Салафизмге тоқтау салыну керек

13Жадыраған жаз маусымының алғашқы жексенбісі жаймашуақ басталғанымен қанды қырғынмен аяқталды. Қазақстанның іргелі облыстарының бірі Ақтөбенің орталығында қару асынған бір топ қала көшелерімен тайраңдай басып, қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, айналасына оқ жаудырып, қоғамдық автобусты басып алып, әскери бөлімнің қақпасын бұзып кірді. Үш әскери қызметкер мен бес бейбіт тұрғын сойдауылдардың қолынан қаза тапты.  Ел назары Ақтөбеге ауып, көршілес мемлекеттер де елең етіп, Қазақстандағы жағдайға құлақ түрді. 

5 мамыр күні болған қарулы шабуылдың барлық қатысушылары не өлідей, не тірідей ұсталып, құрықталды. ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков: арнайы операциялардың барысында 9 қылмыскер ұсталып, 18 қылмыскердің көзі жойылғанын мәлімдеді. Тоналған қару-жарақ тәркіленіп, 25 қылмыстық іс бір өндіріске біріктірілген. Білісбековтің сөзінше, ұсталғандар кінәсін мойындап жатыр. Осыдан кейін Ақтөбедегі террорлық қауіп қызыл деңгейден сары деңгейге түсірілді.

Тізімдегі өрескел қателік

Лаңкестік оқиғаға қатысқандардың тізімі шығып, суреті ілінген уақытта Ақтөбенің бір тұрғыны өлтірілген лаңкестердің тізімінен өзін тауып алды. Ақтөбелік Данияр Уайсов өз шағымын айтып халыққа үндеу жасады.
«Құрметті қазақстандықтар! Мен — Уайсов Данияр Рамазанұлы, Ақтөбе қаласының тұрғынымын. 2016 жылдың 12 маусымында барлық БАҚ-тар мен интернет-сайттарында Ақтөбедегі өлтірілген террористердің арасында менің де бар екенім жайлы хабарлама тарады. Алайда, өздеріңіз көріп отырғандай, мен тірімін. Осыған байланысты барлық БАҚ-тар мен интернет-басылымдардан «дұрыс мәлімет таратпағаны үшін» кешірім сұрауын талап етемін және өзімнің тірі екенімді растаймын», — дейді ол. Яғни, Данияр Уайсовтың есімі көзі жойылған лаңкестердің арасында аталған. Бірақ, Данияр Уайсов көзі тірі, ешқандай да лаңкестік оқиғаға қатысы жоқ болып шықты. Данияр Уайсовқа дейін де ақтөбелік ағайындылардың бірі лаңкестер тізіміне, екіншісі қаза болғандар қатарына еніп кеткенін естіп, Ақтөбе облыстық ІІД-не барған. Өздері туралы хабарлама тарағанда олар әкесінің жаназасында болғанын айтып, түсіндірген Қожаниязовтардан тәртіп сақшылары кешірім сұрады. Соңғы мәліметтер бойынша, бұл азаматтар өздерінің есімдерін «күдікті содырлар» тізіміне енгізгендерден моральдық шығынды өтейтіні айтылып жатыр.

Сақалы барлардан қорқып жатыр

Ақтөбелік полицейлер мұсылмандарды сақалын алып тастауға шақырды. Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылында терроршыларды ұстау операциясы барысында тәртіп сақшылары сақал қойған жергілікті тұрғындарды да тексерді. Мұндай «бақылау» облыс көлемінде әлі жалғасып жатыр. Кейбір азаматтар мұны сабырлылықпен қабылдаса, енді бірі оған ашулануда. Көшеде сақалдыларды көрсе, қорқатындар көбейген. «Полицейлер қайта-қайта тоқтатып, тексеріп жатыр»,-дейді үрейленген жергілікті тұрғындар.

Заң қайта қаралады

Ақтөбедегі қанды қырғыннан соң «Терроризм туралы заң»қайта қаралмақ. Өйткені мұнайлы өңірдегі діни ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Бұл ретте жергілікті теологтар салафизм секілді ағымға заң жүзінде тыйым салуды ұсынды. Олар Ақтөбеде ылаң салғандардың салафизм ағымының жетегінде кеткеніне сенімді. Сондықтан талай жасты тура жолдан тайдырған бұл ағымға заңмен тыйым салуды ұсынып отыр. Мәжіліс терроризм мен экстремизм туралы заңды соңғы рет 5 жыл бұрын өзгерткен екен. Ал 2013 жылғы Үкімет қаулысына сәйкес, арнайы операция кезінде өлтірілген бүлікшілердің денесі бұрынғыдай туған-туыстарының қолына табыс етілмейді. Олардың қай жерге көмілетіні де құпия сақталады. Тіпті бейіттерінің басына ешқандай белгі қойылмайды. Ал, жерлеу рәсімдерімен жергілікті әкімдік айналысады деп шешілген.

Терактіні салафизм діни ағымын ұстанушылар тобы жасаған

10 маусым күні Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Бірінші кезекте елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың тізбесі анықталды. Қазақстан халқына көңіл айтқан Президент қаза болғандардың отбасыларына мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін тағы нақтылады. Полиция, Ұлттық ұлан, арнаулы бөлімше қызметкерлеріне террористерге лайықты қарсы тұра білгендері үшін ризашылық білдірді.
– Бұл зұлымдықтың дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз. Республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру ниетіндеміз. Екі айдың ішінде терроризм мен экстремизмге, қару айналымы мен оны сақтауға және сатуға қарсы әрекет ету саласындағы, көші-қонды және діни бірлестіктерді реттеу саласындағы заңнамалық бастамалар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын. Халықаралық террористік ұйымдарға қатысы бар Қазақстан азаматтарына қатысты жазалау шараларын күшейту мәселесін қарастырған жөн. Біз бұл айтылған шаралармен шектелмейміз, – деді Қазақстан Президенті.

«Лаңкестерге ату жазасын қолдану керек!»

Ақтөбедегi лаңкестiкке байланысты Қазақстанда ату жазасына қойылған мораторийдiң күшiн жойған жөн. Сенат депутаты, конституциялық заңнама, сот жүйесi және құқық қорғау органдары комитетiнiң төрағасы Серiк Ақылбай осындай пiкiр бiлдiрдi. Оның ойынша, жазықсыз жандарды мерт қылған лаңкестерге осы жаза лайық.Сондай-ақ депутат, «2011-2012 және осы жылы болған оқиғаларды саралап қарасақ, бiздiң құқық қорғау органдары елiмiздегi басқа ағымдарда жүрген адамдардың iс-қимылын, әрекетiн алдын ала бiлiп отыруы тиiс деп санаймын», — дейдi. Оның пайымдауынша, елiмiзде iшкi барлау жұмысы әлi де жеткiлiксiз. Бұл жұмысты нығайта түсу қажет.

45 адам болған

Ақтөбеде 45 адам «жиһад» жасамақ болған. Кейін 19-ы оны жасаудан бас тартқан. Маусымның 14-іне ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлімдеді. «Біз олардың барлығын анықтадық, қазір олардан жауап алынып жатыр,» — деді министр халық алдында берген есебінде. Қасымовтың айтуынша, Ақтөбедегі лаңкестердің басты мақсаты — қаруға қол жеткізіп, кейін аталған өңірде бірқатар теракт жасау екен.

Мұхтар Тайжан,
қоғам белсендісі:

«Діни радикализмнің себептері» болып табылатын 5 фактор:
1. Білім жүйесіндегі 25 жыл бойғы үдемелі реформалар;
2. Пара беру экономикасы, сыбайлас жемқорлық, яғни, ағасы мен көкесі болмаса, жас адам өмірін жақсарта алмайды;
3. Әділеттілік түсінігінен мемлекеттің жоғары тұруы. Әділеттік жоқ. Барлық жерде алдап-арбау, ұрлап, қармау, жас адамды еш жерде, ешкім тыңдағысы келмейді. Оның баспана мәселесі шешілмейді, оған ешкім жұмыс бермейді;
4. Билік өз халқының мәселесін, бәрінен бұрын, кедейшілікті көрмейді. Оның орнына билік жалған форумдар және Астана күні сынды қымбат маскарадтарда «шомылып» жүреді. Бұл — талғамы жоқ бояу, бутафория. Ал халық нақтысында қатты қиналып жүр;
5. Мемлекетте ұлттық идеология мүлдем жоқ. Біздің тіпті, өзіндік ақпараттық кеңістігіміз де жоқ. Ал, ресейлік насихат — атыс-шабыс, өлтіру, балағаттау, автоматтар, тапанша… Міне, осы виртуалды шындық нақты өмірімізде көрініс тауып, ақиқатқа айналды;
Егер ешнәрсені өзгертпесек, онда бәрі енді басталады. Өйткені, олар подъезд жанында қарауылдай салатын оппозиционерлер емес немесе бейбіт тұрғындарды автобусқа бөгіп, тығындап әкете салатын жағдай емес. Шұғыл түрде экономикалық және ішкі саясатты өзгерту керек, жаңа адамдарды жұмысқа алыңыздар, халықпен байланысқа шығу үшін «шлюзды» ашыңыздар. Оларды тыңдап, нақты қорытынды жасаңыздар!

Досай Кенжетай,
теолог-ғалым :

Салафизмге бүгін мемлекеттік-құқықтық тоқтаулар салыну керек. Себебі, салафизм тікелей мемлекеттік құрылымдармен сыбайласып үлгерді. Осы елдегі «саясиланған дін» құбылысын тоқтатса, оған құқықтық шектеу қойса, қазақ мұсылмандық тәжірибесін өз орнымен пайдаланса, ҚМДБ да осы параллельде мемлекетпен бірге жұмыс істесе, шешілмейтін мәселе жоқ. Бәрі өзімізге байланысты.
Салафий немесе уахабизм секілді кейбір радикалды ұйымдарға әлі күнге дейін мемлекет тарапынан тыйым салынбай келеді. Мұның себебі неде? Қазақстанда тәуелсіздік алған уақыттан бері дін мен саясат қатынасында біраз тәжірибе жинақталды. Дін туралы заңдар, заң жобалары мен баптар толықтырулар мен өзгерістерге ұшырады. Бұлар құқықтық жағынан жасалып жатқан іс- шаралар. Терроризммен күрес стратегиясы қабылданды. Заңда Ханафи мектебі мен Христиан православ мектібінің тарихи рөлі мойындалатындығы көрсетіледі. Негізінен бұл шешімдер мемлекеттің дін саясатының бағытын да анықтайды. Еліміздегі жасалып жатқан дінге қатысты әрекеттер жаһандық үдерістерге жауап ретінде алынып жатыр.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *