Сақтансаң, ақша төлейді

13 (2)Eлімізде сақтандыру нарығында соңғы уақытта ілгерілеу басым. Яғни, қазақстандықтардың сақтандыру компанияларына деген көзқарасы мен сенімі өзгерген. Газетіміздің бүгінгі санында сақтандырудың жиі қолданысқа енген түрлері, соның ішінде жол-көлік оқиғалары кезінде білуі қажет ақпараттарды тарқата айтатын боламыз.

Кезінде Марк Твеннен бақытсыздықты болжайтын балгерлерден қорқасыз ба деп сұрағанда, жазушы «өзіне сенімді екенін, өзінің өмірі сақтандырылғанын, әрі сақтандыру компаниялары маған … өлуге жол бермейді» деп жауап берген екен. Бұл ұлы адамның әзілі. Дегенмен, әлемдік танымал тұлғалардың өмірін сақтандыру шет мемлекеттерде таңсық емес. Айталық, америкалық режиссер Стивен Спилберг ең қымбат сақтандыру полисіне ие. Оның өмірі 1,2 млрд АҚШ долларына сақтандырылған. Дамыған елдердің сақтандыруындағы мұндай қызмет түрінің бізге де келер күні алыс емес секілді.

Сақтандыру дегеніміз…

Сақтандыруды көбіне жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккен уақытта ғана пайдаға жаратылып жатқандығын естіп-көріп жатамыз. Дегенмен, күні бүгін елімізде сақтандырудың 30-ға жуық түрі бар. Атап айтар болсақ, мүлікті сақтандыру, ипотекалық сақтандыру, жеке сақтандыру, саяхатшыларды сақтандыру, міндетті экологиялық сақтандыру, темір жол, су, әуе көліктері, мұнай операциялары, қарыздар мен өзге де шығындарды сақтандыруға мүмкіндік бар. Әрі бұлар жиі қолданысқа енген салалары десек те болады. Бұл саланың мамандары бүгінде несиемен өмір сүретін қазақстандықтар үшін де сақтандырудың тиімді тұстарының бар екендігін айтады. Соңғы бірі жаңалық — 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіні белгілі. Яғни, жүйе енген соң халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын 9,8 млн-нан астам адамға олар үшін мемлекеттің жарна төлеуі арқылы медициналық қызмет көрсетілетін болады.
Қазақстандағы сақтандыру нарығында да сең жүрген секілді. Мәселен, Ұлттық банктің есебінде, осы жылдың 1 ақпанына дейін еліміздегі 26 қазақстандық сақтандыру компаниялары «жалпы сақтандырудан» 35,5 млрд теңге жинақтағандығын айтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға өскен. «Күннен күнге қазақстандықтардың «сақтандыру» деген ұғымға көзқарастары жақсы жағына өзгеріп келеді. Ол дегеніміз халықтың сақтандыру аясында сауатының өскеніндігін білдіреді»,-дейді еліміздегі ірі сақтандыру компанияларының бірі «Мұнай сақтандыру компаниясы» Шымкент қаласындағы филиалының директоры Жігер Битеміров.

13 (1)Жігер Битеміров,
«Мұнай сақтандыру компаниясы» Шымкент қаласындағы филиалының директоры:
— ҚР Азаматтық кодексінің 803 бабына сәйкес – «Сақтандыру шарты бойынша бiр тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал екiншi тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде өзiнiң пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн төлеуге мiндеттенедi. Яғни көлік құралдарын сақтандыру шарттарының талаптарына сәйкес көлікке белгілі бір зақым, зиян келтірілген немесе көлік құралы ұрланған жағдайда сақтандыру компаниясы келтірілген зиянды өтеп береді.

Сақтандыру — сақтандыру ұйымы жүзеге асыратын, сақтандыру төлемi арқылы сақтандыру шартында айқындалған сақтандыру жағдайы немесе өзге де оқиға басталған кезде жеке немесе заңды тұлғаның заңды мүліктік мүдделерін қорғау жөніндегі қатынастар кешенiн білдіреді.

Көлікті ерікті сақтандыру тәртібі

Жігер Битеміров сақтандыру саласында көбіне көлік құралдарын және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетін сақтандыруды жүзеге асырылатындығын айтады.

Қандай жағдайда көлік сақтандырылады?
Автокөлікпен жол-көлік оқиғасына тап болғанда, бұзақылар бүлдіргенде, айдап кеткенде, майда сырып кетулер күнделікті орын алып жататын жағдайлар. Мұндай кезде сақтандыру компаниясы автокөлікті жөндеуге және қалпына келтіруге ақы төлейді. Не болмаса жаңа көлік алуға өтемақы береді. Сондай-ақ, көлік құралына бөгде объектінің немесе заттың құлауы немесе тиюінде, өрт, жарылыс, найзағайдың түсуі, дүлей апат жағдайында, үшінші тұлғалардың құқыққа қайшы іс-әрекеттері кезінде де өтемақы алуға болады.

Қандай көліктерді сақтандыруға болады?
Жеңіл, жүк көліктері
Тіркемелері
Жартылай тіркемелері
Құрылыс және ауыл шаруашылық техникасы
23 жылға дейін пайдалану мерзімімен мотоциклдерді, және де автокөлікке орнатылған қосымша жабдықты

Жол-көлік оқиғасы кезінде не істеу керек?

Азаматтар жол-көлік оқиғасы кезінде не істеу керектігін және қандай мерзімдерде сақтандыру компаниясына хабарлау керек екенін білмей жатады
Әрине, жол-көлік оқиғасының нәтижесінде түрлі салдар туындайды. Ондай жағдайда уақытыңызды үнемдеу үшін нақты іс-әрекеттер алгоритмін білуге тиіссіз. Біріншіден, салонда адамдар болса, олардың зардап шекпегенін тексеріңіз. Жарақаттанғандар болса, жедел жәрдем шақырып, дәрігердің келгенін күтіңіз. Жол-көлік оқиғасы болған жерге жол полициясының инспекторын және апат комиссарын шақыртыңыз.
Жол-көлік оқиғасы болғаннан кейінгі екі сағат ішінде медициналық куәландырудан өту қажет. Бұдан әрі 3 күннен кешіктірмей Төлемдерге қызмет көрсету орталығына сақтандыру жағдайы туралы өтінішті ресімдеңіз. Кейінгі іс-әрекеттер және қажетті құжаттардың тізбесі жөнінде төлемдер орталығының маманынан біледі.
Егер дәлелді себептер бойынша сақтанушы (сақтандырылушы) аталған іс-әрекеттерді жасай алмаса, ол мұны құжаттың негізінде растауға тиіс.

Сақтандыру төлемдері қалай есептеледі?

Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының Заңының 24 бабына сәйкес:
Бір сақтандыру жағдайы бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемі қолданыстағы айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты болады.

І топтағы мүгедектік берілген кезде 800 АЕК
ІІ топтағы мүгедектік берілген кезде 600 АЕК
ІІІ топтағы мүгедектік үшін 500 АЕК-ті,
«Мүгедек бала» санаты үшін 500 АЕК.\

13 (1)Алмас Тастанбеков,
облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Көлікті басқару үшін жүргізушінің қолында міндетті түрде төрт құжат болуы керек. Олар — көліктің техникалық паспорты, жүргізуші куәлігі, көліктің техникалық байқаудан өткені туралы талоны, міндетті сақтандыру полисі. Қазіргі таңда, көлік иесі көлігін екінші бір адамға жүргізуге беретін болса, оның аты-жөнін сақтандыру полисіне ендіреді.

 

Әр зардап шеккен адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген және оның өліміне әкеліп соқтырған зиян үшін төлем сомасы 1000 АЕК-ті құрайды.
Мертiгуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектiк белгіленбеген өзге де зақымдануына – амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге жұмсалған нақты шығыстар мөлшерiнде, бiрақ 300-ден көп емес.
Бір зардап шеккен адамның мүлкіне келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі келтірілген зиянның мөлшерінде болады, бірақ көп дегенде 600 АЕК-ті құрауға тиіс. Бір уақытта екі және одан көп зардап шеккен адамның мүлкіне келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі келтірілген зиянның мөлшерінде болады, бірақ әр зардап шеккен адам үшін көп дегенде 600 АЕК төленеді. Бұл кезде барлық зардап шеккен адамдарға төленетін сақтандыру төлемдерінің мөлшері 2000 АЕК-тен аспайды. Зиянның мөлшері сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемінен асқан жағдайда әр зардап шеккен адамға төленетін сақтандыру төлемі оның мүлкіне келтірілген зиянның дәрежесіне сай төленеді.
Зардап шеккен адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянның мөлшері тиісті медициналық ұйымдар берген құжаттардың негізінде айқындалады.

Дайындаған — Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *