Отбасылық бақыттың қайнар көзі қайда?

Жалпы ислам діні адамзат баласына мақсатсыз, бекер жіберілмеген. Оның ең әуелгі мақсаты – адамзат баласын екі дүниеде бақытты ету. Бірақ әр нәрсе еңбекпен келетіні секілді бақытты болу үшін белгілі бір дәрежеде бейнет керек. Мысалы, Ислам діні әркімге белгілі бір міндеттер жүктеген. Ер кісіге белгілі міндеттер жүктеледі, ал әйел адамның өзінше бөлек міндеттері бар. Отбасындағы балаға да жүктелетін шарғи міндеттер бар. Ал енді әркім өзінің міндетін дұрыс атқара білсе, онда олар бақытты болатыны сөзсіз. Ал керісінше сол міндеттердің бірі немесе бірнешеуі орындалмай қалса, жанұяның берекесі қаша бастайды. Мейлі ол әке, ана, бала болсын, бәрібір. Күнде көзіміз көріп жүрген техниканың да бір жері бұзылса, ол жұмыс істемейді ғой. Мұсылман шаңырағының жүйесі де сол секілді. Өкінішке қарай, осы мәселеге бүгінгі қоғам тым жеңіл қарайтын секілді.

Ер адамның міндеті
Ер адам өзінің отбасын асырауға міндетті. Өзі не кисе, отбасына да соны кигізіп, не жесе соны жегізіп, баспанамен қамтамасыз етуі керек. Ал, егер ер адам жалқауланып, жұмыс істемей үйде жатып алса, отбасының қажеттіліктерін өтеп бере алмаса, онда үйде ұрыс басталады. Бір күн, екі күн шыдаған әйелі үшінші күні: «Неге бұлай жата бересің?» деп ұрыс шығаруы мүмкін. Осыған апармас үшін ер адам күн сайын таң атысымен ырыздық несібесін теруге үйден шығып кету керек. Сол секілді әйел де жаратылысы нәзік болғандықтан күйеуіне бағынуы тиіс. Егер «мен де тең құқықты адаммын ғой, неге мен бағынуым керек?» деп езеуреп шығу өте үлкен қателік әрі білімсіздік. Мәселенің төркінін жақсы түсінетін адам шариғат не үшін бұлай бұйырғанына өз көзін жеткізе алады.
Иә, ер адам әйел адамға жауапты. Бұл дүниеде жауапты бола алмаса да, арғы дүниеде есебі болады. Әйел ерге бағынбаса, сол есепті бұзады. Ендеше, белгілі бір міндеттер жүйесін ер адам да, әйел адам да толық игеруге тиісті. Әйел бақыты, ана бақыты сол өз міндетін толық игеруде жатыр.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйел адамдарды құрметтеуге, олармен жақсы қарым-қатынаста болуға шақырған. Кейбір еркектер «ер азамат екенмін» деп әйелін ұрып-соғып, ішіп келіп ренжітіп, құмар ойынға салынып, отбасының шырқын бұзып жатады. Ондай отбасынан қандай бақыт күтуге болады? Әйел кісі де ер азаматының қас-қабағына қарамай, қиналғанда демеуші болмай, өзім білемге салынып жүре беретін болса, онда ол отбасында тұрақтылық болмайды.

 

Әйелдің қадірін біл
Бүгінде кейбір әйелдер шағым жасайды: күйеуім күнде ұрып-соғады, ішіп келеді, құмар ойынына салынған.., — деген секілді. Осыдан кейін мен оған қалай бойұсынам дейді соңында. Бұл қоғамдағы үлкен проблема. «Мен мұсылманмын. Күйеуімді сыйлап, Алла разылығын тапқым келеді. Жұмаққа кіргім келеді. Бірақ, анадай адамды қалай сыйлаймын. Әбден шаршап, қажып біттім – деген қаракөз қарындастарымызды естисіз. Бұл мәселенің өзегіне үңіліп қарайықшы. Қазір ата-аналар бойжеткен қызын ұзатады, ержеткен ұлын үйлендіреді. Сол кезде солардың тағдырына бейжай қарайды. Үйіне қызының қолын сұрап келген күйеу баласымен танысқан кезде ата-ана бірінші кезекте: «Қай жерде жұмыс істейсің?», «Қанша ақша табасың?», «Ата-анаң қандай?», «Руың не?» т.б. секілді белгілі сұрақтардан аспайды. Осы сұрақтардың санын көбейту керек. Алдымен: «Алла Тағаламен араң қалай? Құлшылық жасайсың ба? Арақ ішесің бе? Темекі шегесің бе? Ысырап дегенді білесің бе? Әйелдің қадірін білесің бе?» деген сұрақтарды көбейту керек. Бірақ, біз бұған мән бермейміз. Арақ ішсе де, темекі шексе де, жағымсыз мінезі болса да, көз жұма қараймыз. Әйтеуір, ақша тауып, қызымды асырап отырса болды дейді. Өз қызымызды қауіп-қатерге өзіміз тастаймыз. Ертең ол бақытсыз болып, жылап жүреді. Әкенің міндеті күйеу баласын осы тұрғыда сынау керек. Иман тұрғысынан, діни тұрғыдан сынау керек. Сол кезде қызы қор болмайды. Мұсылман адам – Алланың құлы. Алланың шариғатымен жүреді. Обал-сауапты біледі. Ақыреттің бар екенін біледі. Отбасы үшін Ақыретте жауап беретінін біледі. Ондай адам ешуақытта біреудің аялап өсірген қызын қор қылмайды. Осындайда ата-ана құда-құдағи таңдағанда аса мән беру керек. «Олар біздің теңіміз емес», — деген сөздер жиі кездеседі. Сен бір ауқатты отбасының қызы бола тұра, сіңірі шыққан кедейге қалай тұрмысқа шығасың? Ертең оның тойында қалай отырамыз? Ел-жұрттың көзіне қалай қараймыз? деген сөздер айтады. Бұл – барып тұрған сорақылық. Тең теңімен, тезек қабымен деген сөз бұл мағынада айтылмаған. Жігітке кедейлік — намыс емес. Иман тұрғысынан, мұсылмандық тұрғысынан әлсіз болса, оған сол намыс болуы керек. Осы мәселеге мән беру керек.
Үйленгеннен кейін ары қарай отбасын сақтау да үлкен бір өнер. Тәкаппарлық отбасын күйрететін нәрселердің бірі. Мейлі ол ер адамда болсын, мейлі әйел адамда. Отбасын күйретудің бірінші қадамы осы тәкаппарлықтан басталады. Күйеуінікі дұрыс деп әйел қоймаса, әйелімдікі жөн деп күйеу басылмаса, онда кикілжіңнің басы осындайдан туады деп анық айта аламын. Тек менікі дұрыс деген түсініктен аулақ болу керек. Ал, егер солай кете беретін болса, мәселе ушығып-ушығып, бір отбасы ойран болады.
Орынсыз қызғаныштың ажырасуға дейін апарып жатқаны байқалады. «Неге кеш келдің? Қайда болдың? Қайда барып келдің?» деген секілді орынсыз сұрақтар қойып, орынсыз қызғанатындар бар. Ер азамат өзінің әйелін қызғануы керек. Қызғанбаған еркекті хадисте айтылғандай дайус дейді. Дайус деп жұмақтың иісін де иіскемейтін адамды айтады. Бірақ, ол дегеніміз орынсыз төмпештей беру деген сөз емес. Бұған дұрыс қарау керек.

 

Ұрпақ тәрбиесі
Ерлі-зайыптылар үйленген күннен бастап ұрпақ қамына кіріседі. Сол күннен бастап әкенің беліндегі, ананың жатырындағы сәбидің тәрбиесі басталады. Сол кезден олар сөйлейтін, еститін сөзіне, ішіп-жейтін асына, аяғы басқан жерге, қолының ұстаған жеріне, жалпы әрбір іс-әрекетіне, мұқият мән бермесе болмайды. Себебі, ол кезең баланың алғашқы қалыптасу кезеңі болып табылады. Ертең ұрпағы ізгілерден болсын десе, еліне, жеріне пайдалы азамат болып өссін десе, өзіне өзі дұрыс қарау керек. Бұрынғы бойдақ кездегі жеңіл мінезді қою керек. Жауапкершілікті салмақты түрде сезіну керек. Міне, сол кезде дұрыс отбасы қалыптасады.

 

Ата-анасы бар адам бақытты
Тағы бір мәселе, қазір көптеген келіндер тұрмыс құра салып, бірден бөлек шығуға құмар. Ата-енемен бірге тұрғысы келмейді. Бөлек қазаннан ас ішіп, екеуі ғана қызыққа батып, өмір сүргісі келеді. Бірақ олар асығыстық жасайды. Берекенің көзі – ата-анада, үйдегі қарияларда екенін білмейді. Соларға қызмет етсе, ертең  өзінің бала-шағасы, келіндері қызмет ететінін түсінбейді. Сөйтіп асығыстық жасайды. Егер де бала ата-ананың қадірін білетін болса, ата-анасына қарауға таласар еді. Одан қашпау керек. Ата-анаң қолыңда қашанғы тұрар дейсің? Біраз жылдан кейін өмірден озады да кетеді. Ертең бір жерге баратын кезде бала-шағаңа бас-көз болатын адам керек. Үйіңе қарап отыратын адам жоқ. Қиналған кезде ақыл сұрайтын адам жоқ. Бөлек шығу деген қасірет бір жағынан. Сондықтан ата-анасы, ата-енесі бар адамдар бақытты. Осыны жақсы түсіну керек. Көптеген ажырасулардың себебі де осы бөлек шығудан басталып жатыр. Қысқасын айтқанда, отбасында мұсылмандық ережелерді ұстану – нағыз бақыттың қайнар көзі. Соның қадірін білуіміз керек.

 

Самат қажы Сапарханұлы,
Төлеби ауданының бас имамы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *