Оңтүстіктің ономастика мәселелеріне арналған конференция

onamastikaОномастика ғылымы мемлекеттік саясаттың бір бағытына айналды бүгінде. Кеңес кезеңінде комунист көкелердің аттары кез-келген көшеге берілген-тін. Осы қып-қызыл атаулардан арылу Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынып, бүгінгі күні бәрі болмаса да түгелге жуық дерлік қазақыланып қалдық. Қазақтың аса көрнекті тұлғаларының, әсіресе Алаш көсемдерінің есімдері ортамызға оралды… Ономастиканың қызметі тек қана көшеге атау берумен шектелмесе керек. Белгілі бір заңдылықтарға бағынатын саланың кем-кетігін түзеу әлі де болса күн тәртібінен түскен жоқ. Жуырда облыс орталығында «Оңтүстік өңірдегі ономастика мәселелері» атты аймақтық конференция өткен болатын.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Оңтүстік өңірдегі ономастика мәселелері» атты аймақтық конференцияда саладағы өзекті мәселелерді кеңінен талқылап, оның шешу жолдары мен әдістерін айқындау және жергілікті жерлердегі мамандарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында өткізілді. Аталған конференцияға облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшылығы және қызметкерлері, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары, Шымкент қаласы тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері қатысты. Конференцияның бағдарламасына сәйкес, оның жұмысы Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қ. Ағабеков салаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпар берді. Әрі қарай, ономастика саласының даму көкжиектері, саладағы өзекті мәселелер, ономастикалық қызметтің ғылыми негіздемесі, саланың заңнамалық және әдістемелік негізі жөнінде баяндамалар оқылды. Жиын барысында Шымкент қаласы тілдерді оқыту орталығының ұстазы Г. Рүстемова «Тіл әлемі» порталы мен «Атау.кз» «Емле.кз» «Терминком.кз» ақпараттық сайттарының таныстырылымын жасады. Әсіресе «Атау.кз» ономастикалық электрондық базаның көрсетер көмегі көп. Ал «Емле.кз» қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасында сөздердің дұрыс айтылуы мен дұрыс жазылуы туралы толыққанды мәлімет алуға болады. Аталған ақпараттық сайттарға мамандардың көп еңбек сіңіргені көрініп тұр.

 

Атауларға абай болған жөн

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 930 елдімекен бар болса, онда 11 мың 263 көше бар. Олардың атаулары түгелдей жаңа сипатқа енді деп айта алмаспыз. Дегенмен аймақтағы 185 ауылдық округтің 161-не тарихи жер-су атаулары қайтарылған. 24-не жеке адам есімдері берілген. Алқалы жиынға көршілес облыстардың ономастика мәселесіне жауапты мемлекеттік қызметкерлері мен елімізге танымал ғалымдар да қатысқан болатын. Конференцияның мақсаты да ауқымды өзекті мәселелерді талқылап, оның шешу жолдарын қарастыру-тын. Алғаш болып, сөз алған белгілі абайтанушы ғалым, Мекемтас Мырзахметов жер-су атауларының қойылу тарихын талдап айтып берді. Шымкент қаласы аумағының үлкейіп, Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан бірқатар елдімекендер қосылғаны белгілі. Ендігі мәселе осы елдімекендердегі көше атауларының қайталануы болып тұр. Ал, заң бойынша 1 ауданда бір атау 3 рет қайталанбауы керек. Сонымен қатар 1 елдімекенде есімдері бірдей 2 көшенің болмауы шарт. Шымкентте әзірге бұл жағдай шешімін таппай тұр. Алайда, тағы бір мәселе бар. Ол көшелерге ат қою мәселесін реттеу бойынша жарияланған шектеу. Өткен жылы ҚР Үкіметі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Кеңес Одағының батырлары мен бірнеше медальдармен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін тоқтамнан тыс бірқатар мекемелер мен әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне беру бойынша тапсырма берген болатын. Осыған орай, алты мектеп пен 24 көшеге Кеңес Одағының батырлары мен Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің есімі берілді.

%d2%9basym-a%d2%93abekov

Қасым Ағабеков, облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының
орынбасары:

– Былтыр Жеңістің 70 жылдығына байланысты көшелер мен елдімекендерге соғыс ардагерлерінің есімі берілген болса, биыл бұған да тыйым салынды. Биыл мерейтойлары аталып өтілейін деп отырған Ы. Алтынсарин, Ә. Бөкейханов, Қ. Мұхамеджанов, К. Кенжетаев, Х. Ерғалиев, Б. Бұлқышевтардың есімдері беріледі. Осыдан басқа есімдерді беруге мораторий жарияланып отыр.

 

Жиі қайталанатын көше атаулары қашан ауыстырылады

Шымкентте көше атаулары жиі қайталанады. Бұл өз кезегінде көптеген қиындықтар туғызады. Одан қала қонақтары да шатасады, жедел қызмет көрсететін мекемелер яғни, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем қызметіндегілерге де зияны тиеді. Аталған көшені таба алмай табанынан тозады. Облыс орталығында бір немесе екеу емес, бақандай 32 көшенің атауы қайталанады екен. Бір адамның атымен аталатын көше біреу, екеу ғана емес. Аталған олқылық алдағы екі жылда шешімін табуы мүмкін. Жауапты орган осылай деп отыр. Қазақтың шұрайлы тілі керемет атауларға бай. Бірақ қала орталығындағы ықшамаудандарға атау бергенде тиісті органдардың «сөз тапшылығына» ұшырайтынына қарның ашады. Мәселен, қалада «Қайтпас» атауын иеленген екі ықшамаудан бар. «Қайтпас 1», «Қайтпас 2». «Шапағат» та екеу. Самалдатып тұратын аудандар тіптен көп. Тіпті осы самал атауына неге сонша қызығушылық танытатынын қайдам, еліміздегі көптеген қалаларда осы самал атауын иеленген ықшамаудандар көп. (Әлде самалдан тапшылық көріп жүр ме?). Шымкентте дәп осындай төрт ықшамаудан бар. «Кіші самал», «Самал 1», 2, 3 деп кете береді. Сонда қазақ тілінде самалдан басқа әдемі атау құрып қалған ба? Сонау кеңес одағынан қалған мұрадай болып әліге дейін аты өзгермеген ықшамаудандар да бар. «Чапаевка», «Карл Маркс», «Ворошиловка» солардың бірі. Қалада 112 орамдағы көше атаулары да кеңестік дәуірден мұраға қалған. Негізгі көшенің атауы қазақшаланғанымен мұндай «бақыт» ішкі орамдардағы көшелерге бұйырмай тұр. Салават Юлаев, Мұса Жәлел, К. Постышев, М.Кошурников, П.Мересьев деп жалғасып кете береді. Бұл атаулардың қашан жаңаратыны белгісіз. Әрине атаулардың бәрі өзгертілмей тұр деп аттан сала берген тіптен ұят болар енді. Жаңадан бой көтерген ықшамаудандардағы «Күншуақ», «Алтын бесік», «Бәйшешек», «Сақ елі», «Арайлы таң», «Алтын дала» атты көше атауларын көргенде кәдімгідей қуанып қаласың. Өзіңнің қазақ елінде жүргеніңді сезініп…

 

Дұрыс аталмаған аялдама аты үшін айыппұл…

Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында аялдама атын дұрыс атамағандарға айыппұл салынбақ деп жарты әлемге жар салып сүйіншілеген болатынбыз. Бұл туралы «Көрнекті ақпарат және жарнама мәтіндерін заң талаптарына сәйкес реттеу мәселелері» атты облыстық семинарда айтылды. Аталған семинарда алдымен жарнама мәтіндерінің тақырыптық маңыздылығы мен сауаттылығы қатаң қадағалауға алынатындығы жөнінде болған еді. Бұл мәселе де бүгінде күйіп тұрған тақырыптардың бірі. Бүгінде көшеде болсын, дүкендерде болсын жарнамалардағы өрескел қателерден көз сүрінеді. Тіпті кейде қазақ тілінің заңдылығына тура емес жалпылама аудармаларды көргенде бас шайқамасқа амал кем. Жеке кәсіпкерлердің қарамағындағы ғимарат маңдайшаларындағы жазу қателігін жөндеуге нұсқау беруге тиісті мекеменің құзырына кірмейді. Бұл да бір шешімін таппаған мәселенің бірі. Сондай-ақ, қоғамдық көлікте өзге тілде сайрайтын кондукторлар турасында болған-тын. Оларға аялдамалардың атын қазақ тілінде хабарлау туралы ескертпе берілсе де қазақтың танымал адамдарының тегіне «а» жұрнағын қосып айтуға әбден үйреніп алған. «Ендігі заң жобасы аясында көше атауын дұрыс атамаған азаматқа айыппұл салынып, 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлейді. Ол дегеніңіз — 20-40 мың теңге. Бірақ бізді, әсіресе қынжылтып отырғаны — Ахмет Байтұрсынов, Дінмұхамед Қонаев және Тұрар Рысқұлов секілді белгілі тұлғалардың аты берілген көшелерді орысша айтуы. «Кунаева, Рыскулова» дегенді көп естиіміз. Ал өскелең ұрпақ жастар асыл азаматтарды әйел екен деп қалады, — деген еді тиісті сала мамандары.
Бірақ жартасқа салған жаңғырықтың сол күйі қалғанына куә болып жүрміз. Заңды сыйлап тілі «сындырған» кондукторларды көрмедік. Оларға барып қателігі үшін айыппұл салып жатқан жан және жоқ…

Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *