Рахымжан Қошқарбаев тұлғасы: 62 жылдан кейін мойындалған ерлік

66f8faa7f8c1d83f85b25044fa30f29c_xlҚазақтан шыққан Ұлы Отан соғысы батырларының қатарында Кеңестік жүйе саясатының кесірінен ерлігі дұрыс бағаланбай, көпшілік арасында талай тартыс тудырып келген асыл азаматтардың бірі — Рақымжан Қошқарбаев. Ол – Берлиндегі фашизмнің соңғы ұясына айналған Рейхстагқа 1945 жылы 30 сәуірде, қатардағы жауынгер Григорий Булатовпен бірге ту тіккен қаһарман.

«Әкемнің ерлігі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мойындалды»

Таяуда Астанада батырдың туған күніне орай 11 метрлік ескерткіш орнатылды. Ескерткіш Астана қалалық әкімдігінің бас-тамасы бойынша Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаев атындағы көшелердің қиылысына қойылған.
Ашылу салтанатына Рахымжан Қошқарбаевтың жұбайы Рахила мен қызы Әлия Қошқарбаева қатысты. Әлия Қошқарбаева: «Жеңіс туын тіккен әкемнің ерлігі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мойындалды. Өз дәрежесінде құрмет көрсетілді», — деді.

Әлияның сөзінің жаны бар.
Себебі 2007 жылға дейін Ресей Федерациясы қазақ батырының ерлігін мойындамай келген болатын. Тек араға 62 жыл салып қана Ұлы Отан соғысының батыры Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа жеңіс туын тіккенін айқындайтын құжаттарды еліміздің мемлекеттік өнер мұражайының қорына табыс етеді.

Ал оған дейін мүлдем басқа жандардың есімі аталып келген. Тарих ғылымдарының кандидаты Болат Асанов бір әңгімесінде былай дейді: «Қазақ батырының жеңіс туын бәрінен бұрын тіккені ресми құжаттарда анық көрсетілгенімен, абыройдың бәрі, коммунистік партия насихаттаушыларының Сталинге дайындаған сценарийі бойынша, грузин жауынгері Кантария мен орыс сарбазы Егоровқа бұйырады».

eskertttkish

Бір қызығы, қазақ батырының әлем тарихында үлкен із қалдырған соғыстағы ерлігі туралы қазақ басылымдарында 1958 жылдан кейін ғана жазыла бастаған. Түбегейлі зерттеп, мақалалар, кітаптар жазған қазақ журналисі Кәкімжан Қазыбаев еді. Ал, ол өз кезегінде Рахымжан Қошқарбаев туралы зерттеу жұмыстары неден басталғанын Жанболат Әлиханұлымен бірігіп жазған «Рахымжан Қошқарбаев» атты еңбегінде атап өткен.

1958 жылы Баукеңмен кездесуге Рахымжан Қошқарбаев келіп, өзінің басынан өткенін айтып береді, содан соң Баукең Кәкімжан Қазыбаевты шақырып «…Соғыс біткелі – он үш жыл. Ана Рахымжанды көрмей жүрген неғылған журналиссіңдер?! Знаешь ты, кто такой Рахымжан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Сәлем бере келіпті. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек! Сен оны тап!» деп тапсырма береді. Осыдан бас-тап журналист зерттеу жұмысына кіріседі. Ең алғаш тапқан дерегі жазушы Борис Горбатовтың мақаласы болды. «Рахымжан Қошқарбаев» еңбегінде былай дейді: «Борис Горбатовтың мына сөздерін оқығанда жерден жеті қоян тапқандай қуандым: — Қазақ жігіті Қошқарбаев менің көз алдымда рейхстагқа ту тікті. Осындай ердің образын беру үшін бөлекше теңеу, бөлекше поэзия, социалистік реализм поэзиясы керек». (Литературная газетаның» 1948 жылғы 18 декабрінде жарияланған). Бұдан басқа журналист осы еңбегінде немістің журналисі Карл Кокошоның Рахымжан Қошқарбаевты арнайы іздеп келгенін және қолында 1945 жылы май айында антифашистердің шығарған бір листовкасы бар екенін, онда рейхстагқа кім ту тіккені жазылғанын айтады. Листовкада ««Ұмытылмас фактілер. Рейхстагқа бірінші болып лейтенант Қошқарбаев және қызыл әскер Булатов жетті, олар жеңіс жалауын тікті. Ал рейхстагтың үстіне жеңіс туын тіккен Егоров пен Кантария» деп жазылыпты. Ал 150-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлік іс-қимыл әрекеттерінің кітабында «1945 жылы, 30 сәуір күнгі 14 сағат 25 минут кезінде лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов ғимараттың орталық бөлігіне жер бауырлап барып, кіре-беріс баспалдаққа Қызыл туды тікті»,–деп жазылған.

bulatovpen

«Ту қайда? Менің қолымда»

Кәкімжан Қазыбаевпен қатар журналист Жанболат Аупбаев та Рахаңның өміріне қатысты көп еңбек жазған. Ол Рахымжан Қошқарбаевпен сұхбатында: «1945 жылдың 30 сәуірдегі ту тіккен күндеріңіздің бүге-шүгесіне дейін айтып беріңізші» деп сұрайды. Тілшінің өтінішіне Рахаң: «Маған туды батальон командирінің орынбасары капитан Васильченко тапсырды. Сағат тура күндізгі 11-ді көрсетіп тұрды. «Гиммлер үйін» Рейхстагтан бірнеше жүздеген метрлер ғана бөліп тұрды. Бірақ жаудың үздіксіз жаудырған оғының астында оған жер бауырлап жетудің өзі өте қиын еді. Осылайша үш сағаттың ішінде бар болғаны 50 метр жер ғана алға жылжи алдық. Ту! Ту қайда? Ол менің қолымда. Оны бекіту керек, бірақ қай жерге? Ол көрінетіндей болып тұруы, алаулап желбіреуі керек. Қабырғаның бір жерінде терезелерді бітеген кірпіштер бар екен. Гриша дереу етігін шешіп тастады да, жалаң аяғымен менің иығыма лып етіп қарғып шықты. Шамасы, оның оқыс қимылынан болу керек, осы сәтте жоғарыдан кірпіштер құлап, біреуі тура менің төбеме түсті. Мен оған: «Байқасаңшы сен!.. Ақырын!..» деп ашулана айқайлап жібердім. Жоғары жаққа қарадым. Қызыл туымыз кешкі шайқас өртімен дәл бір от алауындай жарқырап, жанып тұр екен. Ол ғимараттың кіре берісіне ілініпті. Бұл қызыл ту біздің жауынгерлерді шабуылға шақырды. Отанымыздың символы — алқызыл жалау фашистік жыртқыштар апанының кіре берісі ашық деп жариялап, жар салғандай болды. Рейхстагқа ілінген бірінші қызыл ту еді бұл!», — деп жауап береді.

 

«Әкелеріміз «Халық жауы» деп ұсталған»

Кәкімжан Қазыбаевтың жазған еңбектерінде көрсетілгендей, Рахымжанға Кеңес Одағы батыры атағы берілмеді. Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев секілді қоғам белсенділері Рақымжан Қошқарбаевқа Батыр атағы берілуіне әрекет еткен. Қонаевтың өзі Қошқарбаев пен Булатовты марапаттау туралы мәселені көтерген еді. Бірақ ол билік тарапынан жауапсыз қалды. Сол кездің өзінде Бауыржан Момышұлының Ресей архивтеріне кіруге рұқсаты болатын. Сол арқылы Рақымжан Қошқарбаевқа КСРО батыры атағын беру туралы бұйрықты іздеп тапқан. Бірақ құжатта Сталиннің қолтаңбасы болған: «Бермеу!» (отказать).

Бұл сұрақты Жанболат Әлиханұлы Рахаңа қойған, сонда ол: «Осы күні елдің бәрі ерліктің өз дәрежесінде бағаланбауы деген ұғымға қатысты жәйтті айтады. Бекер обалы қане, сол кезде бұл жағдай дұрыс бағаланған. Басшылар бізді Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Бірақ Григорий екеуміздің әкелеріміздің 1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, істі болуы себепті шешім кейінге шегерілген. Сол реляция қазір СССР Қарулы Күштері Бас штабының архивінде жатыр», — деп жауап берген.

Қай уақытта болса да әділет салтанат құруы тиіс, ерлік мойындалуы тиіс. Дәл осылай болды да, 1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

 

Монша меңгерушісінен басқарма орынбасарына…

Қазақтың қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев 1924 жылдың 19 қазанында қазіргі Астана қаласының іргесінде сол кездегі Ақмола облысының Тайтөбе ауылында дүниеге келді. Төрт жасында анасынан айырылып, әкесі жалған саяси жаламен сотталып кетеді де, жас Рақымжан әке мен ана мейірімін көрмей жетім өседі. Тайтөбедегі балалар үйінде тәрбиеленеді. Мектептен кейін Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесінде оқып, мамандық алып, туған ауылына келіп еңбекке араласады. Соғыс басталған кезде өзін әскерлердің қатарына қабылдауын өтініп екі рет өтініш жазады. Ол тек 1942 жылы әскерге шақырылады. Бірнеше ай Қазақстан мен Ресейдің бірқатар қалаларында әскери оқу-жаттығуға үйренеді. 1943 жылы Фрунзе қаласындағы әскери училищеге оқуға, 1944 жылы қарашада Берлин бағытында шабуыл жасаған I Беларусь майданына жіберіледі. Кеңес әскерінің 1945 жылы 16 сәуірден бастап Берлин бағытында шабуыл бастағаны белгілі. Взвод командирі ретінде сұрапыл шайқастарға қатыса жүріп, Берлинге жетеді…

otbasy

1947 жылы елге оралған Рахымжан Гүлжахан есімді қызға үйленіп, Сарышаған станциясына көшіп келеді. Бірақ жұбайы алғашқы сәбиін туа сала, ауруханада көз жұмады, ал 6 айдан соң туылған ұл бала да шетінейді. Қайғылы оқиғадан кейін Алматыға аттанады. «Горкомхоз» деген мекемеде әр түрлі жұмыс атқарады. Кейін монша меңгерушісі болады. Ал 1965 жылғы Жеңістің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында Рахымжан Қошқарбаевты Мәскеу мен ГДР-дан түрлі делегация өкілдері кездесулерге шақыра бастайды. Сонда «Ұлы Отан соғысында сондай ерлік жасаған адам қазір қандай қызмет атқарады?» дегенде қымсынып қалмау үшін, Алматы қалалық советі атқару комитетінің төрағасы Есен Дүйсенов батырдың қызметін өсіреді. Монша меңгерушісінен қалалық коммуналдық және көркейту басқармасы бастығының орынбасары болады. Ал содан екі жыл өткен соң Қазақстандағы әсем архитектуралық туындыларының тұңғышы — «Алматы» қонақ үйі ашылып, өмірінің соңына дейін қонақ үй директоры қызметін атқарады.

Рахымжан Қошқарбаев екінші рет Рахила Яхинаға үйленеді. Сәуле, Әлия есімді қыз тәрбиелейді.

Ерен ерліктің иесі 1988 жылы 10 тамызда Алматыда қайтыс болды. «Сырқаты дендеп, қайраты қаша бастаған кезде Рахымжан: — Мені Баукең жатқан төбеге, қасына қоярсыңдар, — деді. Мен шыдай алмай жылап жібердім. — Ол дүниеде де саясында болайын,— деп Рахаң одан әрі егілтті. Бауыржанды қоярда бәйек болып, жаны қан жылаған адамның бірі Рахымжан еді. «Кеңсай» зиратындағы бір төбенің басында енді екі батыр қатар жатыр», — дейді Кәкімжан Қазыбаев өз еңбегінде.

bulatov

Григорий Булатов

«Григорий Булатовты да бағаламады»

Ал Григорий Булатовтың әрі қарайғы өмірі қалай болғанын Рахымжан Қошқарбаев тілші Жанболат Әлиханұлымен сұхбатында айтады. «Ол өзімен бірге еңбек етіп жүрген әріптестеріне Рейхстаг оқиғасын айтса, оны олар жеңіл-желпі әңгімеге балап, онша назар аудармаған. Содан ол шамданып, заводтағы партком секретарына барады да жоғары жақтан сөз болып отырған фактіні дәлелдейтін анықтама әперуді талап етеді. Басшылық бұған мән бермей, ескерусіз қалдырады. Осыдан кейін ол ішімдікке бой алдырады. От жағушы болып жүріп, өзіне өзі қол салғалы жатқанда, біреулер көріп, құтқарып қалады. Осының бәрін маған мамандығы геолог кластас досы хат жазып, хабарлаған еді… Көп кешікпей ол жақтан хабар келді. Қайран дос қайтыс болыпты. Қай кезде, қандай жағдайда?.. Ол жағы жіберілген жауап хатта айтылмаған. Оқ пен оттан аман өткен бейбақтың бейбіт күндегі жағдайы міне, осындай болды» деп Рахымжан Қошқарбаев өз аузымен айтып берген.

Әлия ӘДІЛБЕК

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *