Отбасылық дәрігер тапшы

10-semejnyj-doktor2Әр емханаға тіркелген азаматтың өзінің аймақтық дәрігері болады. Осы маманның қабылдауы арқылы науқастар медициналық көмек алады. Отбасылық дәрігердің міндеті — учаскеде тіркелген тұрғындарға тек емханада ғана емес, қажет кезде үйде де медициналық көмек көрсетіп, отбасының медициналық-әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу.

Отбасылық дейтініміз шетелдік әріптестердің тәжірбиесіне сүйене отырып, соңғы бес жылда бұл мамандар жалпы дәрігерлік қызметке ауысты. Яғни, педиатр мен терапевттің жұмысы бірікті. Жақында үкімет педиатрия факультеттерін қайта ашуды тапсырған болатын. Бұл ұсынысты премьер-министр орынбасары Иманғали Тасмағамбетов ұсынған еді. Оның айтуынша, 2007 жылдан бастап педиатрия факультеті жалпы медицина ретінде ғана оқытылатын болған.Соның салдарынан қазірден педиатрлардың тапшылығы сезілген. 2012 жылы 10 мың адамға 4 педиатрдан келсе, өткен жылы аталған көрсеткіш үшке дейін азайды. Ал Атырау, Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында 10 мың ауыл тұрғынына бір-ақ педиатр қызмет көрсетеді екен.

 

Отбасылық дәрігерлердің қызметі қандай?

Дәрігердің жұмыс күні пациентті қабылдаудан басталып аурудың себептерін анықтау, диагностикалау және т.б. түрде жалғасады. Пациенттің ауруының даму тарихын зерттеу барысында алынған ақпараттардан соң, алдын алу шараларын не болмаса, сауықтыру жұмысын тағайындайды. Медицина қызметкерлеріне жаңадан өндірілген дәрілік заттар мен препараттар туралы ақпараттар дер кезінде хабардар етіліп отырады. Дәрігер пациентке дәрілік заттарды тағайындау кезінде осы ақпараттан хабардар етеді. Көп дәрігерлер түрлі ауруларды емдеу мен диагностикалаудың жаңа тәсілін ендіру мен әзірлеуге тікелей қатысып отырады.

Отбасылық дәрiгерлiк амбулатория өз қызметiнiң шегiнде, жасы мен жынысына қарамастан, өтiнiш білдiрушілердiң барлығына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудi жүзеге асыратын ұйым болып табылады. Сондай-ақ амбулатория қызметiнде: жасына және жынысына қарамастан, барлығы және әрқайсысы үшiн белгiлеу; қолайлылық; профилактикалық бағыттылық; үздiксiз емдеу-профилактикалық шаралардың сабақтастығы кіреді.

Жалпы тәжірибелі дәрігер ересектер мен балаларға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында мамандандырылған медициналық көмек қызметін көрсетеді.Ең бастысы учаскелік дәрігерлер өз аймағындағы науқастың үйіне барып медициналық тексеруді жүргізіп отырады.

 

Он мың отбасылық дәрігер қажет

Елімізде отбасылық дәрігерлер тапшы, яғни республика бойынша он мың отбасылық дәрігер қажет. Мәселен, медициналық университетті жылына бес жүзге жуық студент бітіріп шықса, оның тек жартысы ғана отбасылық дәрігер болуға ұмтылады екен.
Сондай-ақ мұндай көрсеткіш Оңтүстікте де байқалады. Әсіресе қаладағы емханаларда. Өйткені жоспар бойынша, бір учаскелік дәрігер норма бойынша екі мың халыққа қызмет көрсетуі тиіс.Бірақ, Шымкент қаласындағы емханаларда бір отбасылық дәрігердің өзі үш мың халыққа дейін қызмет көрсетеді екен. Әрбір маманда бес жүз адамға дейін артық. Мұның себебін салаға жауаптылар, халық санының көптігімен байланыстырады.

Лаура НАХЫПҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *