Оңтүстіктің намысын монғол палуаны қорғайды

Моңғолиялық палуан Отгонцэцэт Галбадрах Қазақстан азаматтығын алды. Енді ол әлемдік ареналарда Оңтүстіктің намысын қорғайтын болады.

 

Жиырма екі жастағы дзюдошы қыз 8 жылдан бері татами төрінде күресіп келеді. Осы жылдар аралығында жеткен жетістігі де аз емес. Мәселен, Мәскеуде өткен «Гранд Слэм» турнирінде күміс, Астанадағы «Гран Приде» алтын, Чехиядағы әлем кубогында күміс медальды иемденген. Сондай-ақ, Абу-Дабидегі «Гранд Слэмде» қола, Ұлан-Батордағы «Гран приде» бір қола мен бір күміске қол жеткізді. Айта кетейік, Отгонцэцэт 48 келі салмақта өнер көрсетеді.

Оңтүстіктің намысын монғол палуаны қорғайды

Ал Отгонцэцэтің құрамаласы Александра Подрядова бұл спортшы жайлы жақсы пікірін білдіріп отыр. Айтуынша оңтүстіктің өзге палуандары одан көп әдіс-тәсіл үйреніп, біраз нәтижелерге қол жеткізе алады. Сонымен қатар ол «Отгонцэцэтің келуімен бәсекелестік пайда болып, мен үшін де оның пайдасы орасан зор болуда. Бірқатар жарыстарға барып, жүлделі де болдым. Әр жаттығуда Отгонцэцэтпен бір жұп болып күресеміз. Татами төрінде қарсылас болсақ та, спорт залдан тыс кезде жақын құрбы бола алдық. Мінезі ашық қыз екен» – деп пікірін жеткізді.

Өз кезегінде облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та моңғол палуаны жайлы сөз қозғады. Спорт басшысы: «дзюдодан ерлер құрамасынан күтер үміт зор. Ал әйелдер командасы ақсап тұрғаны рас. Республикада бәсекелестік болмай тұр. Сол себепті де моңғолиялық палуанды шақырдық. Отгонцэцэт өз елінде екінші нөмірлі дзюдошы қыз. Жеткен жетістіктері де жақсы. Бастапқыда азаматтық алуда бірқатар қиындықтар болып, қажетті жарыстарға шыға алмады. Енді оны Астанада өтетін әлем чемпионатына қатыстыруға үмітіміз бар. Басты мақсат – Рио Олимпиадасына лицензия алу» – дейді.

Әділхан АБАЙҰЛЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *