“Ортақ валюта шығару әзірге жоспарда жоқ…»

b3fc1b3eb1eb019c1f84b394575ca103_XL«Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта шығару әзірге күн тәртібіне қойылмады. Одан еш қорқудың қажеті жоқ». Бұл сөздерді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев республикалық телеарналардың тілшілеріне берген бейресми сұхбатында айтты. «Біз Ресей рубліне тәуелдіміз. Себебі олар біздің сауда серіктесіміз. Ал ЕАЭО-ға келер болсақ, бұл туралы 1990 жылдан бері айтылып келеді. Кеңес Одағы құлағаннан кейін біздің жағдайымыз қиын болды. Жалақы төлеу үшін ақша болмады. Тіпті, теңге де әлі шығарылмаған болатын. Сол кездерде ортақ валюта болғаны рас. Ал қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ», — деді Президент. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін сұхбат барысында Елбасы жылды қорытындылап, елге белгілі журналистер Бейсен Құранбек пен Ерлан Игісіновтың қойған сұрақтарына жауап берді.

«Тағы да бір жылымыз тарих қойнауына енейін деп тұр. Бұл жылдың табыстары мен кемшіліктері, қиыншылықтары да аз емес. Дегенмен, ең біріншісі – сайлау. Сайлаудан кейінгі бес институционалдық реформа, оны халыққа жариялау. Бұған қоса, «Нұрлы жол» бағдарламасы да бар. Бұның бәрі халыққа қажетті дүниелер. Сондықтан да бұл жылдың басты ерекшеліктері осылар». Президент жылды осылайша қорытындылады. Биылғы айтулы оқиғалар ретінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының тұңғыш рет тойлануын, биыл аталып өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата заңымыздың жиырма жылдығын да атап өтті.
Зейнетақы қорындағы қаражатты Үкімет тек бюджеттің тапшылығына қарай ғана қолдана алады. Мемлекет басшысы екінші деңгейлі банктерге бұл қаражат сеніп тапсырылғанын, алайда, банктердің өзі дағдарысқа тап болғанда, Қор қаражатына да қауіп төнгенін ескертіп өтті. Екіншіден, банкирлер де халықтық қаражатты өз акционерлеріне несиеге бере бастағанын айтып, бұған ең алдымен мемлекет жауапты екенін жеткізді. Ұлттық банкке зейнетақы қаражатын бергенде осы қауіптерді де ескергенін айтты Елбасы. «Бүгін үш жолмен зейнетақы төленеді: жұмыс беруші, мемлекет, салық төлеуші. Біз басқа елдердің тәжірибелерін де алдық. Зейнетақы қорлары қауіпсіз жерде сақталып қана қоймай, ол еселеніп отыруы керек», — деді Президент.
ҚР Президенті долларсыздану саясатын жүзеге асыру кезінде нарықтық емес шараларды қабылдамайтынын атап өтті. Яғни шетел валюталарын мемлекеттен шығару ісіне тыйым салынбайды. «Дағдарыс кезінде түрлі шаралар қабылданады. Мысалы 1998-1999 жылдары Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде дағдарысқа байланысты шетел валюталарын мемлекеттен шығаруға тыйым салынды. Барлық экспортшыларды валюталарды елде ұстауға мәжбүрледі. Менің айтатыным — біз олай істемейміз. Шетел валютасын елде ұстап тұруға мәжбүрлемейміз. Бұл Қазақстанның қаржы саясатына және нарықтық экономикаға қарсы шара болып табылады», — деді ол.
Елбасы бақуатты, мүмкіндігі мол азаматтарды қайырымдылық шараларымен айналысуға шақырды. Осы орайда Мемлекет басшысы өзіне сыйлық ретінде тиген мол қаржыны қалай және қайда жаратқанын айтып өтті. «Естеріңізде болса, Қытай Халық Республикасы «Жібек жолы адамы» сыйлығын тағайындап, бұл атақ маған берілген еді. Оның жақсы ақшасы, сыйақысы да болды. Мен бұл қаржыны екіге бөліп, бір бөлігін – қайырымдылық қорына, екіншісін қазақ тілін дамытуға бердім. Мен қайырымдылық қорына берген 300 мың доллар қаржы балаларды емдеуге септігін тигізді».
Сұхбат барысында  жемқорлық мәселелесі де назардан тыс қалған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы ретте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» жаңа Заңға сəйкес енді елімізде шенеунік кəсіпкердің берген сыйлығының өзін сатып алуға тиісті болып шығатынын атап өтті. Егер кәсіпкердің оны тегін алғысы келсе, сыйлық мемлекетке тапсырылуы керек. «Мемлекет шенеунігінің мойнына бизнес атқаруы тиіс өте көп жұмыс жүктелген. Яғни, рұқсат беру мəселесінде. Мысалы, жер сатып алу үшін қалың қағаздың арасына кірген адам «қол қойдыру үшін бірдеңе беру керек шығар» деген ойға келеді. Бұл туралы сөз қозғалған сайын менің үнемі айтатын сөзім, халыққа қоятын сауалым біреу: «Неге бересіздер?». Пара алушы бар да, пара беруші бар. Халық осыны көріп отырып, неге хабарламайды? Қорқады деп айтуға болады. Сондықтан жемқорлықпен тұтастай бір халық болып күреспесек, оның тамыры кесілмейді. Бұл да бір мəдениет. Жемқорлық бүкіл елде кездеседі, жемқорлықты 100 пайыз жеңген ел жоқ. Бірақ жемқорлықпен күресте жақсы көрсеткішке қол жеткізген елдер бар, көрсеткіші нашар елдер бар», – деді Мемлекет басшысы. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы жақында өзі қол қойған жаңа Заңның басымдықтарына тоқталды. «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» жаңа Заңда біз электронды үкіметті дамыту мəселесін нақтыладық. Қателеспесем, кəсіпкерлер қазір керек анықтамаларының 70 пайыздан астамын электронды түрде ала алады. Яғни, шенеунікпен тікелей байланысқа шықпайды. Осы істі, құжат айналымының барлығын, рұқсат беру процестерінің барлығын электронды форматқа ауыстыру керек», – деді Президент.
Елбасы рушылдық мәселесіне де тоқталды. «Егер біз руға бөлінсек, ел болмаймыз. Ол кезде жұрт Ливияның тағдырын қайталайды. Біз ат төбеліндей қазақпыз. Түріктер секілді 80 миллион, орыстар сияқты 140 миллион адам емеспіз. Еуропаның көптеген елінен азбыз. Әрең дегенде он-он бір миллионға жеткен қазақты қырық руға жіктейтін болсақ, онда ел болмаймыз. Ресейдің тарихында, орыстардың мұрағатында қазақты қалай жаулап алғаны жайында бәрі жазулы жатыр. Көп тарихшылар да біледі, қазақты руға, жүзге бөліп жаулады. Керісінше, қазақ біріккен Аңырақайда атақты жауына үлкен соққы берді. Қалай жеңді? Басы біріккенде жеңді. Егер біз бұндай дертке ілігетін болсақ, Ливия секілді құрдымға кетеміз», — деді Мемлекет басшысы.
Сұхбат барысында кадр тағайындау мен босату мәселесі де қамтылды.
«Ә дегенде, әрине, тәжірибеге жүгінесің. Тағайындайтын адамдарды білесің, істеп жүргенін, кімнің қалай екенін. Бәрін таразыға салып, қайсысы деген кез, шынымды айтсам, мен үшін ең қиын мәселе осы. Біріншіден, өзім тағайындаған азаматтардың сол жұмысты істей алмай, жұмыстан босатқан кезде қиналамын. Себебі, оның өзін ғана емес, балаларын, ағайын-туғандарын ойлаймын. Мынаның аяғы шалыс кетіп, барлығы қиналады-ау деп, мынаны қазір жұмыстан алып тастасам, өзі де, барлығы да қианалады-ау деп ойлаймын. Одан кейін нақ тауып, дөп тауып, ертең жұмыс істеп кететіні қайсысы екен деп, оған да қатты қиналатыным рас. Ал енді тиісті адамды тауып, орнына қою ол да аз шешім емес», – деді Президент. Ал кадр таңдауда қателік жіберу бүкіл елге, мемлекетке зиянын тигізуі мүмкін екенін де айтты. ҚР Президенті 2015 жылғы кезектен тыс президент сайлауынан кейін өзгерген Үкімет құрамын қайта өзгерту мәселесін қозғаудың қажеті жоқ екендігіне де тоқталды.
Президент қазақстандықтарды мүлікті заңдастыруға қатысуға шақырды. «Шығындар мен кірістер ашық түрде болады. 2017 жылдан бастап салық толық төлену үшін кірістер мен шығындары ашық көрсетуді талап етеміз. Бұдан бұрын біз заңдастыру мәселесін шешуіміз керек. Адамдар мүліктерін  немесе шетелдегі мүлкін заңдастыру үшін 10 пайыз төлейді. Осыған байланысты Қазақстанда жекешелендіру өткізіп жатырмыз. Қазақстандықтар жекешелендіру арқылы қаржы алып келіп, үлкен кәсіпорынардың, өндіріс орындарының иесі атанғаны жөн. Әлемдегі басқа адамдар сияқты өмір сүру керек», — деді Н. Назарбаев.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері республикаға 1 миллионға жуық қандасымыздың келгеніне тоқталған Елбасы оларға қолдау көрсету тоқтатылмайтындығын айтты.
Сонымен қатар, Президент Ресейде «Восточный» ғарыш айлағы құрылғаннан кейін мемлекеттегі «Байқоңыр» жабылмайтынын айтты. «Егер «Байқоңыр» болмаса, Ресеймен адал қарым-қатынас орнамас еді. Отандық ғарышкерлер ғарышқа ұша алмас еді. Сондай-ақ, Қазақстан космосқа ұшатын ракеталарды жібере алмайды. Бізде ғарыш айлағын тұтыну мен жаңа кадрлар дайындау мүмкіндігі жоқ. Бірақ біз осы бағытта жұмыс істей береміз», — деді Н.Назарбаев.
Ресей мен Түркияның келіссөз өткізуі — ең дұрыс шешім деп есептейді Елбасы. Сұхбат барысында көрші елдердегі мәселе де шет қалған жоқ. Ол жайында Президент былай деді: «Ресей біздің ең жақын көршіміз, біз ол елмен бір экономикалық одақта тұрмыз. Рубль девальвациясының қалай әсер еткенін білесіздер. Егер осындай олқылықтар болмаса, біздің экономикамыз бұдан жақсы болатын еді. Ал Қазақстан Түркиямен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынаста. Мен оқиға басталғаннан бастап, позицияларды жақындатуға барымды салдым. Бұл ешкімге де пайда әкелмейді: Ресейге де, Түркияға да. Егер ақылға салсақ, бұл жағдайдан шығу керек. Ал ең дұрыс жол – келіссөз, консенсус».
Елбасы ашық сұхбат барысында Астананың бүгінгі келбетіне марқая қарайтынын да айтты. «Астанаға көз салған әр сәтімде ерекше сезімге бой алдырамын, тіпті өз көзіме өзім сенбеймін десем де болады. 2004 жылы Есілдің бұрылар тұсы, Ақорда тұрған жер батпақ, адам бойынан асатын, қамыс өскен иен дала, ештеңе жоқ еді. Шағын ғана ұшақтар қонатын кішкентай аэропорты бар болатын. Ал қазір қараңыздаршы, түнде келе жатсаң, барлығы да самаладай жарқырап тұр. Ұшақпен төңіректі шолып шықсам, қаланың төңірегі жайқалған орманға айналған», – деді Президент көтеріңкі үнмен. Осы орайда Елбасы елорданың бой түзеуіне, Қазақстанның дамуында өзінің зор үлесі бар екенін ерекше атап өтті.
Журналистердің «шындықты айтпайтын кезіңіз болды ма?» деген сұрағына Президент былай деп жауап берді: «Өтірік айту деген — жаман қасиет. Досыңа өтірікті бірінші рет айтсаң, саған сенбейді, екінші рет айтсаң, абыройыңнан айырыласың. Ал ел басқарып жүрген адамның жағдайы ерекше, әртүрлі оқиғалар болып жатады. Елді басқарып отырған адамның аузынан барша Қазақстан халқының атынан айтылатын сөз шығады. Кейде келіссөзге келу үшін бір нәрседен кейін шегініп, екінші жағын алға шығаруға тура келеді». Содан соң Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі Қазақстан жағдайының қалыптасуы оңай бола қоймағанын білдіре отырып, егемендіктің алғашқы жылдарында Каспий теңізінің акваториясын және Ресеймен арадағы шекара сызығын бөлу мәселелерінің үлкен мәні мен маңызы болғанын атап өтті.
Әңгіменің соңына қарай, тілшілер Елбасының қалай өзін әрдайым «формада» ұстап жүретінін де сұрады. «Қазір жұрттың көпшілігінің проблемасы – арықтау. Арықтардың өзі одан сайын арықтасам деп жүр. Диета туралы айтады, ет болмайды, май болмайды деген секілді. Біз қазақтар қалай етсіз өмір сүреміз? Бір ұрыдан «ұрлықты қашан қоясың» десе, «жылқы етінің тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» деген екен. Сол секілді менің принципім – адам өзіне, өзінің организміне қажеттіні жеу керек», – деген Президент ешқандай да диета ұстанбайтындығын айтты. Сондай-ақ, дені сау, саламатты ұлт болу үшін үнемі спортты серік ету керек деп сөзін аяқтады.

Дайындаған – Гүлнұр СӘТБАЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *