Оразаны не бұзады?

Айлардың сұлтаны Рамазан айы басталды. Осы орайда ораза тұтқан жамағаттың арасында жиі туындайтын сұрақтардың жауабын жарияладық.789

Намаз оқымайтын адамның оразасы қабыл бола ма?

Ораза – жеке-дара құлшылық ету. Сондықтан, намаз оқымайтын адам оразаны шартына сәйкес орындаса, оразасы қабыл болады.  Сондай-ақ, ол Рамазан айында ораза ұстау міндетін атқарған болып саналып, өзіне тиесілі сауабын алады.

Макияж жасау немесе біреуге жасату оразаны бұза ма?

Ораза кезінде бетті әрлеуге тиым салынбаған. Себебі, теріге жасалған макияждың оразаға ешқандай зияны жоқ.

Ораза кезінде түкірік жұтып қойса не болады?

Түкірікті жұту – оразаны бұзбайды. Алайда, түкірікті әдейілеп жинап алып жұтқан жағдайда, ораза бұзылады.

Балаларға ораза ұстауға бола ма?

Балиғат жасына жетпеген балаларға ораза ұстау міндетті емес. Дегенмен, ұстағысы келетін бүлдіршіндерге кедергі жасамаған абзал. Керісінше оның қыр-сырын үйрету мақсатында рұқсат беріп, оларға ақыл-кеңесті аямай ниетін құптаған жөн. Алайда, шектен тыс ашығып қалмауын қадағалаған дұрыс. Онымен қоса, ораза ұстау баланың сабақ үлгерімі мен денсауылығына кері әсерін тигізбеуі тиіс.

Ерін далабы оразаны бұза ма?

Ерінге жағылған опа-далап оразаны бұзбайды. Бірақ, оразаның негізгі мақсатын ескерсек, ерінді жалап, далаптың дәмін сезіну дұрыс емес. Ол жағдайда ораза бұзылады.

Ораза уақытында тырнақ алып, шаш кесуге бола ма?

Тырнақ пен шаш алуға болады. Мұны ғұсылдың алдына жасаған абзал.

Ауырған тіске дәрі басылса, ораза бұзыла ма?

Ауырсынуды басу үшін тіске қойылатын дәрілер ішке жұтылмаса оразаны бұзбайды.

Шомылу немесе душ қабылдау оразаны бұза ма?

Душ қабылдау, шомылу немесе жүзу оразаны бұзбайды. Өйткені, ауыз бекіткен адамға суға түсуге тыйым салынбаған. Десе де, су жұтып қоймау керек екендігін ескерген шарт.

Тіс тазалау оразаны бұза ма?

Ораза ұстаған адам ауызын тазалауына болады. Тек ішке кетіп қалу ықтималдығы болғандықтан, ауызы берік кезде тіс пастасын қолданбаған абзал. Ал, қолданғысы келген кісілер, асқазанға түспеу жағын қатаң ескергені жөн.

Ораза кезінде ұмытып ішіп-жеп қойса не болады?

Тамақты не болмаса суды байқаусызда ішіп қою — оразаны бұзбайды. Аузыңыздың берік екендігі есіңізге түскен бетте ішіп- жеуді тоқтату керек.
Сондай-ақ, аузы беріктігін ұмытып тамақ жеп отырған әлсіз, қарт адамды көрсеңіз, ораза ұстап жүргенін есіне салмаған абзал. Себебі, Алла тағала өзінің мейірімімен ұмыттыру арқылы оларды ішкізіп-жегізуде. Ал, керісінше ұмытып тамақ жеп отырған кісі денсаулығы мықты әрі жас болса, сол мезетте есіне салған дұрыс.

Редакция

2 комментария

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *