Пәтер иесі жалға алушыны тіркеуге міндетті

Азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеу бойынша заңға енгізілген өзгерістерді ОҚО Ішкі істер департаменті Көші-қон полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрдәулет Төлегенұлы жан-жақты түсіндірді.

«Қазақстанда тіркеу институты 1993 жылы енгізілген. Ол еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді, бірақ жаңа тұрғылықты жерге келген азамат өзінің мекенжайы туралы хабарлауы тиіс. Бұл ішкі көші-қонға мониторинг жүргізуге, осы және басқа қалада немесе аудандағы азаматтардың есебін нақтылау үшін қажет. Осы мәліметтердің негізінде жұмыс орындарын ашу, мектеп, аурухана құрылысы, инженерлік-техникалық инфрақұрылымды дамыту жоспарланады. Бұған қоса, полициядан немесе басқа органдардан қандайда бір арнайы рұқсат алудың қажеттігі жоқ, тұрғын жай иесінің келісімі болса жеткілікті», – деді облысымыздағы Көші-қон полициясының бастығы.

Оның айтуына қарағанда, заңға енгізілген өзгерістер негізінде тұрақты тіркеумен қатар «уақытша тіркеуге тұру» түсінігі жүргізіліп отыр. Уақытша тіркеуге тұру үшін тұрақты тіркеуден шығудың қажеті жоқ. Уақытша тіркеу дегеніміз аты айтып тұрғандай, белгілі бір мерзімге рәсімделеді және белгіленген уақыт өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады.

Ал бұл заңға енгізілген өзгерістеді жүзеге асыруда пәтерден пәтерге көшіп жүрген тұрғындар түрлі кедергілерге тап болатыны жасырын емес. Айтар болсақ, жалдамалы пәтерді пана етіп жүргендерді пәтер қожайындары тіркеуге тұрғызудан түбегейлі бас тартатыны бар. Содан да, пәтерді жалға алушылар тұрып жатқан мекенжай бойынша тіркелгісі келсе де, тіркеле алмай дал болады.

Сондықтан да, заң талаптарын орындау үшін жалған мекенжай бойынша тіркеуге тұруға тура келеді, бірақ өздері көрсеткен мекенжайда тұрмайды. Ең сорақысы, көп жағдайда бұл мекенжайда ондаған азамат тіркелген болып шығады. ОҚО ІІД Көші-қон полиция басқармасы бастығының мәліметінше, осындай олқылықтарды жою үшін пәтерді жалға берушілерге онда тұрып жатқан азаматтарды тіркеуге тұрғызу міндеттелді. Мекенжай бойынша тіркеуге тұрмағаны үшін бұрындары тек жалдамалы пәтерді пана еткен тұрғындар ғана жауапкершілікке тартылып келсе, бұдан былай пәтер иелеріне де азаматтарды тіркеусіз тұрғызғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал есесіне, пәтерде тұрып жатқан қонақтар мен туыстарға уақытша тіркеуге тұру қажет емес.

Бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде тіркеусіз жүрген құқық бұзушылар бірден жауапкершілікке тартылмайды, оларға әуелде ескерту жасалады және тіркеуге тұруға мүмкіндік беріледі.

ОҚО ІІД Баспасөз қызметі

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *