Саумалды сәтімен ішсе ем

11Қ ымыздың емдік қасиетін жақсы білеміз. Сондықтан болар, соңғы уақытта қымызбен емделуге деген бетбұрыс әлдеқайда жақсы. Асқорыту жүйесі, қаназдық, құрқұлақ, мешел, құрт ауруын емдеп жазуда қымыз таптырмас дәрмек. Ішектегі микробтар, ішек таяқшалары, стафилококк секілді микробтарды қымыздың жоюға қабілетті екендігін білгендіктен дәрі-дәрмектерден гөрі саумал, қымызбен емделетіндер саны жаз айларында көбейеді. Алайда, саумал мен қымыздың адамға кері әсерін тигізетіні бар екенін ескеріңіз. Айталық, туберкулез өршіп, қан түкіріп, дене қызуы көтерілгенде қымызбен емделуді уақытша тоқтатады. Сол секілді, гастрит ауруында асқазан қышқылдығы жоғары кезінде де қымыз ішуге болмайды. Ашыған қымыз ұйқы шақыратындықтан жұмыс уақытында адамды мазасыздыққа ұрындырады. Оның үстіне, саумал құрамында зәр айдайтын, іш өткізетін заттар болғандықтан емделушіні алғашында әбігерге салады. Қымыз құрамында 30-70% протеин, 4,5% спирт барын ескерсек, қымыз ішіп көлік жүргізуге рұқсат етілмейді.
Саумал, не қымызбен емделуді демалыста жүргізген дұрыс. Себебі, саумалды сауылған уақытта жылы күйінде ішкенде ғана емі болады. Ашыған қымыз да бірінші ішкенде бей-жай күйге түсіретіндіктен жұмыс уақытында, қонаққа барғанда ішпеуге тырысыңыз.
Балаларға қымыздан гөрі саумал ішкізген дұрыс екен. Өйткені, қымыз құрамындағы қышқылдықты бала асқазаны көтере алмайды әрі ішін өткізеді.
Кезінде ата-бабаларымыз күніне 10-15 литр қымыз ішкен. Дегенмен, бүгінде мұндай мөлшердегі сусынды ағза көтере алмайды. Ол үшін саумал не қымыз болсын 100 мл-ден күніне 6 рет ішіп, мөлшерін күн сайын арттырып отырыңыз. Осылай күніне 2 литрге жеткізуге болады. Қымызды таңғы және түскі астан кейін 1,5 сағаттан соң қабылдайды. Ал, кешкі астан кейін ішпеген дұрыс. Біле жүретін тағы бір ақпар, қымыздың сапасына қатысты айтылмақ. Себебі, бүгінде сусынның сапасына күмән келтіретін жағдайлар сирек кездеседі. Ендеше, қымыздың сапасын дәмін көрмей-ақ былай анықтаңыз. Шырпының ұшымен қымызды тырнаққа тамызады. Егер ол шар тәрізді пішімін сақтап қалса, сапалы болғаны. Ал, жайылып кетсе, қоспаның бар екендігін айқындайды. Қымызбен емделуде дұрысы арнайы демалыс қажет.

Дайындаған —
Айгүл Керімбайқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *