Риэлтордың пайдасы қайсы, зияны қандай?

сәлимаАлдымен риэлтор сөзіне анықтама беріп алсақ. Ағылшын тiлiнде «realty» сөзi «жылжымайтын мүлiк» деген мағына бередi және «жылжымайтын мүлiктi сататын агент» деген ұғымға ие. Сөздiң шығу тарихы АҚШ-тағы Риэлторлардың ұлттық ассоциациясының құрылуымен тығыз байланысты. Өз ұғымымызға салатын болсақ, риэлтор  жылжымайтын мүлiк нарығындағы жол көрсетуші. Өйткенi, келiсiм-шарт жасасу барысында риэлтор қажеттi де маңызды ақпараттарды клиенттен жасырмай, керiсiнше, кездесетiн қиындықтарды бiрге шешуге мүдде танытады.

Риэлтор қызметі осыдан бір ғасыр бұрын АҚШ-та пайда болған. Бүгінде экономикасы дамыған елдерде біршама беделді кәсіп саналады. Риэлторлардың жоғары білімі, арнайы лицензиясы және ең бастысы, заңмен бекітілген құқықтары бар. Ал бізде қалай? Біздің елде риэлтор — жеке кәсіпкер немесе сату-сатып алу ісінде кәсіби делдалдық қызмет атқаратын маман. Оларға жоғары білім беретін оқу орны жоқ, сондықтан дипломды керек етпейтін, едәуір табыс табатын жұмысқа епті, тіл табысқыш кез-келген кісінің кірісуі бек мүмкін.
Сондықтан да болар бұл нарықтағы жағдай әлі көмескі. Мәселен, мемлекеттік есеп бойынша, Қазақстанда риэлторлық қызмет көрсететін 2 мыңнан астам компания бар. Ал, оның 15-іне ғана ресми сертификат берілген. Аттестациядан өткен риэлтор мамандарының саны бар жоғы 200 ғана көрінеді. Демек, қалған мыңдаған риэлтор заңсыз ақша тауып, шалқып жүр деуге болады.

Риэлтор қызметіне кімдер жүгінеді?

Пәтерден-пәтерге көшіп жүрген ағайын жылжымайтын мүлік саудасы мен жалдау саласында делдалдық көрсететін риэлтор қызметін жиі пайдаланатындар болып табылады. Ал, бұл қызмет, кімдерге несімен тиімді? Алдымен ауылдан қалаға оқуға болмаса жұмыс істеуге келген азаматтар үшін қолайлы. Себебі, олар қаланы жақсы білмейді. Ал, ақысын төлесеңіз риэлтор сізге ыңғайлы жерден, тиімді бағамен пәтер іздестіреді. Бұл шаруа бір қоңырау шалумен бітті, деп есептеуге де болады. Уақытты сарп етудің қажеті жоқ. Бұл қызметтің аясы күн санап кеңейіп келеді. Агенттіктерге жүгінетіндердің қарасы да көп. Ал, бірақ олардың қайсысы шын мәнінде риэлтор, қайсысы алаяқ екенін біле бермейміз. Себебі, бейберекеттік жайлаған бұл саланы заңмен бақылау мәселесі көтерілгелі бірнеше жыл болса да аяқсыз қалып келеді. Ол заңның жобасы сонау 2013 жылы жасалып қойған. Алайда, әлі күнге дейін қабылданбады. Клиент пен маклер арасындағы қарым-қатынасты реттейтін заң Азаматтық кодекс қана. Тіпті, Ресейдің өзінде мұндай заң бар,-дейді сарапшылар. Ал, неге екені белгісіз бізде бұл құжатқа келгенде құлықсыздық танытып отырмыз. Қалай дегенмен, риэлторға жүктелетiн нақты мiндет пен ереже болуы тиіс. Ережелер жүйеленiп, мамандар кәсiби тұрғыда сұрыпталуы керек. Риэлторлар қызметiн реттейтiн заңның жоқтығы риэлторлық әрекеттi жүзеге асыру барысында айтарлықтай қиындықтар туындататыны анық. Заңның болмауы риэлторлар үшiн ғана емес, олардың қызметiн пайдаланатын тұтынушылар үшiн де қиын. Қазақстан аумағында риэлторлық қызметтi заңдық тұрғыда реттейтiн бiртұтас құжаттың қабылдануы риэлторлық қызмет нарығын дамытуда өте маңызды. Заңды айтпағанда, елімізде Қазақстан риэлторлары Қауымдастығы жұмыс істейтінін осы салада жүргендердің бірі білсе бірі білмес. Бұл қауымдастық риэлтор қызметін қадағалап, табыс табу көздерін бақылауға алатын орын. Болған олқылықтарды жүйеге келтіретін орган.
Біз өз кезегімізде Шымкенттегі жылжымайтын мүлік агенттіктерінің қызметіне сараптама жасап көру үшін бірнеше компанияға хабарластық. Алайда, олардың көбісі өз қызметтері туралы айтып беруден бас тартты. Кейбірі газеттен екеніміз айта бастағаннан-ақ тұтқаны қойып құтылса, ендібірі бірер сұрақтан кейін жауап беруден жалтарып біраз әбігер етті. Ал, бұл салада табаны күректей 23 жыл қызмет етіп келе жатқан «Асылжан» жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Салима Батырханова, сұқбат беруге бірден келісіп, саладағы түйткілді мәселелерді де жайып салды.

— Қазір Қазақстандағы риэлторлар қызметі қалай жүріп жатыр?

— Бізде риэлторлардың басын біріктіретін қауымдастық жоқ. Сондықтан да олардың саны туралы нақты мәлімет жоқ. Алайда, шамамен Шымкент қаласында агенттіктер мыңдап саналады. Негізінен біздегі осы саланы реттеп, агенттіктердің қызметін жүйелеп отыратын қауымдастық қажет-ақ. Мен бұл салада жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жылдан асып барады. Бұған дейін Алматы қаласында жұмыс істедім. Онда риэлторлар отыратын арнайы ғимарат бар. Бізге де сондай ортақ баспана қажет. Қазір біздегі агенттіктер көшіп-қонып жүреді. Сондықтан да оларға халықтың сенімсіздігі туады. Сол себепті бізге алдымен риэлторлардың басын біріктіру қажет. Ең алдымен бұл нарықтағы жағдайды жүйелейтін Заң қабылдайтын кез келді.

— Сіздерде мемлекетке салық төлеу қалай шешілген ?

— Біз әр тоқсан сайын жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына есеп беріп отырамыз. Бізде салық төлемдерін төлеу жүйесін де жолға қою керек. Өйткені, қазір экономикалық жағдайға байланысты үйлердің сатылуы азайды. Демек, табыс азайып кетті. Біз салықтық төлемдерді бұрынғыша төлеп отырмыз. Сондықтан, риэлторлардың қызметін жүйелейтін Заң қабылданса осындай тұстар да ескерілу керек.

— Қазіргідей дағдарыс кезінде үйлерді сату, сатып алумен айналысатын риэлторлардың қызметі тиімді ме? Әлде жалға беру, жалға алу қызметтерімен айналысқан пайда әкеле ме?

— Жалға беру, жалға алу қызметтері қолайлы. Себебі, үй сатушылар көп, сатып алушылар кемде-кем. Сондықтан да қазір жалдамалы баспаналармен айналысатын агенттіктердің қолы жүріп тұр.

— Риэлтордың қызметіне, жалға бергендер төлей ме алғандар ма? Сіздерді екі жақтама ақы алады деп кінәлайтындар да бар. Бұған не айта аласыз?

— Бізде көбіне риэлторға жалға алушы төлейді. Негізінен, жалға беруші төлеу керек. Бірақ, жалға беретіндерден біздің қызметке ақы төлейтіндер аз. Жасыратыны жоқ, коммерциялық нысандарды жалға берушілер келісілген ақысын төлейді. Ал, пәтерлерін, үйлерін жалға беруші азаматтар есеп айырыспайды.

— Риэлторларды алдап, сан соқтырып кететіндер де бар шығар?

— Әрине, ондайлар көп кезедеседі. Мәселен, клиенттіңнің үйін сатып бересің, қызмет ақысын әуелде сатылған соманың 1 пайызына бағалайсың. Нотариусқа барарда клиент жүз сылтау айтып, келісімнен айнып шыға келеді. Келісім шартқа да қарамайды. Ондай кезде шағымданғаннан да пайда жоқ. Себебі, клиент ақшам жоқ, ойымдағы баға болмады, деп қашқақтайды… Жан-жаққа хабарласып, саудасын келістіріп шапқылағаның далаға кетіп жататын кездер аз болмайды. Ал, мұның бәрі заңмен реттелсе, ондай алаяқтықтарға да тосқауыл қойылар еді.

— Ал қызметақы қалай белгіленеді?

— Қатып қалған баға жоқ. Шамалап айтқанда, үйлерді, пәтерлерді сатқанда сатылған соманың 1 пайызы риэлтордікі. Коммерциялық нысандарды сатсақ, 2 пайызды иеленеміз. Жалға беру қызметі орта есеппен 10-12 мың теңге.

— Тұтынушылар алаяқ риэлторға тап болмас үшін қандай жайттарды ескеру керек?

— Ең алдымен агенттіктің патентін, куәлігін талап ету керек. Тұрғылықты жеріне назар аудару керек. Бұл «лақтырылған» жағдайда оны тез табу үшін керек.

— Шымкентте тұрғын үй нарқы қалай болып жатыр?

— Бірінші деңгейлі нарықтағы үйлердің шаршы метрі — 90 мың теңге, екінші деңгейлі нарықтағы баспаналардың шаршы метрі 170 мың теңгеден басталады.
Қалай дегенмен, бұл нарықты жолға қойып, риэлторлардың қызметін заңмен реттейтін кез жетті. Сонда ғана саладағылардың да олардың қызметін пайдаланатын клиенттердің де мүдделері ескерілетін болады. Ал, риэлторларды дайындайтын мамандықтар ашылса, бұл салаға «көшедегі көк аттылар» келмейтін болады. Кәсіби тұрғыдан жетік мамандар саланы жаңа сатыға көтеріп, еліміздегі риэлторлық қызметтің сапасын жақсартар ед,деген сенім басым.

Мақпал Рысбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *