Сапасы күмәнді затқа сараптама жасатыңыз

13 КоллажОңтүстік жұрты көңіліне күдік ұялатқан кез-келген бұйымға сараптама тағайындата алады. Ұлттық сараптау орталығының облыстағы филиал қызметкерлері қалың қауымға осындай мүмкіндік беріп отыр. Олар тағамнан бастап, киім-кешек, құрылыс заттары, түрлі техникалар мен тұтыну тауарларының сапасын, химиялық құрамын және қауіпсіздігін тексереді. Сарапшылар ұсынып отырған санитарлық эпидемиологиялық аудит қызметінің артықшылығы да осында.

Қазір аталған ведомствоның облыстық филиалында кеңейтілген қызмет түрін көрсету үшін жақ­сы жағ­дай жасалған. Ұзына бойы созыл­ған дәлізде арнайы жасақ­талған бөлмелер көп. Қай-қайсына да бас сұға қалсаңыз, түрлі-түсті құрал-жабдықтарды көресіз. Бөлме­лер­дің бірінің бұрышындағы шкафта айнала ойыншықтар тау болып үйі­ліп жатыр. Балалар бұйымдарына тек­серу жүргізілген екен. Оның басым бөлігіне “пайдалануға болмайды” деген қорытынды шығарылған. Мұнда тек ойыншықтар ғана емес, кез-келген тауар түрін сараптамадан өткізеді. Ал, хромотография бөл­ме­сінде тағам, су мен топы­рақтың улы химикат қалдық мөлшерін анық­­тайды. Сіз бен біз күнделікті тұты­нып жүрген жеміс-жидек және көкөністердің нитрат мөлшері де осын­­да анықталады. Аталған орта­лықтың өзге бөлмесінде дәрумендер мен дәрі-дәрмектерге зерттеу жүргі­зіледі.

13 Ай АбдиеваМарияш Сейіталиева, Ұлттық сараптау орталығы ОҚО филиалы санитарлық эпиде­миологиялық аудиттің санитарлық дәрігері:
— Өткен жылдың қараша айынан бастап біз өзіміз жаңа бастаманы қолға алдық. Кіші және орта бизнес өкілдерінің сұранысымен олардың кәсіпкерлік нысандарында тексеру жүргіземіз. Бұл — санитарлы эпидемиологиялық аудит деп аталады. Осының арқасында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңына жаңа бап енгізілді. Аталған өзгеріске сай, кәсіп­керлерден тапсырыс алып, олардың нысан­дарына тексеру жүргізу арқылы санитарлы эпидемиологиялық тәуекелді анықтап, оған баға береміз. Тура сол аумақта қандай да бір қауіпті немесе күдікті жағдай айқындалса, оған қарсы іс-шаралар жүргізіп береміз. Қазір күн сайын бізге келіп жатқан кәсіпкерлердің қатары көп.

Ақылы тексеруге арнайы баға бекітілген
Мұндағы зерттеу құрылғы­лары­ның басым бөлігі АҚШ пен Германиядан әкелінген. Бағасы қымбат. Сол үшін де әлемдік деңгейде зерт­­теу жүргізу қолға алынып отыр. Орта­лыққа келіп, өтініш білдірсеңіз болғаны. Бұл қызметтің ең басты артықшылығы жеке тұлғалар тара­пы­нан тексертуге алып келген зат­тан немесе зерттеу жүргізілген аумақ­тан қандай да бір қауіптілік бары байқалса, оған шара көрілмейді. Қай­та ахуалды түзеп, керекті кеңес беруге әзірміз, дейді мамандар.

13 Марияш СейіталиеваАй Әбдиева, санитарлық-гигиеналық зертхана меңгерушісі:
— Санитарлық-гигиеналық зертханада 7 бағытта зерттеу жүргізетін бөлімшелер бар. Ол су көздерін, жабық бөлмелердің ауасын, улы заттарды, ашық және жабық нысандарда электромагниттік өрістерді, әртүрлі құрылғылардан бөлінетін шу мен дірілді тексереміз. Оның ішінде тұрақтысы, тұрақсызы бар. Көптеген зауыттарда үлкен-үлкен станоктар көп. Сол станоктармен жұмыс істегенде діріл пайда болатыны сөзсіз. Ал оның адам денсаулығына әсері көп. Одан соң тағам өнімдерінің сапалық, физикалық және химиялық қасиеттерін, улылық мөлшерін анықтаймыз. Бұл үшін бізге кез-келген адам өтінімі мен сынама алынатын бұйымын өзімен бірге әкелуі керек. Заттардың түріне, көлеміне байланысты 2-5 күн ішінде зерттеу жүргіземіз. Бізде мемлекеттік және ақылы сараптама бар. Ақылы түріндегі тексеруге арнайы баға бекітілген. Ол да сынама алынатын тауар немесе бұйымның көлеміне, ауырлығына қарай есептеледі.

Бүгінге дейін 170 адамнан өті­нім түскен. Мамандар әр өтінім бой­­ын­ша тиянақты түрде тексеру жүр­­гізіп, қажетті кеңестерін берген. Мем­­­лекеттік жоспарлы немесе қажет­­­­­тіліктен туындаған тексеру кезін­­­де кемшіліктер анықталса, онда айып­пұл төлеу, тіпті кәсіпкерлік нысан­­­ды жабуға дейін баратын шара­лар көріледі. Ал, бұл ақылы түрде атқа­рылған анықтау жұмыстары бары­­­­сында ешқандай жазалау бол­­­­майды. Қайта, керісінше, қажет жағ­­­дайда көмек көрсетеді. Аталған бас­тама кәсіпкерлерді айыппұлдан сақтап, нысандарындағы орын ал­ған кем-кетіктерді алдын ала біліп, оны жоюға ықпал етеді. Егер қорытынды барлық санитарлық эпи­­де­миологиялық талапқа сай кел­се, мамандар тиісті акт түзеді. Бұл акт басқа да мемлекеттік орган­дардың тексеруінен босатады. Деген­­­мен, алты ай сайын тексеруін жал­ғас­тырып отырады. Санитарлық эпидемиологиялық аудитті жүргізу орта­лықта өткізіледі. Сондықтан бар­­лық сұрақтар бойынша осында хабарласуға болады.

«Ұлттық сараптау орталығы» ОҚО филиалының мекенжайы: Шымкент қ., Майдантал көш., №4.
Телефоны 43-30-66, 43-36-73

Мақсат ЖАҚСЫБАЙҰЛЫ

Редакция

1 пікір

  1. Салеметсіздерме менің мамандығым тұтыну тауарларын сапасын сараптау. Маган жұмыс керек еді. Бос орындар болса хабарласаныздар екен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *