Сүйек кемігін сақтаңыз…

10-osteoporoz-3Адамның жасы келген сайын сүйегі болмашы сыртқы әсерден сынып не пішімі өзгерсе «остеопороз» деген диагноз қойылады. Бұл — сүйектің кемігі азаятын дерт. Ертеде қарттықпен ғана байланыстыратын кесел бүгінде жасарған. Инфаркт, инсульт, қатерлі ісік ауруларынан кейінгі орындағы остеопорозбен әлемде 75 млн адам ауырады. Статистика Қазақстанда да мәз емес. 1 миллионға жуық қазақстандық остеопорозға шалдыққан. Ақ халаттылар соңғы он жылда аурудың алдын алу шараларына көп мән беруде. Сүйек кемігі түгесілуге жақын адамдар қатарының көбеюіне себептер, одан арылудың және алдын алудың жолдарын талқылап көрсек.
— Остепороз – адам қаңқасындағы барлық сүйектер тіні құрылымының бұзылуымен және сүйек массасының азаюымен сипатталатын ауру. Сүйектің беріктігі мен мығымдығын қалыптастыратын – кальций элементі. Осы элемент сүйекке жетіспесе, сүйек нәзік дамып, сынғыш келеді. Адам сан сүйегінің ұршығы, омыртқасы және өзге де тірек жүйелері болмашыдан морт сынады, -дейді ревматолог-дәрігер Базаркүл Орынбасарқызы.

Ревматолог-дәрігердің дерегінше, Еуропада әрбір 30 секунд сайын остеопороз салдарынан сүйектің сынуы тіркеледі. Ал, Қазақстанда травматология бөліміне түскен әрбір бесінші науқас остеопорозбен байланысты сүйек сынуы диагнозымен емделеді екен.
Әлемде 50 жастан асқан әрбір үшінші әйел, сонымен қатар, әрбір бесінші ер адам осы дертке шалдығады. Болжам бойынша алдағы 50 жылдың ішінде остеопорозбен ауыратындар саны екі есе ұлғаймақ.
Ер адамдарға қарағанда әйелдер остепорозбен көп ауырады. Әсіресе, салмағы 50 келіден асқан, посменопауза кезінде әйелдерді бұл кесел айналшықтайды. Зерттеулер 60-69 жастағы әйелдердің 11%-да ғана сүйек масасы қалыпты екендігін анықтаған. Қалғанында остеопения және остепороз тіркелген.
Басты белгісі — бойдың шөгуі
Остеопороз кеселі адам ағзасында байқаусыз басталып, дами береді. Оның алғашқы сатысы – остеопения.Яғни, сүйек тініндегі минералдың беріктігінің төмендеуі. Бұл кезде аурудың ешқандай да клиникалық белгілері болмайды. Дұрысы остеопорозға денситометрия арқылы диангостика жасату. Бұл процедура зиянсыз, жылдам әрі ауырсынусыз жасалатындықтан ешбір қауіп жоқ.
Егер адам өзінде остеопороз белгілерін байқаса диагностиканы 40 жасқа дейін жасатуға болады. Аурудың қарапайым белгілерін ревматолог-дәрігер Базаркүл Орынбасарқызы былай атап өтті.
— Бір жыл көлемінде адамның бойының ұзындығы 2,5 см-ден артық қысқарады.
— Жүрісі өзгереді.
— Тыныш күйде немесе қозғалыс кезінде бел не жамбастың ауырсынуы байқалады.
— Омыртқа әлсізденеді.
— Аяқ буындары ауырып, ісінеді.
— Адамның кеуде клеткасының пішімі өзгереді. Яғни, төмен қарай еңкіштеп жүреді.
— Қабырға мен мықын сүйегінің арасы жақындайды.
— Қабырға мен желке арасындағы арақашықтық 5 см-ден артық болады.

Бұл — аурудың сырт көзге байқалатын белгілері. Дәрігерлер бұған қосымша қанға сараптама жасайды. Сондай қолжетімді әдістің бірі, жоғарыда айтып өткендей, денситометрия тәсіліне жасатып, қан сарысуындағы кальций және Д дәруменінің мөлшерін анықтау.

Остеопороз дәрі-дәрмектен де асқынады
Остепороздың пайда болуына тек сүйекке қажетті кальцийдің аздығы әсер етпейді. Ол тұқым қуалауы да мүмкін. Сондай-ақ, эндокринологиялық аурулар, аз қимылдау, темекі тарту, гормональды дәрі-дәрмектер қабылдаудан ауру асқынады. Бұлар — біріншілік остеопороздар.
Ал, ревматизмдік аурулар – жүйелік қызыл жегі, ревматоидтік артрит секілді ауруларды емдейтін дәрмектерді ұзақ қабылдағанда екіншілік остеопорозға ұласады.
Эпилепсияның ұстамасын болдырмайтын дәрмектерді қабылдау да аталған дертке жол беру қауіптілігі басым. Бұл кезде препараттар кальцийдің сүйекке сіңуін тежейді. 45-50 жастан асқанда сүйек өзінің беріктігінен айырыла бастайтындықтан дәрігер тексеруінен өтіп, аурудың бар-жоқтығын анықтаған артық болмайды. Өйткені, остеопороздың ең қауіпті асқынуларының бірі – сан сүйегі ұршығының сынуы. Дәрігерлер бұл жағдайға ұшыраған науқастардың 20%-ы бір жыл ішінде қайтыс болуы мүмкін екендігін, ал 80%-ы жүріп-тұра алмайтынын алға тартады.

Кальций және D дәрумені
Базаркүл Орынбасарқызы бүгінде жастарға остеопороз диагнозының жиі қойылатынын айтады. Мұның себебін кальций және D дәруменінің ағзаға тағам арқылы жеткілікті түрде түспейтіндігімен байланыстырады.
— 19-70 жас аралығындағы ер адамдар үшін тәулігіне 1000 мг кальций алуы керек. Алайда, бұл мөлшер бүгінде ұлғайды. Мәселен, 50 жастан асқан әйелдер, 70-тен асқан еркектердің ағзасына тәулігіне 1200 мг кальций қажет. Әйелдер климакс кезінде денсаулығына мән бермесе, ауруға шалдығу қауіптілігі басым. Сондықтан, қосымша сүйекті бекітетін дәрмектер қабылдауға болады. Таза ауада жүру, жүгірудің пайдасы орасан. Балық өнімдерінің құрамында сүйектің нығыздығын арттыратын заттар қоры мол. Омега-3 майы мен йодқа бай тағамдарды көп тұтынып, кофе, қызыл шай, газдалған сусыннан бас тарту қажет. Себебі, бұлардың құрамындағы кофейн кальцийді сүйекке жеткізбейді, — дейді дәрігер.
Жасырын дамып, бірден белгі беретін кеселді емдеуге қажетті дәрі-дәрмек құны бүгінде қымбат тұратын көрінеді. Мұндай препараттар тегін және жеңілдетілген деген статустарға әзір енбеген. Сол себепті, остеопороздың алдын алуды ертерек қолға алған жөн. Бастысы — кальций және D дәруменінің ағзаға жеткілікті түсуін қамтамасыз ету. Бұл қос қажетті зат — нағыз табиғи дәрі айран-сүтіміздің құрамында тұнып тұр.

Айгүл Керімбайқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *