Педофилия! Азғындық па, ауру ма?

Symbolic image on the topic Child abuse, Image: 88522404, License: Rights-managed, Restrictions: , Model Release: yes, Credit line: Profimedia, imageBROKER

Ақтау қаласында жыныстық зорлық-зомбылық көрген 6 жасар бүлдіршін көз жұмды. Бүкіл ел болып амандығын тілеген Викторияның өмірімен ақ халаттылар 87 тәулік күресті. Оқиға тамыз айында болған еді. Әжесінің қасында ойнап жүрген қыз ұшты-күйлі жоғалып, іздеу жариялайды. Тәртіп сақшылары бірнеше сағаттан соң қансыраған қызды қала шетінен тауып алады. Сөйтсе, 32 жастағы ақтаулық тұрғын бүлдіршінді ұрлап кетіп, ойына келгенін істеп, зорлаған. Балаларды зорлау оқиғасы елімізде тіпті көбейіп кетті.

Бала зорлағанның жазасы қандай?

Бас прокуратураның ресми статистикасына сүйенсек, Қазақстанда соңғы 5 жылда балаларға көрсетілген жыныстық зорлық-зомбылық саны өскен. 2015 жылдың 5 айында осы жағдайдағы 632 қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге көрсетілген зомбылық бойынша үш мыңға жуық қылмыстық іс ашылмаған.

Жуырда Бас прокурор Жақып Асанов «сақтықта – қорлық жоқ» екендігін айтып, азғындардың құрбаны болудан қорғануға шақырды. «Әлемде 2 минут сайын бір бала жыныстық зорлық-зомбылық көреді. Әрбір үшінші қыз 18-ге толғанша осындай жыныстық зорлыққа ұшырайды екен. Бұл ғаламдық проблема» деді бас прокурор. Ал, Қазақстандағы жағдай мәз емес. Биыл 183 бала қылмыскерлердің құрбаны болса, мұндай қылмысы үшін 111 адам сотталған.

Балаларға озбырлық, зорлық-зомбылық көрсету, ауыр физикалық және психологиялық зақым көрсеткендерге қарсы жаза күшейтілуде.

Азғындықтың бұл түріне заң бойынша кесілетін жаза – 20 жыл. Қылмыскер жазасын толық өтейді, жеңілдетілмейді, уақытынан бұрын босатылмайды. Өмір бойына балалармен жұмыс жасау құқығынан айрылады. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық кастрация қолданылмақ. Бұл дегеніміз қылмыскерлерді арнайы дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлейді. Ал, жуырда ғана өткен бір басқосуда бала құқығын қорғау жөніндегі ұйым өкілдері жыныстық зорлық-зомбылық жасағандарды өлім жазасына кесу туралы ұсыныстарын айтты.

za%d2%93ipa-balieva

Зағипа БАЛИЕВА, ҚР Мәжілісінің депутаты, балалар құқығы жөніндегі уәкілі

Зағипа БАЛИЕВА, ҚР Мәжілісінің депутаты, балалар құқығы жөніндегі уәкілі:
– Елімізде балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты қылмыстар саны 38,2%-ға өскен. Бүгінде Қазақстан түрмелерінде зорлық әрекеті үшін жазаланған 1300-дей қылмыскер отыр. Олардың темір тордан босаған соң мұндай сұмдықты қайталамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Қазір осындай қылмыскерлерге қатысты жазаны қатаңдату туралы сұрақ бар. Мен, балалар құқығы жөніндегі уәкіл ретінде мұны құптаймын. Біз соғыс кезінде қылмыс жасағандар мен террорлық шабуыл жасағандарды өлім жазасына кессек, балаларды зорлағандарды, өлтіргендерді де осылай ауыр жазалау керек.

Ауру… сосын азғындық…

– Педофилия — латын сөзінен шыққан. Сөздің шығу төркіні «педо» – бала, «филия» – махаббат, сүйіспеншілік деген сөз. Яғни, «балаға деген махаббат» деп аударылады. 94% жағдайда еркектер балаларды жақсы көреді. Мұнда 14 жасқа дейінгі балаларға 16 жастан жоғары адамдардың махаббаты пайда болады. Ол ата-ана немесе ағайындық махаббат емес, «жыныстық» махаббат десе болады. Олар өздері рахат алу үшін кішкентай балаларды сылап-сипайды, құшақтайды. Педофилдер екі түрге бөлінеді. Бірінші топтағылардың, психикалық бұзылысы байқалады, ал екінші топтағылар – дені сау адамдар. Екеуінің айырмашылығы да бар. Педофилиямен ауыратын науқастар ешқашан балаға жыныстық зорлық көрсетпейді. Олар баланы сөзсіз жақсы көреді, бетінен сүйеді, сылап-сипайды, олармен бала болып ойнағанды жақсы көреді. Сондай-ақ, бір өзгешелігі олар бір ғана баланы жақсы көреді (бір адамға ғана махаббаты болады). Ал, екінші топтағылардың бойында «педофелизм» дертінің белгісі жоқ. Дегенмен, бойындағы қара ниеттілігі, азғындығы, бұзақылығынан бала зорлау қылмысына барады,-дейді облыстық жүйке аурулары диспансерінің психотерпаевт дәрігері Тұрсынай Момынова.

* Мұндай дертке жақын адам көбінесе 14 жасқа дейінгі балалармен араласады.
* Ер адам болса, әйел затына деген мүлдем қызығушылығы болмайды. Өзі қатарлы, егде адамдармен мүлдем тіл табыса алмайды. Керісінше балалардың көңілін табады.
* Балаларға шектен тыс жақындап, сипалап, сүйіп, сүйкеніп жүреді.

Тұрсынай Момынова бұл кеселдің көбінесе туа бітті пайда болатынын айтады. Бас-ми жарақаты немесе жүкті әйелдің ішкілікке салынуының әсерінен де дерт туындайды екен. Психотерапевт-дәрігер қоғам арасынан педофилдерді сырт бейнесінен ажырату мүмкін еместігін айтады. Өйткені, дені сау, отбасылы, балалы-шағалы адамның өзі кейде жыныстық әрекетке баратындықтан мамандардың өзі сырт көзге ажырата алмайтындығын алға тартуда. Дегенмен, жоғарыдағы жәйттерді назарда ұстап жүруге кеңес береді.

t%d2%b1rsynaj-momynova

Тұрсынай Момынова, облыстық жүйке жүйесі диспенсерінің психо-терапевт-дәрігері

Тұрсынай Момынова, облыстық жүйке жүйесі диспенсерінің психо-терапевт-дәрігері:
– Балаларды педофилдерден қорғауда ата-ананың үлесі басым. Әр нәрсенің алдын алған жақсы. 14 жас ғана емес, 18 жастағы балалардың өзіне қамқорлық, бақылау қажет. Олардың эмоциялық, психологиялық, физикалық жағдайларының қалай дамып-жетіліп жатқандығын назарда ұстаңыз. Баламен ашық сөйлесіп, сырласып, әңгіме-дүкен құрып, айналадағы болып жатқан жағдайлармен пікір алмасыңыз. Қызығушылықтары және айналысатын істеріне мән бергенде ғана – бақытсыз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндігіміз бар.

Ата-ананың жадына:

Бас прокуратура жуырда ата-аналарға мынадай үндеу таратты. Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл ақыл-кеңестің еліміздегі әрбір баланың педофилдердің құрбаны болуынан сақтауда көмегі тиеді деген үмітте.
1 Әрбір ата-ана сақ болуы қажет. Үйде, аулада, мектепте, демалыс орындарында, жалпы қай жерде болмасын баланы үнемі бақылауда ұстаңыз.

2 Жеткіншектер қорлықты көбінесе танысы, тіпті жақыны, әкесі, ағасы сияқты адамдардан көреді. Балаға тиісу, алдау, күштеу әрекетін көрсеңіз, дереу 102-ге хабарласып, шара қолданыңыз.

3 Кейде болған істі айтпаймыз, жасырамыз, ұят болады дейміз. Бұл дұрыс емес. Қылмыстың жасырын, созылмалы түрге айналуына көмектесеміз. Сондықтан балаңыздың намысы аяққа тапталса, үнсіз қалмаңыз. Бірден құқық қорғау органына хабарлаңыз.

4 Баланың араласып жүрген ортасы қандай, қай жерлерге жиі барады, интернетте кіммен дос, қандай сайттарда отыратынын байқап жүріңіз. Баламен жиі, ашық әңгімелесу — оны азғындардан қорғаудың ең тиімді амалы.

5 Қауіпті жағдайда не істеу керектігін балаға түсіндіріп үйреткен жөн. Жақын арада іске қосылатын «Прокурордың 100 кеңесі» деген мобильдік қосымшадан алуға болады.

Түйін: Қазақстанда педофилдің құрбаны болғандардың қайғысы отбасының ғана емес, бүкіл елдің қасіреті. Өйткені, бұл ұл-қыз өсіріп отырған кез келген отбасының басына түспесіне кім кепіл. Себебі, елімізде жыныстық зорлыққа барғандарға тағайындалған жаза қатаңдағанымен қылмысқа барушылардың саны азаяр емес. Қызы не баласы зорланған жағдайды бір үйден немесе бір ауылдың аймағынан шығармай ұстап отырған қаншама жандар бар әлі арамызда. Яғни, ресми тіркелмей жағдайды «ар-ұяттың» артында ұстап отырғандар көп… Мұндай сұмдықты ешкімнің басына салмасын. Әрқайсымыз ұл-қызымызға абай болайық!
Бүгінде infopublic.pravstat.kz сайтында педофилдер картасы іске қосылған. Сайтта олардың фотосуреті мен анкетасы бар. Бұл сервисті кез келген адам еркін пайдалана алады.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *