Сайт арқылы мектепке жұмысқа орналасады

15016197_1814885488757810_3218296202315275740_oГазетіміздің алдыңғы санында сондай бір жобаны, атап айтқанда «Баланы балабақша мен 1 сыныпқа электронды түрде орналастыру мен қабылдау жүйесін» таныстырған едік. Бүгінгі санында тағы бір елеп-ескеруге лайық жаңалық — «Мұғалімдерді электронды түрде тағайындау жүйесі» туралы айтамыз.

Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, бұл жүйені ендірудегі басты мақсат – білім беру мекемелеріндегі жемқорлықты жою. Өйткені, қазір қай мектеп қандай маманды қалай жұмысқа қабылдап жатқанын білу қиын. Себебі, маманды тікелей директор жұмысқа алады. Бармақ басты, көз қыстымен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың болып жатуы да әбден кәдік.

Мұғалімдерді электронды түрде тағайындау жүйесі арқылы жұмысқа орналасу алты қадамнан тұрады.
Ең алдымен, маман вакантты орындарды іздейді. “Мұғалімдерді электронды түрде тағайындау жүйесінің» сайтына әр білім беру мекемесі өздерінде бар вакантты орындардың тізімін жариялап, жаңалап отырады.

Жұмыс іздеуші осы жүйенің сайтына кіріп, тіркеліп, өзі туралы қажетті мәліметтерді жазып, білімін растайтын құжаттарын жүктеп, фотосуретін қойып, таңдаған вакантты орынға жолдайды. Жеке кабинеті арқылы сол вакантты орынға неше үміткер бар екенін, дәл сол вакантты орынға ұқсас хабарламалар саны нешеу екенін, бәрін-бәрін біліп, көріп отырады.

Құжатын онлайн түрде тапсырғаннан кейін, поштасына онлайн-тесттің сілтемесі бар хабарлама келеді.
Онлайн-тест сұрақтары IQ тест сұрақтарына ұқсайды. Осылайша оны әңгімелесуға шақыруға болатынын, не болмайтынын анықтайды.

Онлайн-тестті сәтті тапсырған жағдайда байқау комиссиясымен әңгімелесу өтетін мерзімі мен орны көрсетілген хабарламаны үміткердің электронды поштасына жолдайды.

Конкурс комиссиясы бірнеше тараптың өкілінен құралады. Атап айтқанда, мектеп директоры, білім бөлімінің өкілі, мектептегі ата-аналар комитеті, БАҚ өкілі мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысады.

Әңгімелесудің мейлінше ашық өтуінің шешімі ретінде әңгімелесу кезінен видеотрансляция жасау таңдалыпты. Яғни, комиссиямен кездесудегі әңгімелесудің бәрі де видеоға жазылып, аудиосы сақталады.

Комиссия үміткерді ұпаймен бағалайды. Бірінші орын алған үміткерді жұмысқа қабылдайды. Ал екінші ұпай алғанын резервке қояды. Егер бірінші үміткер бас тартып жатса, резервтегі адамды ұсынады.

Қаланың бас мұғалімі Жанат Тәжиеваның сөзінше, жоба желтоқсан айының басында Шымкент қаласы әкімдігінің және Шымкент қаласы білім бөлімінің ресми сайттарында іске қосылады.

P.S. Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Болат Аюповтың айтуынша, алдағы уақытта тек мектеп мұғалімдерін жұмысқа алудан бөлек, бюджеттен қаржыландырылатын барлық мекемелердегі вакантты орындарға мамандар қабылдау осы жүйемен жүзеге асырылады. Қандай бос жұмыс орындары болса бәрі-бәрі сайтта жарияланады.

Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *