Омыртқаға бей-жай қарауға болмайды

Бүгінде омыртқасы ауыратын науқастардың саны күннен-күнге көбейіп барады. Ел арасында: «Омыртқамның арасына ет қысылып қалыпты», «жүйке талшықтарым қысылған», «омыртқамның арасы мүжіліпті» деп шағым айтушылар жетерлік. Сондай оқырманымыздың бірі – С.Рысдәулетова редакцияға мынадай хат жолдапты.

Омыртқаға бей-жай қарауға болмайды«Омыртқа – адамның тірегі үшін қажеті мүше екендігін жаныма батқан дерттен кейін білдім. Осыдан төрт жыл бұрын күз айында бау-да пісіп тұрған жидекті аяғымның астына биік үстел қойып тердім. Үстелдің аяғы абайсызда қисайып, жерге құлап түстім. Алғашында белім ауырып қалған. Араға жыл салып арқамның ауырғаны бірте-бірте үдеп, жүре алмай қалдым. Дәрігер-невропатологқа қаралып, омыртқааралық дискінің жарылғанын білдім. Арнайы ем алып, екі жылдай күтіммен жүрдім. Ауылда тіршілік ететін болған соң кейде ауыр тірліктерді істеуге мәжбүр боламыз. Соңғы уақытта арқамда аздаған ауырсынулар бар, аяғымның ісіп жүргендігін байқап жүрмін. Енді, қандай маманға қаралу керек? Жалпы, омыртқа жарығында науқасқа қандай күтім керек екендігін білгім келеді», – дейді.

Оқырманның хатына орай омыртқааралық дискінің жарығы дертінің пайда болуы, емнің түрлері мен науқастың күтімі, ауруды алдын алу жайлы ең қажетті деген ақпараттармен Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жос-парлы-нейрохирургия бөлімінің нейрохирург-дәрігері Әшірхан Пәйізұлымен әңгімелестік.

Арқа ауырды деп жүре бермеңіз…

Омыртқа – адамның денесін тік ұстап тұратын тірек, ол ішкі ағзаларды сыртқы қауіптерден қорғап тұратын қалқан десе де болады. Дегенмен, омыртқаның атқаратын қызметі тек тірек-қимыл жүйесіне жауап беру емес, ол жұлынды сақтайды және әр мүшенің дұрыс жұмыс істеуіне де жауапты. Сондықтан «аурудың барлығы арқадан бастау алады» деп Гиппократ текке айтпаса керек. Бүгінде жұмыстардың дерлігі тек қолмен атқарылатындықтан адамдарда қимыл-қозғалыс аз. Кеңсе қызметкерлері, банкирлер, жүргізушілер бір орында отырып қызмет жасайды. Адам бір қалыпта ұзақ отырғандықтан омыртқа қисаяды, сосын ондағы бұлшықетке салмақ түседі де, омыртқааралық дискілердің жұмыс процесі бұзылады. Бұдан сұйық-тықтың мөлшері азаяды. Нәрінен, қоректік затынан айрылған дискі құрғап, біртіндеп мүжіледі. Нәтижесінде жарық пайда болады. Бұл қимыл-қозғалысы аз адамдарда пайда болатын омыртқадағы остеохондроз дерті. Омыртқа остеохондрозы мойын, бел-сегізкөз бөлігін зақымдайды. Арқа, мойын, қозғалыс кезіндегі қиындықтар – дерттің алғашқы белгілері. Омыртқааралық дискінің жарығы осы остеохондрозды дер кезінде емдемегеннен басталады.

Омыртқа жарығын қалай емдейді?

Омыртқааралық дискінің жарығына жоғарыдағы себептерден бөлек мына жағдайлар да әсер етеді. Мәселен, көлік жүргізу кезінде дірілдің өзі омыртқаға салмақ түсіреді. Темекі тарту, семіздік не болмаса адам тым арық болғанда да бірінші зардап шегетін – осы мүше. Омыртқа жарығы мойын, кеуде, бел бөлігінде кездеседі десек, әрқайсысында дерт белгісі әртүрлі. Айталық, омыртқа жотасының мойын бөлігіндегі жарықта – мойынның артқы тұсы қақсайды, бұлшықеттері сіреседі. Басты бұрғанда, иекті кеудеге жақындатқанда адам ауырсыну белгілерін сезінеді. Кеуде бөлігіндегі дискінің жарығында – кеуде мен бел ауырады. Жөтелгенде және түшкіргенде ауру күшейеді. Бел бөлігіндегі жарық ең көп кездесетін түрі. Белдегі ауырсыну жаурағанда және бірден оқыс қимылдағанда білінеді. Адам отырғанда, тұрғанда, еңкейгенде, бұрылғанда жаны жай таппай ауырсынады. Аурудың жалпы белгісі былай білінеді:

– Арқа ауырады;

– Аяқта және табанда ауырсыну басталады;

– Аяқ немесе табан ұйып қалады;

– Аяқ пен табанда әлсіздік байқалады;

– Зәр шықпайды немесе зәр тоқтамайды.

Омыртқааралық дискі жарығын емдеу үшін дәрігерлер науқастың жағдайына, дерт түріне қарай эндоскопиялық, микрохирургиялық, душкааралық ота жасайды. Мамандар ем-домнан және отадан кейін науқасқа кемінде екі ай өзіне күтіммен қарауға кеңес береді. Мәселен, ол кезде ауыр зат көтеруге болмайды. Ең пайдалы спорт түрі – жүзумен айналысса денедегі бүкіл бұлшықеттер жұмыс істейді де омыртқаға пайдасын береді. Сонымен қатар, емнен кейін табиғи лай мен су астында омыртқаны создыру әдісі де омыртқаның саулығы үшін керемет көмектеседі екен. Омыртқааралық дискінің жарығынан кейінгі ем немесе отадан соң – емдік-курорттарда сауықтыр шарасынан өткен жақсы.

Омыртқаға бей-жай қарауға болмайды

Аурудың алдын алғыңыз келсе…

«Бәле аяқ астынан келеді» десек күнделікті өмірде омыртқаны сақтап жүрген дұрыс. Бұл кеңес аурудың алдын алуға көмектеседі.

Ауыр зат көтергенде салмақ аяққа емес, бірінші омыртқаға түседі. Олай болса ауыр зат көтергенде ең алдымен тепе-теңдікті сақтаңыз. Одан кейін күшті аяққа, сосын арқаға салыңыз.

Артық салмақ омыртқааралық дискіге қысым түсіреді.

Бір орында қызмет ететіндер аурудың алдын алуда жаттығулар жасап тұрғаны жақсы. Мұны жұмыс арасында жасап тұруына да болады.

Темекі құрамындағы зиянды заттар омыртқа дискісінің ткандарына оттегінің жетуіне кедергі жасайды.

Әшірхан Пәйізұлы, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жоспарлы-нейрохиругия бөлімінің нейрохирург-дәрігері:

– Омыртқааралық дискінің жарығы ағзада бірден пайда болмайды. Алдымен науқаста остеохондроз дерті басталады, оның асқынуы протрузияға соқтырады. Протрузияны дер кезінде емдемесе немесе кесел асқынған жағдайда омыртқааралық дискінің жарығына айналады. Яғни, омыртқааралық дискіде жарық пайда болады да, өзегі жарылады. Жарылған өзек қайда барарын білмей сыртқа шығуға әрекет жасайды да, томпайып іседі. Соның салдарынан нерв талшықтары қысылады. Талшықтар қысылған соң ағзадағы өзге мүшелердің қызметіне кері әсерін тигізеді: науқастың зәрі тежеледі, арқасы ауырады, аяғы ісіп, баса алмай қалады. Сосын жүруі қиындайды. Мұндай кезде науқастар жан-жақтан ем іздейді, тәуіптерді, сынықшыларды жағалайды. Мануалды терапия өкілдерінен ем іздейді. Дерт асқынып соңғы сатысына келгенде ғана дәрігерге келеді. Егер науқас дер кезінде дәрігердің тексерілуінен өтіп, ем қабылдаса, отаның қажеттілігі болмайды. Осы себепті, омыртқа дертінде сынықшы, мануалды терапия секілді ем түрлерін қолдануға маман ретінде кеңес бере алмаймын.

Омыртқааралық дискідегі жарыққа ота жасау – науқас дерттен толық жазылып кетеді деген сөз емес. Ол процесті тоқтатады және аурудың ары қарай асқынуына жол бермейді. Яғни, ота арқылы қысылып тұрған жүйкені босатамыз. Осы орайда, омыртқаға зақым келудің белгілерін жоғарыда атап өттім. Соны байқағанда невропотолог-маманның кеңесін алып, остеохондроз болғанда омыртқа жарығына айналмауында өздері әрекет етуі тиіс. Өйткені, дертке жеңіл қараудың соңы дененің жансыздануына, салдыққа ұшыратуы мүмкін.

Ал, отадан кейін науқастар көп ретте өзіне күтіммен қарамайды. Ауыр жұмыс істейді де дертті одан сайын асқындырып алады.

Қай дәрігердің көмегі қажет?

Арқадағы ауырсынулар байқалғанда бірінші невропатолог-маманның тексерісінен өту керек. Невропотолог дертті анықтауда магнитті-резонансты томографиядан және компьютерлік томографиядан өткізеді. Егер омыртқа жарығының көлемі үлкен болса, науқасты нейрохирургке жібереді.

Шымкент қаласында омыртқа жарығын емдеу облыстық клиникалық ауруханасында, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында және жекеменшік медициналық орталықтарда жүргізіледі.

Айгүл Керімбекқызы

Редакция

6 комментариев

  1. 5 жасар қызым кешке қарай әр кезде арқам ауырды деп мазасызданады 4-5ай болды.Омыртқасын көрсетеді ол ауыруы неден?

  2. 5жасар қызым кешке қарай әр кезде аркам ауырды деп мазасызданады.Омыртқасын көрсетіп ол неден?

  3. Салеметсиздерме , менин даригерге сурагым бар еди. Мен еки Кун алдын аскабак салынган капшыкты оте ауыр екен апам екеуимиз котердик содан бери белимнен томен жагы арты катты мазамды алып жатыр, уже журуимнин ози болмай жатыр не болганын не истеймин айтынызшы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *