Оразәлі КЕНЖЕБЕКОВ: Депутат болмасам да уәдемде тұрдым

Ішкі беткеҚаратау ауданына қарасты Қызылсу ауылының тұрғындары соңғы жылдары жарықтың зардабын әбден тартты. Ауылды жарықпен қамтуға ширек ғасыр бұрын орнатылған трансформатордың күші жетпейді. Кеш батса болды,  жарық сығырайып, тұрғындар шам жағып күнелтеді. Қызылсулықтар бұл мәселесін талай жауаптының алдына барып көтерген. Жақында өткен сайлаудан үміт еткен-ді. Бірақ, күн жылжыған сайын ол үміт те үзіле бастаған. Осы округтен сайлауға түскен азаматтар бірінен соң бірі келіп, уәдені үйіп-төккенін көпшілік ұмыта қойған жоқ әлі. «Ауылға не керек?», «Қандай проблемаларың бар?» деп уәждерін тыңдап, орындайтындығына сендірген еді талайы. Солардың бірі — №18 сайлау округінен додаға түскен Оразәлі Кенжебеков болатын. 

Оразәлі Ерікпайұлы ауыл ақсақалдарымен сөйлесіп, жоғын сұрады. Ауылға жаңа трансформатордың керегін біліп, сол күннен-ақ іске кіріседі. Алайда, Оразәліге депутаттық мандат бұйырмады. Сайлау белгіленген күнге жетпей-ақ, құжатқа байланысты додадан шығып қалды. «Депутат болсам да, болмасам да, уәдемде тұрамын» деп сөз берген Оразәлі Кенжебеков ауыл тұрғындарынан теріс айналған жоқ. Бұл жігіттің тірлігі мандатқа қол жеткізгендерге сабақ деуге болады…
Алдымен, кейіпкердің өзімен жақынырақ танысыңыз. Оразәлі Кенжебеков 1973 жылы бұрынғы Сайрам ауданы Красноводск (қазіргі Қаратау ауданының Мәртөбе ауылында) дүниеге келген. Маяковский атындағы орта мектептің түлегі. Қоғамдық жұмыстарға атсалысып, қайырымды іс-шаралардың ұйытқысы болуымен өз аймағында көпке танымал. Отбасылы. Төрт баланың әкесі.

Оразәлі Кенжебековті Мәртөбе, Қызыл су, Достық ауылдарының халқы жақсы таниды. Мұндағылар, әсіресе, оның Мәртөбе ауылындағы зират маңындағы қоқыс полигонын жаптырғанын, оған бар күшін салғанын аузынан тастамайды. Ол билікте қызмет етпейді, айналысатын жұмысы – тәуелсіз бағалаушы. Жеке кәсібі тағы бар. Барға қанағат ететін азамат қайырымды іс жасау – мұсылмандық парызым деп біледі. Қоғамдық жұмыстарда белсенділігінен бөлек, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігіне де қанық. Жерлестерінің жағдайларын біліп, хабар алып тұрады. Оразәлі Қызылсу мен Мәртөбе ауылына ортақ каналды тазартуға осындағы тұрғындардың өзін жұмылдырып, әр жылы тазалау жұмыстарын ұйымдастырады. Қазір қос ауыл ағын судан таршылық көріп отырған жоқ. Бұдан бөлек, кейіпкеріміз Шымқаладағы Орталық мешіт жанындағы экстремизм және терроризмге қарсы күрес жөніндегі үгіт-насихат тобының мүшесі, сондай-ақ, Мәртөбе тұрғын алабының төбе биі. Ол туып өскен ауыл-аймағындағы халықтың барлық проблемасымен жіті таныс. Ауылдың көркеюі мен дамуына да немқұрайлы қарамайды, қалдырған қолтаңбасы да бар.
– Ауылда шешімін табуы тиіс проблемалар көп. Күні бүгінге дейін кейбір мәселелерді тұрғындардың өз күшімен шештік. Атқарылатын жұмыстар әлі де көп. Елдегі осындай істердің басы-қасында жүргендіктен және олардың оңды шешілуіне өз үлесімді қоссам деп, сайлауда кандидатурамды ұсынғанмын,- дейді мәртөбелік азамат.

Уәде – құдайдың аты

ішкі беткееҚызыл су ауылында үш мыңнан аса халық тұрады. Ауылдағы трансформатордың қойылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Осы уақыт ішінде халық саны да артқан.
Бұл трансформатор 1964 жылы мен әскерден келген жылы қойылған болатын. Күші 100 кВт. Одан бері қанша түтін қосылды. Талай жылдардан бері жарықтың зардабын тартып келеміз. Оразәлі көрші ауылдың азаматы. Сайлау алдында келіп, ауыл тұрғындарымен кездескенде бірінші проблемамыз – жарық екендігін айтып, трансформатор орнатып беруді сұрадық. Бұл жігіт сол кезде депутаттыққа өтсін, не өтпесін уәдесін орындайтынын айтып кеткен болатын. Күдіктің болғаны рас. Дегенмен сөзінде тұрды. Жақында жаңа трансформатор орнатты. Мұның қуаты бұрынғыдан әлдеқайда жоғары екен. 460 кВт. Елдің игілігі үшін жасаған қайырымды ісіне алғысымыз шексіз,- дейді ауыл қариясы Рахмат Әшурметов. Ал, Сыдыққожа Тажиханов болса, қоян-қолтық тіршілік жасап, бірлік пен татулықта өмір сүріп жатқан елміз. Оразәлі құр сөздің емес, істің адамы екендігін жақсы білеміз. Сыйлы әрі абыройлы азамат. Депутат болмаса да жасаған игі тірлігін көріп, естіп жүрміз. Бұл жақсылық бүгін-ертең ұмытылып кетпейді. Мұның игілігін ұрпақтарымыз жылдар бойы көретініне сенімдіміз, деп ризашылығын білдірді. Трансформаторды орнатуға кәсіпкер жігіт 1 миллионға жуық қаржы жұмсаған.
Табыс декларациясы дұрыс толтырылмағандықтан, Оразәлі сайлаудан шеттетілді. «Депутаттық мандат бұйырмағанда көңіл-күйіңіз түскен болар» деген сұрағымызға Оразәлі Ерікпайұлы: Біреуге айтар өкпе-ренішім жоқ. Бастысы, аймағымыздың өсіп-өркендеуіндегі және әлеуметтік жағдайды жақсартудағы жұмыстарымды ел біледі, деді ашық-жарқын жүзбен.
Сайлау кезіндегі уәденің бірі – Достық ауылына электр желісі бөренелерін орнату болатын. Қазір жиырма бөрене дайын. Ауылға жеткізіп те қойыпты.

Ол — ауыл биі

Оразәлі Мәртөбе ауылында төбе би. Ауылда жиырмадан астам ұлт өкілдері тұрады. 1360 шақты үй болса, онда тұрмыстық жағдайы төмен 6 отбасы бар. «Алты отбасына әлеуметтік жағынан көмек беру міндетіміз. Жуырда ауылдағы қалталы азаматтардың басын қосып, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға көмек акциясын ұйымдастырдық. Ел ағалары да жоқ демеді. Бір аптаның ішінде 300 мың теңгеге жуық қаржы жиналды. Оған балаларға киім-кешек алдық, коммуналдық төлемдерін төлеуге жәрдемдестік», — деді төбе би сөз арасында. Ұлтымызда көпті көрген, яғни, «көре-көре көсем болған», көкірек көзі қиядағыны шалатын, ойы орамды, көнені ғана көріп қоймай, болашақты да тап басып, болжам жасай алатын, әрдайым халық көңілінен шығатын жанды ауыл биі етіп сайлаған. «43 жастағы азаматты ауыл биі етіп сайлағаны қалай?» деген сауалды да қойдық. Орыс қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анатолий Николаевич: Мәртөбе ауылының тұрындары ауыл кеңесінде жиналып, өткен жылы ауыл биі етіп Оразәліні сайлады. Оның бұған дейін де атқарып жүрген еңбектерін халық біледі. Әсіресе, қоқыс полигонын жаптыру — осы азаматтың еңбегі мен табандылығының нәтижесі. Ауыл биі етіп сайланған кейінгі бір жыл ішінде ауылдық тарапта қаншама жұмыстар жүзеге асты. Ұлттар арасындағы татулықты сақтау, көше тазалығы, ағын су мәселесі дегендей, ең бастысы – Оразәлінің көптің басын қосып, ұйымдастырушылық қасиеті мықты екенін аңғартты. Халықты іске жұмылдыра білуінің өзі бағалауға тұрарлық,-дейді шын ықыласымен ризашылығын білдіріп.

Арман көп…

«Депутаттық мандатқа қызығып түскенім жоқ». Ол ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде қолда күштің болғанын қаладым, деп ойын ашық айтты. Оразәлі жақында Қаратау әкімдігіне өз жобасын ұсыныпты. Онда ел ішіндегі күрделі мәселелерді халықпен кеңесіп, ақылдасып істесе деген ұсынысы бар. Өйткені, ауылда шешімін таппай тұрған мәселелер жетерлік. Үш ауысымды мектеп, тозығы жеткен жолдар, ескіріп құлауға шақ тұрған электр бағаналары.
Қайырымды іске жақын жанның бизнесте де тәжірибесі бар, кезінде банк саласында жұмыс атқарған. Сондықтан, болашақта арнайы қаржы қорын ашқысы келеді.
— Банк жүйесінде және кәсіпкерлікте көпжылдық тәжірибем бар. Тәуелсіз бағалаушы ретінде еңбек өтілім бұл арманымды жүзеге асыруға көмектесетініне сенемін. Пайызсыз несие беру негізінде қаржы институтын құруға ниеттімін. Қайырымдылық жасау үшін қалталы болу шарт емес. Онда асып-тасыған байлық жоқ. Өзімнен артылғанын елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына жұмсаймын. Халықтың жарығы, суы мен жолы жақсы болса, одан артық не бар? — дейді жымиып. Шын көңілінен шыққан сөздерді аңғару қиын емес еді. Оған еріксіз «жолыңыз ашық болсын», — дегің келеді.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *