Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер: «Тура сөйлеу – туа біткен мінезім…»

Кезекті кейіпкеріміз – облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлива. Елу депутаттың арасындағы жалғыз нәзікжанды болса да, он жылдан бері ер-азаматтармен иық тіресіп, сәйгүлігі қатар шауып келеді. Халық қалаулысы ретінде көтерген мәселелері көп. Сондықтан билік басындағылар оған «Нұр Отан» партиясының ОҚО бойынша ана мен отбасын қолдау жұмыстарының кураторы, «Саясаткер әйелдер» клубының ОҚО бойынша төрайымы және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған облыстық аналар кеңесінің төрайымы қызметтерін сеніп тапсырды. Депутаттықпен бірге осындай жауапты қызметтерді атқарып жүрген жанмен сұхбаттасудың сәті түсті.

Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА,  облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер

Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА,
облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер

– Рәшкүл Жәлелқызы, өзіңіз басшылық ететін қоғамдық ұйымдардың жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Негізі сол қоғамдық ұйымдардың бәрі айналып келгенде, ана мен баланың мәселесін күйттейді ғой. Былтыр өңірлерді аралағанымда, куратор етіп ер азаматтарды бекітіп қойғандарын байқадым. Олардың кейбіреулері өзінің жұмысын түсінбейді де. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Есеп тапсыру кезінде бір ауданның төрағасы 21 миллион теңге бөлінгенін алға тартты. Ал оны «не нәрсеге жұмсадыңыздар?» десек, «40 баланы жазғы лагерге жібердік» – дейді. Есептеп көріңіз енді. Бөлінген қаржы мен атқарылған жұмыстың сәйкес келмейтінін айтсам, мемлекеттік тапсырыспен жасалынатын жұмыстарды алға тарта береді. Ол ана мен баланың мәселесін түсініп тұрған жоқ. Сол себепті аудан әкімдеріне осы саланың кураторлығына әйел затынан қою қажет екенін жеткіздім. Одан бөлек «50 мың теңге жалақы белгілеп, тегін көмек көрсететін бір психолог маман отырғызу керек» – дедім. Әйелдер арасында қазір жатыр мойнының ісігі, көкірек бездері аурулары жиілеп кетті. Мұның бәрі депрессиядан пайда болады екен. Күйеуінен қолдау таппайды. Болмаса жолдасы оны тастап кете салады. Қысқасы, күйзеліске ұшыраған қазақ әйелі көп. Сонда олар өз мәселесін қайда барып айтады?! Осы мәселелерді біз бір кісідей атсалысып, дер кезінде шешуіміз керек. Ауылды жерлерде ажырасқандар санын азайтуға ауыл әкімі, биі, имамы бірлесіп жұмыс жүргізуі қажет. Қазақ – үлкен кісілердің сөзіне тоқтаған халық. Иә, ол кісілерді де тегін жұмсай берген болмайды. Сондықтан аудан әкімдері бюджет мәселесі қаралған кезде, осы жағын да ескерсе екен.

Телеарна арқылы ана мен баланың мәселесін көтеріп, бір-екі рет көрсетеміз. Бірақ оны біреуі көрсе, екіншісі түріктің немесе үндінің сериалын көріп жатады. Бұлай болмайды. Жеке-жеке ауыл-мен жұмыс істеуіміз қажет. Осы жағын қолға алудамын.

– Қазіргі қазақ әйелінің бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

–Бұрынғы қазақ әйелі мен бүгінгі қазақ әйелінің айырмашылығы жер мен көктей. Қазақ әйеліне тән ұяңдық келмеске кетуде. Инабаттылық пен имандылық жоғалуда. Өмір соған үйретіп жатқандай. Мына заманда ширақтық танытпаса, нан табу қиын болып қалды. Бір нәрсе айтайын, қазақ әйелінің осындай күйге ұшырауына бүгінгі ер-азаматтардың әлсіздігі сеп болуда. Ері отбасын асырап, жауапкершілікті толық сезінсе, әйелі баласын туып, үйінде қолын жылы суға малып отыратын еді.

– Бүгінгінің еркектері майдаланып кеткен дейсіз ғой?..

– Қазіргі таңда көп ата-ана ұлынан гөрі, қызын оқытуға тырысады. Егер жағдайы біреуіне жетіп тұрса, «барған жерінде жыламасын, қолында бір жапырақ қағаз болсын. Өзінің нанын тауып жесін» деп, қызын жоғары оқу орнына түсіреді. Бұл нені білдіреді? Ер-азаматтардың ертеңгі күніне деген сенімсіздігін көрсетеді.

Сұраушы болмаса, көшеде жезөкшелер тұрмас еді. Иә, бүгінгінің ерлері майдаланып барады. Баланың тәрбиесі әкесіне қарап қалыптасады. Тілі шықпаған баланы балабақшада жүз пайыз әйел заты тәрбиелеуде. Мектепте де көбісі солай. Ал үйде әкесі «әй, пультті әперші» деп, баласына дүңк етуден ары аспайды. Үйдегі тәрбиені де әйелдің мойнына артып қойған. Қазіргі таңда оқушымен қоса, ата-ананың өзін де тәрбиелеу керек. Сондықтан аудандарды аралаған кезімде балабақшадағы ұстаздарға «жиналысқа бір мезет тек әкелерін, екіншісінде аналарын шақырып, олардың қарым-қатынасы баланың психикасына тікелей әсер ететінін түсіндіріңдер» деп, өз ұсынысымды айттым.

– Қайырымдылық жасауға көп көңіл бөлетініңізді білеміз. Өзгелерге үлгі ретінде солардың бір-екеуін айта кетсеңіз…

– Бұрындары жар салып, айта беретін едім. Негізі жасаған қайырымдылықты шариғат бойынша жария етпей, тіпті, өзіңнің кім екеніңді де білдірмегенің дұрыс екен. Ал сіз айтқандай, өзгелерге үлгі ретінде айтар болсам, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып жүрмін. Биыл жаңа оқу жылына барар кезде қаладағы мектептерде білім алатын тұл және жартылай жетім 100 балаға 20 мың теңгеден үлестірдім.

Екі жылдан бері балалар үйіне бармаймын. Мемлекеттің есебінен оларға көмек берілуде. Одан бөлек барлық кәсіпкерлер мен депутаттар сонда барады. Сол балаларды мектеп бітірген кезде қолдарына қармақ беріп, балық аулатқан дұрыс-ау деймін. Өмірге талпындырып, еңбекке баулу керек. Кезінде «Достық» шағынауданында балалар үйін бітіріп, отбасы құрған біраз жандарға кәсіпкерлер өз қалтасынан үй салып берді. Мен 6 үй тұрғыздым. Бірінші кездері жарық болмады. Сонда зіңгіттей жігіт «отын жоқ, жарық жоқ» деп, осы сынды басқа да мәселелермен қайта-қайта телеарнаға шығып, шағым жасады. Ол жігітте «бұл кісілер маған мемлекет есебінен емес, өз қаржыларынан үй тұрғызып берді. Рахмет! Енді ар жағын өзім ретке келтірейін» деген ой жоқ. Өмірге бейімделушілік байқалмайды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйін бітіруші балаларды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек сияқты. Өзім мүмкіндігі шектеулі жандарға тігін машинасын алып беріп, көмек қолын созып жатқан жайым бар.

– Кәсіпкерлік пен депутаттықты қатар алып жүру қаншалықты қиын?

– Ауыртпалығы бар. Депутат ретінде кәсіпкерлердің мәселесін көтерсем, өзгелер тек өз мәселемді айтып жатқандай сыңай танытады. Ал мен кәсіпкер болғанымнан кейін оларға қаншалықты қиын, не қажет екенін жақсы білемін ғой. Осыны олар түсінбейді.

– Сонда бізде кәсіпкерлерге деген көзқарас тузу емес пе?

– Ашығын айтар болсам, кәсіпкерлерге жан-жақтан ебін тауып, қысым жасап жатады. Әсіресе, құқық қорғау органдары. Неліктен бұлай? Оның себебі, біз бюджеттік мекемемен тендер арқылы жұмыс істеп жатқандықтан болар. Өкінішке қарай, менің таңдаған салам: жол мен көпір жұмыстары болғандықтан, оны біреуге апарып сата алмайсың. Шетелге асфальтты шығарып сатпайсың ғой. Қарапайым халық та тұтынбайды. Сол себепті мемлекеттік сатып алумен жұмыс істейміз.

Кәсіпкерлердің төлейтін салығынан көптеген әлеуметтік мәселелер шешіледі. Мемлекеттің қамқорлығындағы мекемелердің жалақыларының біраз бөлігі кәсіпкерлердің салық есебінен құралып отыр. Сондықтан қиын кезеңде өз кәсібін дөңгелетіп жүрген оларды қыспаққа ала бергеннен гөрі, қолдау білдіруіміз керек. Шағын және орта бизнестің дамуына атсалысуымыз қажет. Сонда ғана дендеп келе жатқан дағдарысты айналып өтетін боламыз.

47-025– Бүгінде дағдарыстың әсерінен мекемелерде қысқартулар байқалуда. Ал, «Береке-А» корпарациясында мұндай мәселе туындап жатқан жоқ па?

– Біздің мекемеде үйреншікті бір жайт бар. Оған жұмысшылар үйреніп қалған. Жол құрылысы наурыз бен сәуір айында басталып, содан қарашаға дейін жұмыс істейміз. Ары қарай екі-үш ай ақысыз демалысқа кетеді. Бұл – 17 жылдан бері қалыптасқан үрдіс. Ал дағдарысқа байланысты айтарым, корпорациямызда қысқартулар болып жатқан жоқ. Жалпы, бізде 500-ден астам жұмысшы өз нәпақасын тауып отыр.

– Мәслихатта сізден басқа депутаттардың барлығы ер азаматтар. Олардың сізге деген қарым-қатынасы қандай?

– Әйел заты болғандығымнан шығар, менің айтқандарымды олар қолдайды. Оның үстіне мен де «нәзікжандымын» деп сызылып тұрмаймын, айтарымды ерге тән мінез танытып, нақты жеткіземін. Дегенмен, жалғыз өзім бүкіл облыстың мәселесін шеше алмаймын ғой. Сол себепті арамызда өзінен бөлек халыққа көмек бере алатын, өмірден түйгені бар әйелдердің көбейгені дұрыс. Сонда жоғарыда айтқан мәселелеріміз бір шешімін табар еді.

Халық саны аз Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында олай емес. Біздің олардан қай жеріміз кем?! Облысқа басшы болып келген әкімдердің бәріне осы жөнінде мәселе қозғаймын. Бірақ, одан өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Қалалық мәслихатта бұрын жеті әйел депутат бар еді, қазір үшеу ғана. Көбеюдің орнына, керісінше кеміп жатырмыз.

– Алда тағы сайлауға түсетін ойыңыз бар ма?

— Әзірге екі ойлы болып жүрмін. Бір адам қайта-қайта түсе берсе, халық та жалығатын шығар. Ал жан-жағыма қарасам, түсуіме тура келетін сияқты. Шыны керек, нақты айтары бар әйел адамдар шығып жатса, депутаттықтан қол үзгім келеді. Егер мен күткен нәрсе байқалмаса, намысқа тырысып, сайлауға түсемін.

– Депутаттықта жүргеніңізге он жылдың көлемі болды. Айтыңызшы, «табанында бүрі бар» деп, қай депутаттарды атайсыз?

– Ондай депутаттар баршылық. Бірінші Аманұлла Раманқұл, Қайрат Сапарбаев, Өмірзақ Мелдеханов, Шәріпбек Жамалбекті айтуға болады. Ал жастар арасынан Амангелді Сопбеков бар. Негізі халыққа керекті мәселелерді айтатын депутаттар өте көп. Оларды бөліп-жарып айту қиын.

– Халық қалаулылары 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі кезінде сізге сый-сияпатты үйіп тастайтын шығар?

– Депутаттыққа келген он жылдың ішінде еш болмаса бірде-бір рет гүл алып көргенім жоқ. Жақында ғана осыны айттым. «Сіздер қырық тоғызыңыз жиналып мені 8 наурызда мейрамханаға шақырсаңыздар, сіздердің мерекелеріңізде мен де бәріңізді қонақ ете алатын едім ғой» – дедім. Сол кезде өздері ұялып қалды. Сонда бірі, «Рәшкүл, біз сені әйел азамат емес, бізбен қатар жүрген өзіміз деп есептеп кеткенбіз» деп, күлді.

Сессиядан бір күн бұрын туған күнім болды. Астанадан Асқар Мырзахметовтан құттықтау келді. Ал, өзіміздің мәслихат үнсіз қалды. Өзім де ойлаймын, олар мені нәзікжанды емес, белсенді, ер мінезді депутат ретінде есептейтін шығар деп.

– «Турасын айтқан, тумасына жақпайды», – дейді. Байқаймыз, шындықты шырылдап айтып жүресіз. Осы мінезіңіздің зияны тиген кездер болды ма?

– Тура сөйлеу – туа біткен мінезім. Шындықты айтамын деп, талай рет қиындыққа тап болғаным рас. Әлі де солай. Алайда, осы мінезімнен еш айнығаным жоқ. Болмашы дүние үшін жағымпазданғым келмейді. Тіпті, ондай көпшік қою дегендерді ойланбаймын да. Жаңадан әкім келіп қалыпты, соны барып құттықтайын деген нәрсе менде мүлдем жоқ.

«Шындық шырылдап жетемін дегенше, өтірік талай жерді шарлайды» деген мақал бар. Бірақ, түптің түбінде шындық биікке шығады. Осыны ұмытпау керек.

– «Береке-А» корпорациясының жұмысына, салған жолдарына қатысты сын айтылып жатады. Сіз бұған не дейсіз?

– Жолдың сметасы болады ғой. Сол соманы алады да, 3-4 жылға бөледі. Біз бөлінгенін істейміз. Ал айналма жол қарастырылмаған. Содан кейін халық шулайды. Оған Шымкент пен Төлеби ауданының арасындағы жолды мысал етіп айтсақ болады. Сондай-ақ, темір жолдың төбесіндегі көпірді алайық. Атқарушы орган жұмысты бастамас бұрын халықты хабарландырып, «Көпір апатты жағдайда. Сол себепті жабылады. Қоғамдық көліктің бағыты былай болады» деп, айналма жол дайындамай ма?! Бізге «жартысын ашып, қалғанын жауып істей беріңдер» – дейді. Олай болмайды ғой. Техника қауіпсіздігі деген нәрсе бар. Құдай сақтасын, бірнәрсе болып қалса, кім жауап береді? Сондықтан көп нәрсе атқарушы органға байланысты. Ал, БАҚ өкілдері болса, мердігерді кінәлауға құмар. Оның арғы жағындағы түп қазығын түсінбейді.

– Отбасыңыз жайлы айта өтсеңіз…

– Жолдасым Әлішер екеуміз 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірдік. Бәрі де үйлі-жайлы. Төрт немерем бар. Қыздарымның екеуі де бизнеспен айналысады. Ал, ұлым – Астанада мемлекеттік қызметте.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *