел түгілі — ер-азаматтың төтеп беруі қиын абақтыдан аман шығып, қоғамда өз орнымды тапқаныма, сахна төріне қайта оралғаныма Жаратқан Иеме сансыз тәубемді айтамын! Өзімнен-өзім топ ете қалғаным жоқ. Қиын-қыстау кезеңде қолын созған ОҚО Мәдениет басқармасының бастығы К.С.Айдарбекова, Түркістан Мәдениет және тіл басқармасының бастығы Ұ.Мұстафаева, Жетісай қалалық Қ.Жандарбеков атындағы театрдың директоры Б.Срайлов сынды азаматтардың жасқанбастан көрсеткен көмектеріне алғысым шексіз. Менің тағдырыма күле қарап, күстаналайтын жандар, мен өткен жолдан басын тік көтеріп өте алар ма екен?! Жалпы, санасы бар адам, өзгенің қасыретін қолжаулыққа айналдырмас болар. Ондай қадамға барғаны — аянышты. Ешкім, ертең алдынан не күтіп тұрғанын білмейді ғой?! Шынымды айтсам, сол қасыреттен алған сабағым көп. Көбіне «қаталданып кетеді» деп жатады. Мен керісінше, жұмсардым. «Айттың екен» деп, сөз қумаймын. Оған бола жүйкемді жұқартып жатпаймын. Қажеті қанша?! Қажетсіз қара ойға миыңды қор еткенше — сәулелі жарқын ойды жазғаным артық. Бәлкім, тағдырдың өзі мені сол сабақты алсын деп жетелеп барған болар?! Бастысы, ешкімге өштеспестен, жүрегіңді, рухыңды ластамастан алып шығу. Міне, мен үшін ең бастысы осы болды. Уақыттың алмайтын қамалы жоқ. Кесілген өкімнің де нақтылы мерзімі болатынын, аяқталатынын білдім. Кешегідей — сахна төрінде тұруыма өзімді дайындадым. «Қамалды. Өшті. Енді сахна төріне шыға алмайды. Өнерге қайта оралмайды» деген пенделердің «қуаныш ғұмыры қысқа» болатынына кәміл сеніп, күрестім! Абақты менің тәнімді 25 айға қамағанымен — санамды, өнерімді қамай алмайды ғой?! Сол жерде кітапханада жұмыс істеп жүріп 35 пьеса жазып, екі пьесаны орысшадан аударма жасадым. Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» деген пьесасын ақ өлеңмен аударғаным «Аңыз адам» журналына басылып та үлгерді. Бірақ мен, ешкімге, ешқашан өштеспеймін. Мені сатқан опасыздар, өмір жолынан «өз қайтарымын» ала жатар. Оны Уақыт көрсетеді. Мені қасыреттік күндеріммен «кемітемін, ақсатамын, жанының жарасын аршыймын» деушілерге керісінше, «Аллам сізді өз жолыңыздан жаңылдыра көрмесін» деп, «Мен өткен тамұқ жолын Аллам пенденің басына салмасын» деп тілеймін. Пендешілік қой. Болмашы жерден өш алғымыз келіп, «неғұрлым жанды жерін тырнасам — соғұрлым ақымды аламын. Жанын жаралаймын» деп жанталасып жатамыз. Шындығына келгенде, Жаратушы Ием сыйлаған мына жарық тіршілік, біздің соншалық қорлауымыздан биік тұр. Өкініштісі — қабылдай алмайтынымызда. Сондықтан болар, мына біздерді — «пенде» деп атағаны…

 

Сая Қасымбек-4

— Әлеуметтік желілерде достарыңыз көп. Арасында таңғы жазбаларыңызды оқып, рухани азықтанатындар да, шынайы пейіліңізбен жазған тілектеріңізді оқып масаттанатындар да, сынай қарайтындар да бар…Әрбірінің ойына жауап беруге тырысасыз ба, әлде…іштегіні шығарған сәттер сол жерде ұмытыла ма?
— Әлеуметтік желінің маған бергені мол. Сан-мыңдаған бейтаныс жандармен рухани достастым. Кейбірі тіптен «туысыма» айналып кеткендей. Білгенімнен — білмегенім көп қой?! Соны, еш басымды қатырмастан ФБ бетіндегі достардың жариялағанынан оқи қоямын. Не деген ақын қыздар бар, ә?! Таңқаламын?! Егер, әлеуметтік желі болмағанда, соларды қайдан танып-білер едім?! Басқаны қайдам, маған әлеуметтік желідегі достарым — бұрыннан бірге өмір сүріп келе жатқан ортам сияқты болып кетті. Адамда «үш жұрт бар» деуші еді ғой, мен оған «төртінші — фейсбук жұртты» қосар едім?! Тілектестерім көбейді. Жаман ба?! Бірдеңені білмей жатсам, жазсам болды — жабыла кеңесін беріп жатқаны?! Ақысыз — ақылын аямайтын жандарды қалай тәрк етесің?! Батыл айтатын жандар да, тарихшы да, ғалым да, қойшы әйтеуір — менің жаныма керек жандардың бәрі осында. Ойды — ой қозғайды ғой. Жазғандарым жандарына дәрумен болса, мен үшін ол да өз алдына бір бақыт.

— «Мен өлсем рухым сахнаның бір шетінде сендерге демеу болып отырады. Күнде спектакльдеріңді көріп отырамын»-деген ұстазыңыз Райымбек Сейтметтің сөздерін ұмытпаған боларсыз…
— «Менің пірім — Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп Жамбыл атамыз жырлағандай, мені өнерге жетелеп әкелген ұстазым Райымбек Сейтметовтің шығармашылығыма қосқан ерен үлесі ұмытылмақ емес. Неге екені қайдам, ол кісі «Мен өлген күнде де, сенің төбеңнен қарап отырамын» дейтін. «Енді, тап сахнадан қарап тұрмайтын боларсыз» деп күлгеніме: — Қателесесің. Тап сенің қақ төбеңнен қарап, анау балконда отырып спектакльдерді көріп отырамын, — дейтін. Бәлкім, Түркістан театры ашылмай тұрып, сол театрдың ашылуы жолында екеуміздің «қолымыз — көсеу, шашымыз — сыпырғы» боп жүріп, барлық қиындықты бірге кешкендігімізден айтқан болар. Мен кеткен соң, репертуардағы күллі пьесаларымды алып тастап, режиссерлық қойылымдарымдағы афишаларға — өзгелердің фамилиясын ауыстырып қойып жатты. Мен қойған «Қалыңдық пен Күйеуді» өзгенің атымен қойып жүргені мәлім болды. Театрдың директоры өзімнің кешегі шәкіртім болған соң, кешіріммен қарап отырмын. Авторлық құқық қорғау орталығына айтсам, театрдан ол және басқа да қойылымдарымды алып тастары сөзсіз. Оны театрдың директорына ескертіп айттым да. Күтіп жүрмін. Нәтиже шығармаса, амалсыз шараға жүгінермін. Күлкім келетіні — театрда менің бірде-бір фотомды қалдырмай, менің атымды түбегейлі жойып жібергісі келетіндері. Ол үшін — мен еңбек еткен жылдарды «Уақыт кестесінен» жойып жіберулері керек қой?! Ол мүмкін бе?! Сол секілді, мені театр тарихынан сызып, алып тастау да мүмкін еместігін әлі түсінбей жатыр. Оған бола арпалыспаймын. Егер мен, құлдырап, ешкімге керексіз, қоғамнан ысырылап қалған болсам бір сәрі. Пьесаларыма сұраныс бар, қоғамда өз орнымды алып жүргендіктен, «бақай есепті майда шалысқа» анау айтты мән бермеймін де. Төреші Уақыт, бәрін өз орнына қоятыны сөзсіз.

Әңгімелескен — Зәуре ОРАЛБАЕВА

Редакция

1 пікір

  1. Тамаша сұқбат. Сая ханым жаны жайсаң жан ғой. Аққа құдай жақ деген. Алдағы өмір өзененінде шаршамай шалдықпай жүзе беріңіз дегім келеді. Зауре ханым да нағыз кәсіби маман әрбір қойған сұрақтары өте мәнді де маңызды. Сұқбат маған өте ұнады. Қазақтың қыздары барлық кезде АЛҒА!!!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *