Сөмкесінде кітап, қалтасында пышақ

Өткен аптада Сарыағаш ауданында жасөспірімдер арасында болған жаппай төбелестен 10 сынып оқушысы Оралбектің қаза болуы жұрттың жағасын ұстатты. Оны пышақтап өлтірген 11 сыныптың оқушысы темір торға жабылды. Соңғы кезде мұндай жаңалықтарды жиі еститін болдық. Құлағымыз да үйреніп қалғандай. Себебі, қазіргі жеткіншектер қатыгезденіп барады. Бір-бірінен ақша бопсалап, бермесе суық қарумен қорқытады. Оның соңы көпшілігінде қайғылы жағдайлармен аяқталып жататынын білеміз. Сонымен жасы кәмелетке толмағандар қылмысқа не себепті барады? Бесіктен белі шықпай жатып, неге адам өлтіреді? Бұл сауалдар ата-аналардың бас ауыртар басты мәселесіне айналып отыр.

Сөмкесінде кітап, қалтасында пышақ Қазіргі ата-аналар баласын мектепке жіберіп, алаңдап отырады. Көпшілігінің ойында «осы бала бірдеңеге ұрынып қалмас па екен?» деген үрей болатыны жасырын емес. Себебі қоғамдағы қатыгездік жасөспірімдердің де санасын улап тастағандай. Олай айтпасқа амал жоқ. Мектептің өзінде пышақтасып, бірі екіншісінің өмірін қиып жатқан оқиғалар кездесіп жатыр.

Естеріңізде болса, Шардарада мектеп оқушылары білім ұясының ішінде пышақтасып қалған болатын. Яғни 9 сыныптың оқушылары 10 сыныптың бір баласын ұрып тастайды. Онымен қоймай арадағы келіспеушілікті кешкісін шешпек болады. Алайда оныншы сыныптың оқушысы шақырылған жерге бармайды. Бірақ келесі күні мектепте өзіне қарсы төбелес болатынын іштей сезіп, пышақ алып барған. Ойлағанындай кіші сыныптың ұлдары оны мектептің ішінде тасалау жерге шақырады. Бәрі қоршап алып, ұрмақшы болыпты. Сол кезде жасы үлкен оқушы оларға пышақ сермеген. Бұл жағдайды естіген өзге де балалар сол маңға жиналып қалады. Өзін қорғамақ болған баланың пышағы сол сәтте байқаусызда басқа тоғызыншы сынып оқушысына тиіп кеткен. Жүрек тұсына тиген пышақ жарақатынан жасөспірім сол жерде жан тәсілім еткен. Оқушының қылмысы толығымен дәлелін тау-ып, ол тоғыз жылға сотталды. Қазір жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеп жатыр.

Осыған ұқсас жағдай Сарыағаш ауданында да орын алды. Таскес-кен ауылындағы балалардың пышақтасып қалуына да өзара кикілжің себеп болғанға ұқсайды. Әрі бұл келіспеушіліктердің басталғанына біраз уақыт болыпты. 11 сыныпта оқитын бозбалалар кішілерге әлімжеттік көрсетіп, ақша бопсалап келіпті.

Ботагөз Қайназарова, мектеп директорының орынбасары:

– Біз тест алып отырамыз. Жиналыс жасап, олардан сұрасақ балалар жасырады. Айтпайды. «Жоқ, ақша жинау болған жоқ», – дейді. Ұру туралы да айтпайды. Жасырады.

Бітіруші сыныптың ұлдары екіге бөлінген. Бірі төменгі сыныптарға жәбір көрсетіп, тіпті ұруды жиілетсе, екіншілері оларды қорғап әлекке түскен. Бұл жолы да 10-сынып оқушылары өздерін жақтайтын тараптан көмек сұраған көрінеді. Яғни, жасы үлкен оқушы кіші сыныптың балаларын қорқытып, ақша талап еткен. Оған шыдамаған 10 сынып оқушылары қарсылық танытыпты. Сөйтіп, мектепте басталған ерегіс кешкісін көшеде жалғасқан. Ауыл сыртындағы алаңқайға жиналған 10 және 11 сынып оқушылары әуелі қараңғы түскенін күтеді. 20 шақты жігіттің арасындағы әңгіме төбелеске ұласқан. Міне, сол кезде 17 жасар Бекарыс (күдікті) қарсыластарына пышақ ала жүгіріпті.

Қараңғыда ол қолындағы пышағымен тетелес екеуді ұрып жаралаған. Ашуға мінген жеткіншек өзінен кіші Оралбекті де аямапты. Өкінішке қарай, оқушы өліп кетті. Ал, оны қорғаймын деп келген екі оқушы ауруханада жатыр. Төсекке таңылған оқушының анасы ұлының Бекарыстан бұрын да таяқ жегенін айтады. Бір ай бұрын көгала қойдай тепкілепті. Оқушының анасы «ол кезде полицейлерге хабар берген жоқ едім», – дейді. Бұл мәселеге қатысты оқу ордасындағы мұғалімдеріне айтарын білмей отыр. Олар тіпті: «оқушылардың арасында кикілжің бар екенін тіпті сезген жоқпыз», деп ақталған.

Ержан Мамыров, оқушы:

– Бардық, сонымен тұрдық біраз. Ерегісіп қалдық. Сонымен пышағын шығарды. Сонымен басталды ғой сол жерде. Сонымен төбелестік, біздің балалар қашты.

Қалай болғанда да түнгі төбелесте жасөспірімді өлтіріп, тағы екеуін жаралаған сезікті қамауға алынды. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Кінәсі дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Кәмелетке толмаған колледж студенттері арасында да қылмыс өршіп тұр. Жуырда Шымкенттегі колледж студенттері төбелесіп, соңы пышақтасумен аяқталды. Сабақ үстінде ерегіскен жастар үзіліске шыққан сәтте көрші үйлердің ауласына барып жұдырықтасқан. Сөйтіп, өзара мықтыны анықтамақ болыпты. Осылайша төбелестің соңы ауыр қылмыс жасаумен аяқталған. Аулада қансырап жатқан баланы полицейлер тауып алған. Үш жерінен жарақат алғаны белгілі болды. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оқиға орнына жедел жәрдем шақырған.

Ал күдіктіні қолға түсіру тәртіп сақшыларына қиындық туғызбады. Шамамен екі сағаттың ішінде полицейлер пышақталған баланың бірге оқитын құрдасын ұстап, ол өзі жасаған қылмысты толығымен мойындаған.

Кәмелетке толмағандар қылмысқа не себепті барады?

Жалпы, жасөспірімдердің қылмыс жасауына сан түрлі факторлар себеп болады. Психологтардың талдауынша – кек алу, өшпенділік, есе қайтару, пайда табу, тағысын тағылар баланы осындай әрекеттерге итермелейді. Арасында абайсызда жасалатын қылмыстар да кездеседі. Сонымен қатар олар әлдебіреулердің ықпалына, азғыруына түсіп қалуы да әбден мүмкін. Әлеуметтік теңсіздік те қазіргі заманда баланың қылмыс жасауына әсер етеді. Өйткені бала айналаға қарап өседі. Өзінің құрбы- құрдастарына қарап еліктейді. Солар сияқты киініп, солар сияқты ұялы телефон ұстап жүргісі келеді. Оның үстіне, ата-ананың жұмысбасты болып кетуінен жасөспірімдер көшеге шығып, өзі сияқты бос жүргендермен әр нәрсеге ұрынады. Ақшасы болса, ойын залдарына барып уақыт өткізеді. Ақшасы болмаса, ақша табудың оңай жолдарын қарастырады. Әлімжеттік көрсетіп алып қояды, не ұрлық жасап, тонайды. Қатардан қалмауға тырысып, «абыройлы», «беделді» болуы үшін кез-келген әрекетке барады. Ал ғаламтор мен түрлі атыс-шабыс кинолар баланың психологиясын одан әрі бұзады.

Әбинұр Қарабаев, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандан-дырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың алдын алу үшін барлық шаралар жасалуда. Алайда қазіргі балалар ата-аналарын да, мұғалімдерді де тыңдағысы келмейді. Себебі олардың арасында «Көшбасшы» болу, «бірін-бірі сатпау», «өзін көрсету» сияқты түсінік қалыптасқан. Ал, бірін бірі айтып қоятын болса «Заявщик» (айтып беретін адам) деп мазақ етеді. Кикілжің туралы ашып айтпайды. Осыны жою керек. Біреу тиіссе, ата-анасына немесе мұғаліміне айтсын. Тиіскен адамға ескерту берсе, ертең тиіспейді ғой.

Жасөспірімдерге заңда жеңілдіктер қарастырылған ба?

Аса ауыр қылмыстарды қарайтын ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаевтың сөзінше жас қылмыскерлерге қатысты сот отырыстарында барлық жағдайлар сараланады. Мұндай қадамға баруына «қандайда бір топтың әсері болды ма, жоқ балалықпен жасады ма, әлде пиғылында қасақана өлтіру болды ма» деген мән-жайлар тексеріледі. Қылмыстық жазадан босату мәселелері де Заңда қарастырылған. Осылайша, барлығын саралағаннан кейін анық-қанығы белгілі болып шығады. Сонан кейін ғана «бас бостандығынан айыру жазасы беріле ме, әлде тәрбиелік әсері бар шаралар қолдану керек пе?» деген мәселе үкім арқылы шешіледі. Мәселен «адам өлтіру» бойынша жазаның ең қатаңы 12 жылға бас бостандығынан айыру болса, кейбір жеңілдетілетін мән-жайлардың шығуына байланысты жазалау мерзімі тоғыз жылдан асырылмайды. Ал, егер қылмыс абайсызда жасалса, не болмаса өзін-өзі қорғаған болса онда істі Ювенальді соттар қарайды.

Түйін:

Бала қылмысқа неге барды? Оған не түрткі болды? Бұл проблемаға ата-ана, мектеп, жауапты мекемелер ерекше көңіл бөлуі керек сияқты. Олардың тәрбиесіне, өміріне мән беріп, немен айналысатындығына, кімдермен байланыс­та екендігіне, бос уақытын қалай өткізетіндігіне назар аударғанымыз жөн. Қорыта айтқанда, балалардың өміріне қатысты барлық жағдай елеусіз қалмауы керек. Ең бастысы, кез- келген баланы қылмыс әлемінен алшақтатудың, соның құрығынан құтқарудың жолдарын қарастырғанымыз жөн.

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *